Алып зауыт

Өйткені, Павлодар облысының жері кенге бай. Сол кен қаншама жыл шикізат күйінде шетел асып, өзімізге өнімі еселеген бағамен қайтып келіп жатты. Ұтылдық оңбай. Сол олқылықтың орнын толтыруды Елбасы Н.Назарбаев еліміз Тәуелсіздік алған жылдан бастап арман етті, соған қарай әрекет етті. Соның бір жемісі – Қазақстан электролиз зауыты. Құрылысына 1 млрд. АҚШ долларына жуық инвестиция құйылды. Екі жылға жуық уақытта үлкен кәсіпорын ашылып, алғашқы өнімін шығара бастады. Тіпті, ТМД елдерінде теңдесі жоқ зауыт деп танылды. Елімізде соңғы 20 жылда дәл осындай ауқымды зауыттың салынбағаны істің қаншалықты маңызды болғанын аңғартса керек. Осылайша, Қазақстан алюминийі әлемдік нарыққа жол тартты.

Аймағымыздағы тағы бір алып кәсіпорын «Қазақстан алюминийі» зауыты 1964 жылдан бері жұмыс істейді. Ол глиноземді көрші елге экспорттап отырды. Яғни, шикізат күйінде. Ресейлік зауыттар павлодарлық шикізаттан өндірген өнімін әлемдік нарыққа шығарып, пайданы да молынан көрді. Бұл үрдіс 2007 жылы үзілді.

Дәл осы жылы алғаш рет «қанатты металл» өндірілді. Зауыттың бірінші кезегі іске қосылып, жыл сайын 125 мың тонна дайын өнім алатын қуаттылыққа ие болды. Араға аз уақыт салып, екінші кезегі де іске қосылды. Оның қуаты 250 мың тоннаға жетті. Түсінікті болсын, ERG тобына кіретін Қазақстан электролиз зауытында әрқайсысының салмағы 20 келі болатын алюминий құймалары шығарылады. Дайын металл қатпарланып жиналатын цехқа бас сұқсаңыз, қалыптан жаңа шыққан күйі әлі де жып-жылы қалпындағы өнімге - еселі еңбектің нәтижесіне куә боласыз. «Қазақстан жасалған» деген қуаныш кеудені кернейді.

Әлемдік аренада бағалы

Міне, осы павлодарлық өнім анау-мынау емес, Лондон биржасында бағалы. Аз уақыт ішінде, нақтысы, 2009 жылы Қазақстан электролиз зауытында өндірілген алюминий халықаралық зертханада оң бағасын алып, Лондон металл биржасында тіркелді. Павлодарлық алюминийді осылай әлем таныды.

Бұл зауыттың Қазақстанда жоғары маркалы бастапқы алюми-ний шығаратын алғашқы әрі жалғыз өндіруші екенінің өзі жобаның еліміз үшін қаншалықты орны бөлек екенін көрсетсе керек. Әлемдегі осындай өнім шығаратын 200 кәсіпорын ішінен алғашқы ондыққа енуі де бекер емес, әлбетте. Мұндай орыннан көрінуге, әрине, зауытта қолданылған технология мен жабдықтың озықтығы оң әсерін беріп отыр. Заманауи кәсіпорын құрылысында да, технологиялық циклында да әлемнің ең-ең деген тәжірибесі ескерілді.

Өзгеге тәуелділіктен арылу үшін аталмыш зауыт тағы бір қадам жасағаны естеріңізде болар. Мұнда алюминий құймаларын шығару үшін күйдірілген анод қолданылады. Дәл осы өнім шеттен, нақтысы Қытайдан импортталып келді. Зауыт аталмыш анодты да өзі өндіруді қолға алды. Өндіріс 2013 жылы іске қосылып, алюминий шығару ісі толық отандық шикізатпен, отандық құраммен қамтылды. Сәйкесінше, «қанатты металдың» өзіндік құнын арзандатуға жол ашты.

Қазіргі таңда ҚЭЗ-де жылына 250 мың тонна өнім шығарылса, соның 90 пайызы экспортталады. Бұл дегеніңіз аталмыш зауыт еліміздің, аймағымыздың экспорттық әлеуетіне де елеулі үлес қосып отыр. Облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасының мәліметі бойынша, былтыр аймағымыздың жалпы экспортының 22 пайызы дәл осы алюминийдің еншісінде екен.

Жеке кластерге жетеледі

Алюминий өндірісі ептеп жеке кластердің қалыптасуына жетеледі. Ауыз толтыра айтатын алюминий кластерінің іргесі қаланды. Мәселен, «Павлодар» арнайы экономикалық аймағында екі бірдей кәсіпорын алюминий қоспалары мен алюми-ний дискілерін шығара бастады. Қос жобаға 9 млрд. теңгеге жуық инвестиция құйылып, 200 жаңа жұмыс орны ашылды. Бюджетке 671 млн. теңге көлемінде салық аударылды. «Giessenhaus» ЖШС бірнеше жылда 8 мың тонна құймалы алюминий шығарса, «Вектор Павлодар» кәсіпорны 4,4 млрд. теңгенің 520 мың дискісін өндіріп, экспорттаған. Ал көп ұзамай бұл дискілерді бояу ісі де өзімізде жүзеге асырылмақ. Әйтпесе, тағы да Ресейге жіберіп, боятып, жеткізу қосымша шығын екені анық. Оған қоса, аймағымызда алюминий профильдерін, фольга мен радиаторлар, банкалар өндірісі сияқты өнімдер шығару арқылы алюминийді одан әрі тереңірек өңдеуге көңіл бөлінбек.

Міне, мұндай өндірістер өрістей түссе, «Қазақстан электролиз зауытының» тауарына сұраныс артары анық. Жоғарыда айтқанымыздай, электролиз зауытының 90 пайызы экспортталса, қалған 10 пайызы ішкі нарық қажеттілігіне жаратылуда. Нақтысы, алюминий кластерінің аймағымызда кейінгі пайда болған кәсіпорындарының негізгі шикізаты - ҚЭЗ-дің бастапқы алюминийі. Сондықтан, алып зауыттың өндірістік қуаттылығын әлі де кеңейту мәселесі қарастырылуда.

Тазартуы талапқа сай

Кез келген кәсіпорынның іргетасы қаланбас бұрын көпшілік оның қоршаған ортаға әсеріне алаңдайды. Ол – заңды. Экономикалық тиімділігімен қатар кез келген жобаның айналаға әкелер залалы салмақталуы тиіс. Облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Мейір Алпысовтың айтуынша, бұл жағынан ҚЭЗ-дің ісі тиянақты. Кәсіпорын жыл сайын қоршаған ортаны қорғауға қыруар қаржы бөледі. Одан бөлек, жабдықтар параметрлерін қалыпта сақтау үшін сүзгілерін жылына бір рет алмастырып тұратын көрінеді. Сондай-ақ, мамандар заманауи кәсіпорында норвегиялық Alston компаниясының ең соңғы үлгідегі жабдықтары орнатылғандықтан, қоршаған ортаға тигізетін зияны жоқ деп санайды. Айтуларынша, бұл жабдықтарда ауаға тарайтын қалдықтарды тазарту дәрежесі 99,9 пайызды құрайды, демек, экологиялық талаптарға сай келеді.

Әлеуметке әсері

Экономикалық әрбір ірі жобаның әлеуметтік игілігі болатыны сөзсіз. Сонымен, Қазақстан электролиз зауыты қазіргі таңда 2483 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Бұл бір деңіз. Қазынаға түсетін салығы да аз емес. Екі деңіз. Аталмыш кәсіпорын құрамына кіретін ERG тобы жыл сайын аймағымыздың дамуына қаражат бөлуде аянбайды. Биылдың өзінде әлеуметтік маңызы бар жобаларды жүзеге асыруға 2,9 млрд. теңге бөлді. Соңғы сегіз жылда ERG-дің 20 млрд. теңгесі өңірдің өркендеуіне жұмсалыпты. Жалпы, аймағымыздағы талай әлеуметтік нысанның құрылысы мен көркеюінде аталмыш кәсіпорындар тобының қолтаңбасы жатыр. Демек, артылған үміт ақталуда. Кезінде салынған инвестицияның қайтарымын ел-жұрт көріп отыр.


Түйін: Елімізде ашылып, кейін ісі тоқырап қалған кәсіпорындар жоқ емес, өкінішке қарай. Ал аймағымызда 15 жыл бұрын қазығы қағылып, ашылғанына бір мүшел толған Қазақстан электролиз зауыты, керісінше, жыл өткен сайын өрісін кеңейтумен келеді. Демек, төккен тер, құйылған инвес-тиция, өңірдің, елдің дамуына серпін әкеледі деген сенім ақталды. Керегі де осы емес пе?!

 

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ

saryarka-samaly.kz