Әулиебұлақ айналасы әрленеді

Бұл ауылға дейін Баянауылдың өзге де тарихи орындарына жоспарланған жұмыстарымыз болғандықтан, Торайғырға түс ауа табан тіредік. Ауылда тірлік қызу. Елді мекеннің қай бөлігіне қарасаңыз да, абаттандыру, жөндеу, құрылыс жұмыстарының қарқынды екенін көзіңіз шалады.

Ауыл әкімі Арғын Абраров бастаған ауыл азаматтарын Торайғырға жолы түскен әрбір турист аялдайтын Әулиебұлақ басынан жолықтырдық. Мұнда да абаттандандыру жұмысы жүргізілуде.

- Ауылымыздың тумасы, қазір Алматыда тұратын бизнесмен Қарлығаш Әубәкірова жазда туристердің көптеп келетін Әулиебұлақ су көзінің айналасын абаттандыруға 2 миллион теңге көлемінде қаржы бөліп отыр. Оған бұлақ табиғи таспен қоршалып, жолына табиғи кеспе тас төселеді. Туристер қабылдайтын шаққа уақыт аз қалғандықтан, ауыл азаматтары іске кірісіп, шаруаны жылдамдатуда, - деді атқарылып жатқан жұмыстарды көрсеткен ауыл әкімі.

Әулиебұлақтың тастай суынан дәм татқан адам кейін де бұл жерге келе бергісі келеді, дейді торайғырлықтар. Бұлақтан ары жазда жап-жасыл реңге боялатын, әлемде бірнеше жерде ғана кездесетін қанды қараағаш саясына енген турист таңдай қағып, табиғатына ұзақ тамсанатыны сөзсіз. Одан әрі Торайғыр көліне, Сәкен шыңы аталған тауға көз түседі. Баянауылдың ең биік тауы – Ақбеттау да осында. Бір сөзбен айтқанда, әсем табиғаттың құшағында ұзақ тербеліп тұрғың-ақ келеді...

Туризмді қонақжайлылық деп түсінеді

Міне, осы табиғат сыйын торайғырлық ағайын аялай отырып, туристерге де жақын таныстырып, туризмнің тамыры тереңге тартқанын қалайды. Бұл бағыттағы еселі еңбектерді ел ағасы, Баянауыл ауданының Құрметті азаматы, еңбек ардагері, өлкетанушы Жұмагелді Бейсекеев тізбектеп берді.

- Туризм саласы деп отырмыз. Бұл сөзден қорыққанымызбен, оның түп-мағынасы – қонақжайлылық екенін ескеруіміз керек. Қонақжайлылық таныту - қазақтың қолынан келетін дүние. Ол - қанымызға сіңген, менталитетімізде ойып тұрып орын алған қасиетіміз, - деп бастады әңгімесін ауыл ақсақалы.

Айтып қана қоймай, әрекетке де ауылдықтар кірісіп кетіпті. Мәселен, Жұмагелді ағамыз 2017 жылы облыс әкімдігінің арнайы грантын алып, «Ақжанна» атты туристік-ақпараттық орталық құрыпты.

- Негізгі мақсатымыз - ауыл тұрғындарын Торайғырға келетін туристерді қалай қарсы алып, қандай жағдай жасау, неден бастау керектігін үйрету. Тамаша табиғатымызды табыс көзіне айналдыруға талпыну. Мұндай талпыныс 2017 жылдан бері қарқын алды. Ауылымызға жол салынып, абаттандыруға көңіл бөліне бастаған соң біз де аянып қалмауымыз керек деп шештік. Сол жылы үш киіз үй тіктік. Ауыл азаматтары үйлерін сылап, ретке келтіріп, демалушыларға ұсынуға бет бұрды, - дейді Жұмагелді Хасенұлы.

Көршісі табыстың көзін тапқанын көрген азаматтар жаз бойы ас үйін паналап, ал баспанасын турис-терге жалға беруде. Жасыбайға ағылатын демалушыларды тарту үшін торайғырлықтар бағаны қолжетімді етуден ұтатындарын біледі. Оған қоса, бұл Жасыбай көліне түсетін жүктемені азайтатынына сенеді. Яғни, табиғатқа жанашырлық танытуда.

- Жасыбайдың басында бір маусымда 250-300 мыңдай адам демалады. Мұндай жүктеме көлге, мұндағы табиғатқа салмақ түсірмей қоймайды. Зиянын төмендетудің жолы бар. Таудың жан-жағында 4 көліміз жатыр. Сол аумақтарда туристік жобалар құрылса, табиғатымызға жасаған жақсылығымыз болар еді, -
дейді торайғырлық ағайын.

Торайғыр ауылының азаматтары туризмді дамыту үшін алғашқы жылдары бағаға емес, сапаға басымдық беруді жақсы біледі. Тұрақты клиенттер қалыптастырып алғаннан кейін табысты молайтуға мән бермек.

Ауылдықтардың айтуынша, Торайғыр көлінің табиғатын 2017 жылдан кейін тамашалаушылар қатары артқан. Оған дәл осы жылы ауылда абаттандыру жұмыстары қызып, елді мекенге апаратын жол салынуы серпін берген. Сөйтіп, тынығушылар ағылыпты.

Ауылдың бары мен жоғын жеткізген Жұмагелді ағамыз этнотуризм арқылы да Торайғырға туристі көптеп тарту мүмкіндігін тарқатты. Киіз үй құрып, ата-бабамыздың өмір салтын өзгеге көрсетуге көңіл бөлуде.

- Бірақ, бұл іске қалай болса солай қарауға болмайды. Қазақтың қандай жерде өсіп-өнгенін көрсетеміз. Сондықтан, киіз үйдің эстетикалық түрі мен тазалығынан сын табылмауы тиіс. Оның ішінде арақ-шарап сатуға жол берілмейді. Мұны әу баста келісіп алдық. Тек ұлттық тағамдар ұсынылады, - дейді ауыл ақсақалы.

Елді мекеннің үлкендері бүгінгі буын бизнеске бейімделіп келе жатқанына қуанады. Жұмагелді аға өзіне келіп 6 жастағы бала бизнеске қатысты ақыл айтқанда ішім жылып қалады, дейді. Ауыл балаларын ақсақал өлке тарихын тереңнен тануға тәрбиелеуге ниетті. Тарихи өлкеге табан тіреген әрбір туриске балалар да білгенін айтып, таныстырып тұрса деген тілектен шыққан бұл ой.

- Егер жергілікті халық туризмді дамытуға ден қоймаса, мүдделі болмаса, қанша жерден миллиардтап қаржы бөлсе де, нәтижесі көзге көрінбейді. Қыруар қаражат құмға су сепкендей болып кетеді. Осыны көпшілікке ұғындыруға тырысамыз. Бірлесіп, әр тиынның ауылда қалуына қарекет жасауға шақырумен келеміз, - дейді ақылын аямайтын ақсақал.

Бибігүлдің жайлы үйіне жайғасыңыз!

Қысқасы, туризм Торайғырға жаңа тыныс берді. Балалардың өзі бизнеске бейімделіп, жазғы уақытын ата-анасымен бірлесіп, табыс табуға арнап жүр. Балалар жаз бойы 5-6 атты сайлап, көл жағасына, Әулиебұлақ басына келген қонақтарға қызметін ұсынуда.

Ересектер де қарап қалған жоқ. Үйлерін жаз мезгілінде туристерге жалға беріп, кіріс көруде. Осындай кәсіпке бет бұрған жандардың бірі – Бибігүл Түсіпова. Көп жыл ауылдың бас дәрігері болып еңбек еткен ол зейнетке шыққан соң ойда жоқта бизнеспен айналысып кетіпті.

- Шыны керек, осыдан 5-6 жыл бұрын ауылдан бір артық үй сатып алған едім. 2017 жылы Торайғырда туризмді дамыту жайы қозғалып, арнайы жиын болды. Сонда ауылдастарым бос тұрған үйіңді жалға берсеңші деп қолқа салды. Ойлана келе, іске кірістім. Алғашқы жылдары демалушылар аса көп болған жоқ. Былтыр біздің табиғатымызды тамашалап, тынығуға келгендер көп болды, - дейді Б.Түсіпова.

12 орынға арналған үйін биыл да Бибігүл апайымыз дайындап қойыпты. Артық табыс түсе қалса, жиһазды жаңартып, кішігірім жөндеу жүргізуді әдетке айналдырған. Келушілердің пікірін біліп, қандай жайлылық қажеттігін сұрап отыратын көрінеді. Тұрақты клиенттері де қалыптасып үлгерген.

- Көбінде демалыс күндері үйіме сұраныс артады. Негізі, отбасылық демалысқа лайықты дер едім. Бұдан былай қонақжай үйімді ішімдіксіз демалуға ниетті азаматтарға берсем деген ойдамын, - дейді кәсіпкер.

Б.Түсіпова жалға берілетін жайлы үйі жайында интернет арқылы еш жарнама жасамайды екен. Ондай мүмкіндік жоқ, дейді. Бір келген адам тағы танысына айтып, телефонын беріп, осылай торайғырлық жанның үйін тауып келеді екен. Ауласына кәуап пісіріп, таза ауада тамақтануға арналған орын да әзірлеп қойған. Ас пісіретін бөлме де бөлек орналастырылған.

Жалпы, ауылда екі қонақүй бар. Соның бірінің иесі Асан Қожабергенов кейінгі кезде сұранысты барын алға тартты. 24 орынға арналған қонақүйден жазда демалыс күндері мейман үзілмейтін көрінеді. Сонымен қатар, ауылда екі жеке кәсіпкерлік қонақжай үйді жалға беру бойынша тіркелген. Ауыл әкімі Арғын Бейсембайұлының айтуынша, мұндай мақсатта кәсіп өрістетуге ниеттілер қатары артып келеді. Қазірдің өзінде 12 осындай өтініш білдіріпті. Одан бөлек, ауылда үй салуға құлық танытып отырғандар аз емес.

- 2017 жылы 4 үй салынды. Қазір де бірнеше үй құрылысы жүріп жатыр. Үй салу мақсатында жер телімін алуға 31 өтініш түсті. Оларға әкімдік тарапынан оң шешім шығарылды, - дейді әкім.

Айтпақшы, Бибігүл апайымыз енді ауылға орталықтандырылған су тартылса, үйіне су кіргізіп, жайлылықты одан әрі жақсарта түсуге ниетті.

Су құбырының құрылысы

Орталықтандырылған су демекші, Бибігүл апайдың бұл қалауы да орындалатын шақ алыс емес. Өйткені, өткен аптада Торайғыр ауылында су құбырының құрылысы басталды. Құрылыс алаңына барып, жұмыс барысымен таныстық. Тастақты мекен болғандықтан жер қазатын техниканың дауысы бүкіл ауылды алып тұр. Жұмыстың оңайға соқпай жатқанын мердігер ұйымның өкілі Владислав Анохин та тілге тиек етті.

- Техникаларымызды жеткіздік, Жұмыс басталды. Жартасты аумақта жұмыс баяу болатынын түсініп отырмыз. Мысалы, мына құбыр төселетін 1,5 метр жер бір жарым сағатта әзер қазылды. Техника осындай жұмыстарға арналған, сондықтан бәрін ойдағыдай уақытылы аяқтаймыз деп ойлаймын, - дейді мердігер ұйым өкілі.

Құбыр биыл қараша айында толық тартылып аяқталуы тиіс. Жобаға 270 млн. теңге қарастырылыпты. Ауыл ішінде 10 шақырымға су тартылады. Қараша айының соңында қолданысқа берілуі тиіс. Бұл дегеніңіз, әр үйге су жетеді. Бұрын торайғырлық ағайын ауызсуды Әулиебұлақтан алып, басқа қажеттіліктерге керек тіршілік көзін әр аулада қазылған ұңғымадан тұтынып келген. «Біздерде мынадай бар, мынадай бар» деп ауылдағы тіршілікті таныстырумен болған Жұмагелді ағайымыз су құбы-рының құрылысы ауылдықтар үшін қуаныш екенін жеткізді.

Бие байлап...

Таза ауаға барған соң туристер ауылдың табиғи өнімін тұтынуды қалайтыны сөзсіз. Бұл жағын да торайғырлық тұрғындар ескерген. Бие байлап, қымыз сапырып, келген меймандардың шөлін қандыруға бекінген. Осындай іспен ауылда он шақты шаңырақ айналысып отыр. Солардың бірі – Қапанов Ербол мен Қасымова Индираның отбасы. Индираның өзі - ауыл мектебінде тәрбие ісінің меңгерушісі. Жазғы демалыста бие байлап, қымыз піседі.

- Осы ауылға келін болып түскеніме 15 жыл болды. Содан бері бие сауамын. Негізі, 15-16 жасымнан бие сауып үйренгем. Ата-енем де кезінде осы кәсіппен айналысқан. Сол отбасылық істі жалғастырып жатқан жайымыз бар. 5-6 бие ұстап, күніне жеті реттей саууға шығамын. 20 литрдей бие сүтін алып, сабада жинап, қолмен пісіп, ашытамыз, ыстаймыз. Балаларымыз да бұл істе қолғабыс жасайды. Осылай бабына келтіріп, көпшілікке ұсынамыз, - дейді И.Қасымова.

Қымыздың литрі былтыр 500-600 теңге шамасында сатылыпты. Ауыл ақсақалы Жұмагелді Қасенұлы бағаны Жасыбай басындағыдан төмен ұстауға кеңес беріп отырамыз, дейді. Торайғырдың тіл үйірер қымызынан дәм татқыңыз келсе, жол тартыңыз.

Ауылдықтар ұлттық сусынымыздан бөлек құрт-май жасап, сатады. Әркім-ақ сүт, майды көптеп жасап, ұсынуға ұмтылады. Туризм жазғы бірнеше ай ғана болса, өзге мезгілде ағайын төрт түлігін өсіріп, күнін көреді. Ірілі-ұсақты 44 шаруашылық тіркелген. Бірақ, Торайғыр ауылы Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркі аумағына кіретіндіктен, мал жаю жағы қиындау көрінеді. Десе де, ауылдықтар ақ тамақты әзірлеуде аянбақ емес.

55 жылдыққа тамаша тарту

Енді ауылдағы әлеуметтік нысандарға ойыссақ. Мектеп, мәдениет үйі, ауылдық дәрігерлік амбулатория, Сұлтанмахмұт Торайғыров мұражайы, қысқасы, әлеумет үшін қажетті нысанның бәрі бар. Кей ауылда ақ желеңділер тапшылығы байқалып жатады. Торайғырда мұндай түйткіл жоқ. Екі жыл бұрын Сұлтан Мейрамұлы есімді жас маман келіпті.

Биыл ауыл мектебінің іргесі қалан-ғанына 55 жыл толмақ. Мерейлі датаға тамаша тарту жасалуда. Ғимаратқа күрделі жөндеу жұмыстары басталғанын көрдік. «Жұмыспен қамту жол картасы» бойынша 25 млн. теңге бөлініпті. Мұнда мектептің шатыры, есік-терезесі ауыстырылмақ. Кейде шатырдың тозуынан су ағатын көрінеді. Міне, мұндай келеңсіздік енді оқу үдерісіне еш кедергі келтірмейді. Сондай-ақ, мәжіліс залының ішкі төбесі, едені жаңартылмақ. Мұндай өзгеріс спортзалда да орын алады. 

- 2016 жылы мектебіміздің жылу жүйесіне күрделі жөндеу жүргізілді. Ал ғимараттың өзі 1965 жылдан бері күрделі жөндеу көрген жоқ. Мерейтойлық жылда мектебіміздің келбеті өзгеретініне ұжым боп қуанысып отырмыз, - дейді мектеп директоры Сайлау Тоқтасынов.

Бүгінде мектепте 143 оқушы білім алуда. Облыс, республикада білім, спорт додаларында озып жүргендер бар. Мәселен, тарих пәнінің мұғалімі Бақытгүл Ахметованың оқушылары халықаралық Қ.Сәтбаев оқуларынан жыл сайын олжалы оралса, Дархан Байшүкірдің шәкірттері республикалық тоғызқұмалақ сайысынан жүлделі орындардан көрінуде. Баянауылда Торайғырдың жігіттері өзгелерден волейболдан оқ бойы озық екені жиі айтылады. Спортшылар мектеп қабырғасында осы спорт түрінің негізін мықтап алуда. Бұл істе Жұмай Төремұратовтың еңбегі ерек. Мектеп директоры биыл 11-сынып оқушысы Диас Төкен «Алтын белгісін» ақтаса, бұл да 55 жылдыққа жасалған тартудың бірі болар еді, дейді. Соңғы 15-20 жылға жуық уақытта мұндай белгі алған түлек болмағандықтан, мектеп тарихы үшін үлкен жетістік деп білген жөн.

 Бәрі бар, тек...

189 ауласы бар ауылда 3-4 жыл бұрын жүргізілген абаттандыру жұмыстары әлі елді мекенге әр, әлеуметтің өміріне сән беріп тұр. Нақтысы, балалар ойнайтын алаң, волейбол мен баскетбол, шағын футбол алаңдары мен дене шынықтыруға құмар тұрғындарға жаттығу құралдары дайын тұр. Тек қазіргі елдегі ахуалға байланысты бұл алаңдардың есігі жабулы болғанымен, жаз айларында ауылдың жастары спортты серік етіп, балалар ойын алаңында асыр салып, қызығын көруде. Көшені жарықтандыру жұмыстары да осыдан бірнеше жыл бұрын толық атқарылыпты.

Ағымдағы жылы ауқымды жұмыстар жалғасын табуда. Жоғарыда аталған жобалардан бөлек, Торайғыр ауылынан С.Торайғыров кесенесіне дейінгі 3,6 шақырымдық жолға жөндеу басталады. Оған 201 млн. теңге бөлініпті. «Жұмыспен қамту жол картасы» бойынша Торайғыр көлінің жағасын абаттандыруға 53 млн. теңге қарастырылып қойған. Аталған жобалар ауылға көрік бергенімен қоса, біраз жанның еңбекпен қамтылуына септігін тигізеді. Бұл жобаларға ауылдың 46 адамы тартылмақ. Арғын Абраровтың айтуынша, ауылда жастар арасында жұмыссыздық жоқ. Олар - іргедегі Сарыкөл, Майкөбе кеніштерінде, ұлттық паркте жұмыста. Жұмыссыздар тізімінде 16 азамат тұр. Олар «Жұмыспен қамту жол картасы» жобаларын жүзеге асыруға алынады.

Ауылдықтарға «қарап отырсақ сіздерде бәрі бар, жасалып жатқаны қаншама, жалпы не жоқ?» дедік. «Бізде шынымен бәрі бар, тек интернет жоқ» деген жауап алдық. Жаман емес, әрине! Кезінде ауылға барсақ, бұйымтайларын үйіп-төгуші еді ағайын.

Дегенмен, өркениет игілігі алыстағы аталмыш ауылға аса қажет-ақ. Қазір кез келген іс ғаламторсыз бітпейді. Туризмді насихаттау үшін де интернеттің жоқтығы қолбайлау. Турис-терге жайсыздық туғызатыны сөзсіз. Сондықтан, торайғырлық тұрғындардың осы тілегін билік бір ескеріп, көп ұзатпай іркіліссіз істейтін интернет желісін жеткізіп берсе деген ниеттеміз.


Түйін: Ауылға аса ұзақ аялдауға уақытымыз сәл-пәл аздау болды, өкініштісі. Әйтпесе, ата-әжелердің әңгімесіне қанығып, ойын баласымен де тілдесіп, елді мекеннің бар тыныс-тіршілігіне тереңінен қанық болар едік. Десе де, ауылды аралап, атқарылып жатқан ауқымды істерге куә болдық. Бір анығы, Торайғырдың тың тынысы кеңейе түседі. Оған кейінгі кезде жасалып жатқан жағдай, тұрғындардың ынтасы дәлел.

 

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ

saryarka-samaly.kz