Кеншілер шаһарындағы қолға алынған жұмыс барысымен облыс әкімі Әбілқайыр Сқақов танысты. Екібастұз қаласындағы Мәшһүр Жүсіп көшесіндегі 151, 153, 151А, 155, 157, 159-шы тұрғын үйлердің ауласы жаңа кейіпке енуде. Құрылыс жұмыстарымен Екібастұз қаласының әкімі Ержан Иманзайыпов таныс-тырды. Оның айтуынша, «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы шеңберінде аулаішілік жолдарға асфальт төселіп, абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Балалар ойын алаңы да жаңартылмақ. Аталмыш мекенжайларда тұратын жұртшылық жөндеу жұмыстары 1986 жылдан бері жүргізілмегенін айтады. Құрылыс ағымдағы жылдың мамыр айында басталып, қыр-күйек айында аяқталады деп жоспарлануда. Мәшһүр Жүсіп көшесі, 157-үйдің тұрғыны Татьяна Пилипцова игі іс үшін аймақ басшысына ризашылығын білдірді.

- Құрылыспен айналысып жатқан жұмысшылар үзіліссіз таңға дейін еңбек етуде. Мекенжайдағы 6 тұрғын үйде 1248 адам тұрады. Оның ішінде 293  бала бар. Құрылыс жобасымен танысқан кезде балалар үшін заманауи әткеншек, сырғанақ, жаттығу орындары тұрғызылатынын көріп, қуанып отырмыз, - дейді тұрғын.

Көпшіліктің пікірін тыңдаған өңір басшысы ауладағы жаңа алаң-дардың бұзылмай, ұзақ сақталуына тұрғындар жауапты екенін жеткізді. 2020 жылы облыста 200-ден астам аула абаттандырылмақ. Әлеуметтік инфрақұрылымдық жобаларға «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы аясында 43 млрд.теңге қаржы бөлінген. Бұдан бөлек, кеншілер шаһарында 2 шақы-рым жол жөнделіп, веложол салынуда. Жөндеу жүргізілетін жолдың ұзындығы 5,6 шақырымды құрайды. Биыл Қонаев көшесінен бастап Торайғыров көшесіне дейінгі 2 шақырым жол жөнделген. Абай көшесі мен Қонаев көшесінің жолы 9 метрден 14 метрге дейін кеңейтіледі. Бұдан бөлек, жол бөлігінде тротуар пайда болып, веложол салынбақ. Аймақ басшысы мердігер ұйымға құрылыс жұмыстарын сапалы орындауды тапсырды.

Ағымдағы жылы 1007 адам баспаналы болмақ. Кеншілер шаһарындағы 22 шағын ауданда тоғыз қабатты 5 тұрғын үй бой көтеруде. Оның екеуі «Нұрлы жер» бағдарламасы, үшеуі «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламалары арқылы салынуда. 2019 жылдың қыркүйек айында бастау алған құрылыс жұмыстары биыл қараша айында аяқталады деп күтілуде.  Құрылыс материалдарының 90 пайызы - отандық өнім.

- Тұрғын үйдің сырты әдемі десе де, іштегі жұмысқа баса мән берген жөн. Күзде халық баспаналы болған кезде ешбір мәселе туындамауы тиіс. Сондықтан құрылысты сапалы әрі уақытылы жүргізуді тапсырамын, - деді аймақ басшысы.

Бұдан бөлек, кеншілер шаһарында 9-шы шағын ауданда тағы 6 тоғыз қабатты тұрғын үй бой көтеруде. Сонымен қатар, Солнечный кентінде 2 тұрғын үй қайта қалпына келтірілуде. Қала әкімі Ержан Иманзайыповтың айтуынша, Солнечный кентін қоса алғанда Екібастұзда жалпы аумағы 54 мың шаршы метр болатын тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. 2005-2015 жылдардың ішінде кеншілер шаһарында жалпы аумағы 66 мың шаршы метр тұрғын үй салынған. Сондықтан биыл рекордтық көрсеткіш орнағанын атап өтті.

Аймақ басшысы жұмыс сапары барысында «Өнер» қалалық мәдениет орталығындағы жөндеу жұмыстарымен танысты. Мердігер ұйым  «Инженер желілері» ЖШС-нің директоры Наталья Макарованың айтуынша, орталықтың  шатыры мен қасбеті күрделі жөндеуден өткізілуде. Жоба бойынша төбе жабындысын толығымен ауыстыру жоспарланған. Құрылыс алаңында 33 адам еңбек етуде. Биыл 1 мамырда басталған жөндеу жұмыстары  алдағы екі айдың ішінде толығымен аяқталмақ. Сонымен қатар, Әбілқайыр Сқақов Естай атындағы балалар музыка мектебінің тыныс-тіршілігімен танысты. Өнер ордасында жаңадан ашылған кабинеттерді аралап, дарынды балалардың өнерін тамашалады.

Облыс әкімі «Өркен» шағын индустриялық аймаққа барды. Ағымдағы жылдың ақпан айында қалыпқа келтіріліп, ашылған шағын ғимарат жергілікті кәсіпкерлерге қолдау көрсетіп отыр. Аталмыш нысанда өз-өзін жұмыспен қамтыған 18 кәсіпкер кәсібін дөңгелетуде. Көпшілігі бұған дейін жалдамалы орынның жоқтығына байланысты үйінде жұмыс істеген. Оларға аталмыш мекеме тегін берілгенін атап өткен жөн. Бар болғаны коммуналдық шығындарға ғана қаржы төлейді. Кәсіпкерлердің көпшілігі «Еңбек» бағдарламасына қатысып, қайтарымсыз грантқа ие болған. 

Тұрғындарға өз өнімін ұсынып отырғандардың қатарында Адретхан Жахай да бар. Ол «Нұрлы Ертіс» бағдарламасы бойынша Нұр-Сұлтан қаласынан көшіп келген. Көпбалалы әке тұрмысқа қажетті жиһаздарды жасайды. Ай сайын тапсырыс бойынша 300-400 мың теңге табыс табатынын айтады. Бұдан бөлек, мекемеде тігін ісімен айналы-сатын кәсіпкерлер де бар. Олардың ішінде құрақ көрпе, қазақы оюмен безендірілген перде, қыз жасауына қажетті бұйымдар мен қалыңдық көйлектерін тігетін ісмерлер де бар. Ал кәсіпкер Базаргүл Адаева кір сабын өндіреді. Тәулігіне 3 мың сабын шығарады екен. 200 грамнан тұратын ұнтақтың бір данасы 60 теңгеден сатылуда.

Аймақ басшысы кәсіпкерлерге барлық жағдайды жасауды сұрады. Әсіресе, олардың өнімдеріне деген сұранысты арттыруда қолдау көрсе-туді жүктеді.

Өңір басшысы «Шығыс» разре-зіне де барды. Жақында ғана мұнда тау-кен өнімінің миллиардыншы текше метрі өндірілген. Бүгінде кәсіпорын №2 циклдық-ағындық кешенінің жобасын жүзеге асыруда. Жоба 2022 жылы аяқталады деп күтілуде. Ол кәсіпорынның өндірістік қуатын 30 пайызға арттырады.

 

Айдана ҚУАНЫШЕВА

saryarka-samaly.kz