Сапархан ОМАРОВ, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі (интернеттен алынды):

- Қазір жобалық кеңсе арқылы «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы алаңында сатып алудағы жергілікті қамтудың нақты пайызы талқылануда. Мектептер, балабақшалар, ауруханалар, әскер және басқа да мемлекеттік және квази- мемлекеттік ұйымдар отандық тамақ өнімдерін, тамақтандыру қызметтерін қазақстандық қамту шартымен сатып алуы тиіс. Сондай-ақ, отандық өндірушілерді қолдау және дұрыс тамақтану мен салауатты ұлт қалыптастыру мақсатында «Мектеп алмасы», «Мектеп сүті», «Мектеп балы» сияқты бағдарламаларды енгізуіміз керек. Республика бойынша 7 024 мектепте 3 миллионнан астам оқушы білім алуда. Біз білім ошақтарында аталған арнайы жобаларды іске қосуға тиіспіз. Бұл біріншіден, табиғи, таза өнім болса, екіншіден, отандық өндірушілерді қолдаудың тамаша жолы. Осының арқасында мектеп тамағын жеткізушілерге бағаны көтеруге жол берілмейтінін атап өтейін.


Самал АЙТҚАЗИНА, Павлодар қалалық білім беру бөлімінің басшысы:

- Біздің мектептердің асханалары отандық өндірушілердің өнімдерін пайдалануды әлдеқашан бастап кеткенін айта кеткен жөн. Негізі, асханадағы ас мәзіріне және ондағы өнімдерге мектеп әкімшілігі жауапты емес. Яғни, асхана жеке кәсіпкерлерге жалға беріледі. Мердігерлер өнім алатын кәсіпорын мен тұлғаны өзі таңдайды. Осы ретте Павлодар қаласындағы 4-5 білім ошағы жазғы демалыстарында мектеп ауласына картоп, сәбіз тәрізді өнімдерді егуден тәжірибесі бар. Биылғы оқу жылынан бастап 1-4-сынып оқушылары тегін тамақтанады. Ол үшін бюджеттен арнайы қаражат та бөлінеді. Егер алдағы уақытта елдегі барлық мектептер балаларды таза әрі табиғи өнімдерден жасалған тағамдармен қамтамасыз ететін болса, нұр үстіне нұр болмақ. Біз үшін ең бастысы - баланың сапалы білім алуымен қатар олардың денсаулығы. Ал ауыл шаруашылығы министрі ұсынып отырған жобалар көпті ойландыратыны анық.


Мойылжан ҚАНАЕВ, ауыл шаруашылығы саласының  ардагері:

- Мектеп оқушысын қажетті мөлшерде тамақтандыру ісі біздің елде осы уақытқа дейін толық шешілмей келеді. Сол себепті оқушыны табиғи, таза әрі сапалы азық-түлікпен қамтамасыз ету барлық мектепте оң шешімін таппай отыр. Ауыл шаруашылығы министрлігі ұсынып отырған жаңа жоба осы мәселелерді түпкілікті жояды деп сенемін. Қалай дегенмен, мектептегі тамақтану ісін ұйымдастыру оқушылардың денсаулығын сақтауға және нығайтуға бағытталған барлық стандарттың сақталуын қамтамасыз етуі керек. Ең бастысы, баланың ағзасын қажетті калория, дәруменмен қамтамасыз етуден бөлек, мектеп асханасындағы тағам экологиялық қауіпсіздік пен гигиена талаптарына сай болуы тиіс. Сонымен қатар, табиғи өнімдердің барлығы ауылдық жерлерде өндіріледі. Бірақ, оны сатып алушылар өте арзан бағада алып, нарыққа екі есе бағамен жіберетіні жасырын емес. Бұл жоба, отандық өндірушілердің кәсібін дұрыс жолға қоюына зор мүмкіндік сыйлайтыны анық.

 

«Алаңды» үйлестірген – Қарлығаш ХАШЫМҚЫЗЫ.

saryarka-samaly.kz