Қоңыр әулие үңгірінің басында бізді осы жердің шырақшысы, Баянауыл ұлттық паркінің инспекторы, экскурсия бойынша нұсқаушысы Алтынбек Құрманов қарсы алды. Қасиетті мекеннің айналасындағы абаттандыру жұмыстарынан бұрын, әлбетте, ағамыздан Қоңыр әулие үңгірінің кешегісіне үңілуін өтіндік.

- Қасиетті Қоңыр әулие - өте көне дәуірден адамзат баласының дініне, ұлтына қарамастан Жаратқаннан тілек тілейтін орны. Үңгірде көне орта ғасыр кезінде түрік қағандары болған. Тіпті, Абылай хан осында әскери кеңес өткізген екен. Тамаша табиғи құрылым үш бөліктен тұрады. Біріншісі адамдар кіріп, дұға тілейтін күмбезді мешіт, шіркеу іспеттес. Хан да, қара да Жаратқанның алдында бірдей екенін меңзейтін басын игіздіріп енгізетін екіншісі – қоналқы бөлігі. Үңгірдің түкпірінде қазандық бөлігі орналасқан. Мұндағы су киелі саналады. 2000-шы жылдары Новосібірден келген ғалымдар судың құрамын зерттеп, мұнда 9 пайыздан жоғары күміс барын анықтады. Медицинада күмістің адам денсаулығына аса пайдалы екенін білесіздер, - дейді Алтынбек Жұматұлы.

Айтуынша, мұнда көбінде мұқтаж жандар келеді. Бірі Алладан перзент тілеп, бірі денсаулығына шипа іздеп барады. Шырақшы қазандықтағы суды сәуір айынан бастап, қазанға дейін ешкімге ішкізбейтінін айтты. Тек қолын салып, бетін шаюға рұқсат етіледі. Су өзін-өзі тазартып тұратын көрінеді. Ал қазан айында адам аяғы сиреген соң қазандыққа су толып, оны бірен-саран келушіге ыдыспен алып, ішуге рұқсат етіледі, - дейді Алтынбек аға.

Үңгірге қыста қар, жазда жауын-шашын суы кірмейді. Ішкі температура да аязды күндері жылы күйінде тұрады. Қыста қазандықтағы су да жып-жылы болады. А.Құрмановтың айтуынша, адам таза оймен келсе, қазандық суға толып кетеді екен. Мұның сырын ғалымдардың өзі түсіндіре алмайтын көрінеді.

Теңіз дейіңгейінен 920 метрлік биіктікте орналасқан Қоңыр әулие үңгіріне баспалдақпен көтерілесіз. Бүгінге дейін ескі ағаштан жасалған сатымен тау басына жету оңай емес еді. Тіпті, ескіргені соншалық, қауіпті саналды. Енді бұл қиындық артта қалды. Еліміздің сакралдық орындарының республикалық тізіміне енген бұл киелі мекенге қаржы бөлініп, қыс бойы 920 метрлік қашықтыққа шарбақтары темірден жасалған баспалдақ салыныпты. Жарты жолды жүріп, тынығып алуды қаласаңыз, аялдайтын орындар да қарастырылған.

Одан бөлек, тау етегінде үңірге бастайтын аумақ та абаттандырылған. 800 шаршы метрге кеспе тас төселіп, келушілердің аялдауына орындықтар қарастырылыпты. Металды қоршау жасалған. Бүркіт пен арқардың, қыз мүсіншелері орнатылыпты. 

Алтынбек ағаның айтуынша, жалпы, әлемде Қоңыр әулие деген атпен 8 орын бар. Оның бесеуі – Қазақстанда. Бірақ, сол бестің тек екеуі ғана елге етене таныс. Бірі – Баянауылда, екіншісі – Шығыс Қазақстан облысы аумағында. Баянауылдық Қоңыр әулие үңгірінің тарихына байланысты түрлі аңыз бар көрінеді.

Жоғарыда айтып өтке-німіздей, биылдан бастап Қоңыр әулие үңгіріне жету жеңілдейді. Тау басына апаратын баспалдақтан бөлек, тау етегіне дейін жеткізетін жол да жөнделуде. Яғни, Жасыбай көлінен бұрылып, Қоңыр әулиеге жеткізетін 9 шақырым жер жол жаңбырлы күндері езіліп, елдің діттеген жеріне жетуін қиындататын. Аталмыш аумақ Құндыкөл ауылдық округіне қарасты. Округ әкімі Самат Ибраев осы аралыққа жол салынса, қасиетті мекенге келушілер қатары көбейетініне сенімді. Оған қоса, бұл жол өрт қауіпсіздігі тұрғысынан да ауылдықтарға аса қажет, дейді әкім.

Жол жөндеумен айналысып жатқан мердігер ұйымның өкілі Ринат Шоқпаров сәуір айында басталған жұмыс шілдеде аяқталатынын айтты. Бүгінде 3,6 шақырымына қиыршықтас төселіп, тығыздау жұмыстары жүргізілуде. «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы аясында бұл жобаға 121 млн. теңге бөлініпті. Ауылдың 5 адамы еңбекпен қамтылған. Құры-лысшылардың айтуынша, жер бедерінің тастақты болуы біраз қиындық туғызуда. Дегенмен, С-4 класты жол толық төселмек. Бұл дегеніңіз, асфальтқа дейінгі қабаттармен қамтылған жол болады.

Қоңыр әулиеден ары 15 ша-қырым жерде көрінісі көркем Біржанкөл бар. Көпшіліктің бұл көлге де жиі жолдары түсе бермейді. Ол да жайлы жолдың жоқтығынан. Ауылдықтар биыл басталған жол алдағы уақытта Біржанкөлге дейін жалғасса деген ниетте.

 

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ

saryarka-samaly.kz