Кемеңгер ауылындағы орта мектепте 505 бала оқиды. Оның жартысына жуығы – бастауыш сынып оқушылары. Мектеп тарлық еткен соң шәкірттерге екі ауысымда білім алуға тура келеді. Кейде түстен кейінгі ауысым сабақтары кешкі сегіз-тоғызда аяқталып, айтарлықтай қолайсыздық тудыратыны бар. Сондықтан жергілікті билік бастауыш сыныпты басқа ғимаратқа көшіруді жөн деп шешті.

Кемеңгер ауылының әкімі Асылбек Уақпаевтың айтуынша, ауылдағы колледждің бұрынғы үш қабатты ғимараты қалпына келтіріліп, мұнда 250 шәкіртке арналған бастауыш мектеп есігін айқара ашады. Бұл мақсатқа облыстық бюджеттен 170 млн. теңге бөлінді. Қазіргі кезде мердігер компания – «Балқаш Жібек жолы» ЖШС жөндеуді бастап кетті. Серіктестік өкілі Азамат Дүйсенғожин белгіленген жұмыстар тамыз айының соңына дейін аяқталатынын айтты.

- Бүгінде пластикалық терезелер орнату, монтаждау, төбені жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Құрылыс алаңында барлығы отызға жуық адам еңбек етеді. Олардың жетеуі – жергілікті тұрғындар. Жұмысшылар санитарлық талаптарды қатаң сақтайды, - дейді А.Дүйсенғожин.

Сонымен қатар, осы жылы «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында Кемеңгер ауылындағы «Ertis» жоғары инновациялық аграрлық колледжінің жатақханасы, асханасы және зертханасы жөнделеді.

- Колледждегі зертхана ғимараты 1993-1994 жылдардан бері қаңырап бос тұр. «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы арқылы жөндеп, мұнда механикалық корпус ашу ойда бар. Бұл студенттердің ауыл шаруашылығы техникаларын басқаруды, жөндеуді үйренуіне оң әсер беретіні анық, - дейді А.Уақпаев.

Кемеңгер ауылындағы аудандық мәдениет үйінің аумағы да абат-тандырылмақ. Нысанға кіреберіс жолға асфальт, аулаға кеспетастар төселіп, гүлзарлар егіліп, орындықтар қойылады. Осылайша, аудандық мәдениет үйінің аумағы тұрғындардың демалыс орнына айналмақ.

- Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай Даңқ ескерткіші жаңарып, 110 майдангердің есімі жазылады. Бұл игі іс ардагерлер ұрпақтарының және жергілікті ардагерлер кеңесінің бастамасымен қолға алынып отыр. Ескерткіш орнатуға қажет қаржыны тұрғындардың өздері жинады, - дейді ауыл әкімі.

Одан бөлек, жақын күндері елді мекен ішіндегі бірқатар жол учаскесі жөнделіп, ойлы-шұңқырлы жерлер тегістелетін болады. Нәтижесінде Кемеңгер ауылының өмірі қазіргіден де жақсарып, тұрғындарға қолайлы бола түспек.

 

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА

saryarka-samaly.kz