Облыс әкімі Әбілқайыр Сқақов аталған мәселенің мән-жайымен танысу мақсатында шаһардағы №13 мектепке арнайы барып, ата-аналармен бетпе-бет жүздесті. Білім ордасының бастамашыл топ өкілдерінің айтуынша, бұл ғимаратта бұрын туберкулезбен ауырған балаларды сауықтыру санаториі болған. Ал 1997 жылы мектеп болып ашылған. Білім беру мекемесі 182 оқушыға арналған. Алайда бүгінде мұнда 600-ден астам шәкірт оқуда екен. Бала санының жыл сайын артуы ата-аналарды алаңдатуда.

- Мектепте балалардың сапалы әрі жайлы білім алуына кедергі келтіретін мәселелер аз емес. Айталық, асхана, акт зал және дене шынықтыру залы өте тары. Киіну бөлмелері, гардероб пен санитарлық жағдай бойынша да шағымдарымыз бар. Сондай-ақ, білім ордасының дәлізі де өте тары әрі жайсыз. Қалай десек те, бұл ғимарат бастапқыда балабақшаға арналып салынған. Мұндай орында 16-17 жастағы ересек балалардың отыруы ыңғайсыздық тудыратыны айтпаса да түсінікті. Сонымен қатар, аяқ астынан төтенше жағдай орын алса, оқушылардың өміріне қауіп төнуі ықтимал. Балаларымыз үшін алаңдап, осы мәселені бірнеше жыл бойы көтеріп келеміз. Былтыр «Затон» шағын ауданында жаңа мектептің құрылысы басталғанын және балаларымыз сол ғимаратта оқитынын естіп, қуанып қалған едік. Өкінішке қарай, кейін бұл шешімнің өзгертілгені құлағымызға жетті. Оқушылар үшін осы жағдайға жіті назар аударып, шешіп берулеріңізді сұраймыз, - деді ата-аналар атынан сөз алған Ольга Коршунова.

Кейбір ата-аналар аймақ басшысына №13 мектепте аралас бастауыш сыныптарын қалдырып, шағын ауданда салынып жатқан жаңа ғимаратты орта және жоғарғы сынып оқушыларына беру туралы ұсыныстарын жеткізді.

Негізі Затон базары аумағында салынып жатқан білім ордасы әу баста таза қазақ мектебі болады деп жоспарланғанын еске сала кетейік. 

Ата-аналардың өтініштерін тыңдаған облыс әкімі бұл мәселені шешу кезінде барлық тараптың пікірлері ескерілетінін тілге тиек етті.

- Павлодардағы мектептерде орын жетіспеушілігі мәселесі бар. Әрине, жаңа мектептер салу қажет. Ал кейбір білім беру мекемелеріне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп, балаларға ыңғайлы жағын қарастыру керек. Мұның бәрі бір күнде атқарылатын шаруа емес. Сондықтан мәселені әбден зерттеп, оңтайлы шешімін табуға тырысамыз, - деді Әбілқайыр Сқақов.

Ата-аналармен кездесуден кейін аймақ басшысы №13 мектептің ғимаратын аралап шықты. Сондай-ақ, ол осы білім ордасының мәселесіне байланысты тиісті сала өкілдеріне бірқатар тапсырмалар берді.

 

Нұржайна ШОДЫР

saryarka-samaly.kz