Бірден айтайық, шыбын-шіркейді толығымен жою мүмкін емес. Аймағымыздағы дезинсекциялау жұмыстарын жүргізуге жауапты мекемелердің бірі – «Orkin» компаниясының өңірлік директоры Азамат Сәбитовтің айтуынша, дәрілеу шараларының 80 пайызы оң нәтиже көрсеткеннің өзі - үлкен жетістік.

- Шіркей дернәсілінің дамуын 4 кезеңге бөлеміз. Алғашқы кезеңде дәрінің әсері болмайды, ал 4-ші кезеңде улау - кеш. Нағыз тиімді сәт – дернәсіл дамуының екінші кезеңі. Бұл уақытта дәрілеу шараларын жүйелі жүргізсек, шіркейдің көбеюіне тосқауыл қоямыз. Осы уақытқа дейін Павлодар қаласы аумағындағы және Ертіс өзені бойындағы 7000 гектар жер зерттелді. Нәтижесінде дернәсілдердің пайда болу ықтималдығы жоғары учаскелер анықталды. Бүгінде кестеге сай улау шараларын жүргізудеміз, - дейді Азамат Сәбитов.

Дәрі деп отырғанымыз - Ресейдің Бердск қаласынан жеткізілген 70 тонна «Бактицид» препараты. Ұнтақтың қоршаған ортаға ешқандай зияны жоқ екен. Оны сумен жақсылап аралас-тырса, 40 минут ішінде у дайын болады. Алайда, 72 сағаттың ішінде қолданылмаса, әсерін жоғалтатын көрінеді. Сондықтан да, препарат 15 сағат ішінде дернәсілдің ошақтарына құйылып жатыр.

Алдыгүні бір топ журналистер, қоғамдық кеңес мүшелері улау шараларының барысын бақылап қайтты. Бұл күні дернәсілдің ошағы ретінде тіркелген Ертіс өзенінің Ақсу қаласы, Бесқарағай және Қарақала елді мекендерінің аумақтарына 36,6 тонна сұйық дәрі құйылды. Кеше «Бактицид» өзеннің Мичурин, Жаңабет және Чернорецк ауылдарындағы бөлігіне төгілді.

Дезинсекциялық шараларға ғылыми тұрғыдан кеңес беретін «Флагман-ПВ» ЖШС-нің өкілі Тимур Омаровтың айтуынша, павлодарлықтардың мазасын алып жатқан шіркей бір апта бұрын Теплая өзенінен «қанат қағыпты». Аталған өзенге 4 тонна сұйық дәрі құйылған. Қазір тірі қалғандары ұшып жүр. Қаланы толығымен шіркейдің шабуылынан құтқару үшін Ертіс өзені алқабы мен орталық жағажайда ыстық тұман генераторы қолданылуда.

Масаға келетін болсақ, дернәсілдің тез дамуына ықпал ететін ауа райы жағдайы мен судың жоғары температурасын негізге ала отырып, 3 мамырдан бастап Ертіс өзенінің жайылымдарында әуе және жерүсті өңдеу шаралары жүргізіліп жатыр. Бұл ретте, АН-2 ұшағы көмекке келуде.

Қазақстан су пайдаланушылар қауымдастығының мүшесі Төлеген Күлжанов дәрілеу жұмыстарының барысына көңілі толатынын айтады.

- Былтырғы жылмен салыс-тырғанда биыл дезинсекциялық шаралардың ауқымы кең. Бастысы, дәрілеу жұмыстарын ғылыми негізге сүйеніп жүргізу керек. Яғни, уақытында атқа-рылған улау жұмыстары өз нәтижесін беретініне сенімдімін. Шыбын-шіркейді толығымен жоюға әсте болмас. Жәндіктер инеліктің негізгі азығы екенін ескерсек, табиғат теңсіздігі сақталуы тиіс, - дейді Төлеген Күлжанов.

Дезинсекциялық шараларға тапсырыс беруші - облыстық энергетика және тұрғын үй-ком-муналдық шаруашылығы басқар-масының өкілдері де әзірге тиісті жұмыстар талапқа сай атқарылып жатқанын айтады.

 

Оралхан ҚОЖАНОВ

saryarka-samaly.kz