- Мойылжан Сүлейменұлы, жыл басында облыс әкімінің тұрғындар алдындағы есеп беру кездесуінде бірқатар мәселе көтерген едіңіз. Оның ішінде Президент айтқан жеке қосалқы шаруашылықтардың проблемасы да бар...

- Бүгінде еліміздегі төрт түліктің басым бөлігі жеке аулада ұсталады. Сәйкесінше, мал өнімдерінің 70 пайызы сонда өндіріледі. Алайда, Тәуелсіздік алған жылдан бері қарай ауылдағы ағайынның жағдайына ешкім мән берген жоқ. Салдарынан азаматтардың маңдай терімен келген ет және сүт өнімдері арзан бағамен сатып алынуда. Пайданы ортадағы алыпсатарлар көріп отыр. Егер ет пен сүтті қымбат бағамен алатын болсақ, барлығы жаппай ауылға қарай ағылатын еді. Қазір ше? Ауыл тұрғындарының 30 пайызы мал ұстамайды. Жұмыссыздық жайлап, жастар ауылдан безіп, әр төбенің басын бір шалып жүр. Облыс бойынша соңғы 10 жылда ауылдан 30 мың адам көшіп кеткен. Бұл – екі ауданның халқы. Бүгінде ауылда аймақ тұрғындарының 29 пайызы ғана қоныс тепкен. Оның 9 пайызы ауыл шаруашылығы саласында (4 пайызы – ірі шаруашылықтарда, 5 пайызы – өзін-өзі жұмыспен қамтығандар) еңбектенуде.

Ел экономикасы дамуының негізгі тетіктерінің бірі – ауыл шаруашылығы саласы. Ел аузында « - Құт, сен қайдасың? – Жайлаудамын» деген сөз бар. Сондықтан да, ауылдағы ағайынның тұрақтап қалуына, шаруашылықты дамытуына бар жағдай жасалу керек.

- Соңғы жылдары айма-ғымызда тауарлы сүт ферма-ларының құрылысы қарқынды жүргізілуде. Ендігі жерде сүт қабылдайтын зауыттар жеке ауладағы ағайыннан ат-тонын ала қашпай ма?

- Сүт қабылдайтын зауыттар ірі шаруашылықтардан сүттің әр литрін 100 теңгеден асырып қабылдаса, делдалдар жеке ауладан 75 теңгеден сатып алады. Менің ұсынысым мынадай: Ауылдағы ағайынды қолдау үшін сүтті сиырлар бар әр ауылда сүт қабылдайтын бекеттер ашу керек. Онда сүтті тазалау, салқындату, сақтау шаралары сақталса, өнімнің сапасы артып, жоғары бағаға сатылатын еді.  Бұл ретте, ауыл әкімдері тұрғындардан сүт жинау ісін ұйымдастырғаны абзал. Антимонополиялық комитет өкілдері жеке ауладан сүтті арзан бағамен сатып алатын сүт зауыттарының жұмысын қадағалауы керек. Әйтпесе, арзанға бағаланған сүттің бағасы кейін екі-үш есе өсіп, зауыт өкілдері тұрғындарға өз бидайын өзіне қуырып беріп отыр.

- Мемлекет басшысының «Егістіктен сөреге дейін» пилоттық жобасы туралы не айтасыз?

- Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, ендігі жерде шағын шаруашылықтардың өнімдеріне басымдық берілуі тиіс. Сөйтіп, жеке қосалқы шаруашылықтардың тауарлары ресми түрде сатылып, олардан салық та түсіп тұрмақ.

Жақында үй маңындағы дүкеннің жанында бір кемпір жұмыртқа сатып тұр екен. Мені бағасы қызықтырды. 10 данасы 300 теңгеден сатылуда. Сұрастырсам, Ертіс ауданынан әкелінетін көрінеді. Ал, құс фабрикаларының жұмыртқасы одан қымбатырақ. Сапасы да көңіл көншітпейді. Тіпті, ішіндегі сарысы жоқ десе де болады. Яғни, ауылдан әкелінетін табиғи өнімнен сапасы төмен. Бірақ, бағасы қымбат. Осы орайда, облыс орталығындағы әр шағын ауданда жеке ауладағы азаматтардың өнімін саудалайтын дүңгіршек ашу керек деп есептеймін.

- Етті мал шаруашылығын дамытудың 2018-2027 жылдарға арналған бағдарламасына сәйкес, 10 жылда еліміздегі ірі қара санын 7 миллионнан 15 миллионға, қойды 18 миллионнан 30 миллионға жеткізу жоспарланған. Алайда, былтыр экспортталған малдың саны импорттық аналық сиырдан 3 есе көп екені анықталып, биылдан бастап тірі мал экспортына тыйым салынғаны белгілі. Бұл жөнінде не дейсіз?

- Ауыл шаруашылығын ұжымдастыруға дейін елімізде мал санағы жүргізіліп, 40 миллион шартты сиыр тіркелген. Шартты деп отырғанымыз, ол кезде малдың барлығы сиырға теңестіріліп есептелетін. Атап айтсақ, түйе – 1,5 сиырға, жылқы – 1,2 сиырға, 5 қой 1 сиырға тең болатын. Қазіргі кездегі ел тұрғындарының санына бөлсек, әр адамға 2,5 сиырдан келеді. Ол уақытта техника, субсидия болған жоқ. Мал ұстаған ағайын қазіргідей мемлекеттің қолдауын сезінген емес. Елімізде табиғи-климаттық өзгерістер жиі орын алып, мал өлімі көптеп тіркелді. Алайда, ата-бабаларымыз қиындықтарға қарамастан мал санын тұрақты сақтап қалды. Қазір заманауи технологияларды қолдансақ та, мал басы санын көбейте алмай жүрміз. Сырттан асыл тұқымды мал әкелсек те, еш нәтиже жоқ. Мұның бірден-бір себебі – малдың жем азығы қымбат. Түптеп келгенде, жеке аулада мал ұстайтын азаматтар 10 шақты сиырмен шектелуге мәжбүр. Бұл ретте, бір топ ауыл шаруашылығы ардагерлері арнайы облыстық бағдарлама әзірленіп, шөптің бағасын қолжетімді ету керек деген ұсынысты алға тартып отырмыз.

- ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі өсімдік шаруашы-лығымен айналысып жүрген азаматтарға мал шаруашылығын да қатар алып жүру идеясын ұсынуда. Павлодарлық шаруалар «екі майданда» да белсенділік таныта ала ма?

- Жалпы, мал шаруашылығы өсімдік шаруашылығынан қарағанда өнімді 2-3 есе артық береді. Өсімдік өсіретіндер жылдың жарты бөлігінде ғана еңбек етсе, мал ұстаған ағайын жыл бойы нәпақа табады. Біздің аймаққа қуаңшылық климат тән болғандықтан, өсімдік шаруашылығымен әуестенбеген жөн. Себебі, өнімділік аз. Шығындары да шаш-етектен. Қыстан кейін жер тақырға айналып, ылғал көкке ұшып жатады. Ал, мал шаруашылығымен айналысатындар көп жылғы өсімдіктерді егіп, жыл сайын тұрақты түрде мал азығымен өзін қамтып отыр. Бұдан 25 жыл бұрын еркекшөпті (житняк) еккендер әлі күнге дейін соны кәдеге жаратуда. Өсімдік шаруашылығымен астықты аудан-дардағы шаруалар ғана айналысатынын ескерсек, көбіне мал шаруашылығына басымдық берген жөн.

- Бүгінде елімізде жерді түгендеу, сапасын жақсарту жұмыстары мықтап қолға алынуда. Бұл ретте, аймағымыздағы жердің құнарлығы жайлы не айтасыз?

- Жердің сапасын анықтау көрсеткішіне сүйенсек, Ертіс ауданындағы көрсеткіш 39-ды құрайды. Май ауданы құмды өңір саналатындықтан, көрсеткіш небары 12-ге тең. Сондықтан да, жердің құнарлығын есепке алып, шаруашылықты дамытуды қолға алған абзал.

Аймағымызда құрғақ далалық аймақ климаты қалыптасқандықтан, сапалы ауыл шаруашылығы тауарларын өндіруге мүмкіндік бар. Ылғалды аймақтарда малдың еті мен сүті, тіпті, астықтың балауызы да сулы келеді. Біздің өңірде төрт түлік еркін жайылатындықтан, шығыны аз. Сәйкесінше, мал өнімінің өзіндік құны да арзан болады. Ал, нарықта кімнің тауары сапалы әрі арзан, сол бәсекеге қабілетті болып саналатынын естен шығармаған жөн. Бізге ет пен сүтті көп мөлшерде шығаруға болады. Шындап келгенде, Канада сияқты нарықтан өзіндік орнымызды айқындауға қауқарлымыз. Жерді тиімді пайдалана алсақ, мұнайға деген тәуелділіктен де арыла аламыз.

- Әңгімеңізге рақмет!

 

Сұхбаттасқан – Оралхан ҚОЖАНОВ.

saryarka-samaly.kz