Мичурин ауылдық округі тұрғын-дарының жаңа өндіріс орнының құры-лысына қарсылығы туралы алғашқы-лардың бірі болып журналист Бейбіт Бөжен әлеуметтік желіге жазды. Сөйтіп, бұл тақырып аудан тұрғындарының ғана емес, интернет қолданушыларының да қызу талқысына түсті.

«РубиКОМ» ЖШС осыдан 10 жыл бұрын Павлодар ауданындағы Мичурин және Үміт апа ауылдарының арасында ірі шошқа фермасын салған болатын. Осы уақыт аралығында ісі алға басып, сұраныс артып, мол табысқа кенелді. Енді ферманы одан әрі кеңейтіп, Үміт апа ауылына қарай 1200 аналыққа арналған бірнеше базаның құрылысын бастамақ. Тіпті, осыдан бірнеше күн бұрын онлайн-режимде қоғамдық тыңдау өткізіп, тұрғындарға дайын жобасын таныс-тырып үлгерді. Бірақ бұл шараға 200-ден астам адам тұратын елді мекеннің тек екі тұрғыны қатысты. Оның бірі - Үміт апаның қызы Бақыт Рахметоллақызы.

- Біріншіден, бұл қоғамдық тың-даудың өтетіні туралы хабарды өте кеш естідік. Сол себепті тұрғындардан Александр Серголюк екеуіміз ғана қатыстық. Алдын ала хабарландыру берсе, ауылдастардың көпшілігі қосылып, өз пікірлерін білдірер еді. Бұл ұйымдастырушылар тарапынан кеткен басты олқылық деп білемін. Екіншіден, «Рубиком» кәсіпорны қоғамдық тың-дау өтпей тұрып-ақ тұрғындардың Үміт апа ауылының маңында тағы бір шошқа фермасының салынуына қарсы екенін жақсы білді. Соған қара-мастан, онлайн форматта өткен жиын-да «жоба дайын, одан бас тартпай-мыз, осы жерде саламыз» деген сыңай танытты. Олай болса, көзбояушылық үшін қоғамдық тыңдау өткізудің қажеті қанша?! Ауылдықтардың ой-пікірі, ұсыныстарына биліктің де, бизнестің де құлақ түрмейтіні қынжылтады, - дейді Бақыт Рахметоллақызы.

Үміт апа ауылындағы мешіттің имамы Ермұрат қажы Бейсембин қолқаны қабатын иіске онсыз да тұн-шығып отырған жергілікті тұрғындар-дың шошқа өсіру кәсібінің одан әрі кеңеюіне қарсы екендерін айтты.

- Павлодар ауданынан облыстың киелі жерлер географиясына енген екі орын болса, соның бірі - Үміт апа кешені. Мұнда жылына шамамен 1 мың-ға жуық адам келеді. Өткен жылы зират маңы абаттандырылып, кіреберіс жол жөндеуден өтті. «РубиКОМ» кәсіпорнына ауыл іргесіне тағы бір шошқа өсіру орнын салатыны туралы хабары қуанышымызды су сепкендей басты. Себебі, қазір жұмыс істеп тұрған фермадан келетін иістен аулаға шығып, тынығып, тыныс-тау мүмкін емес. Ал оған тағы 1200 «талпақ танау» қосылып, бұл фермадан шығатын қоқыс Үміт апа кешенінің маңына үйілсе, не боламыз? Жыл сайын емшінің жатқан орнына келетін жұртшылыққа қай бетімізбен қараймыз? Біз өзіміз туып-өскен, балаларымыз дүниеге келген, киелі жерлер қатарына енген ауылымыздан шошқа фермасының емес, кең даланың жұпар иісі аңқығанын қалаймыз. Осы пікірімізді жобаны жасаушылар да, құптаушылар да ескерсе деген тілегіміз бар, - дейді Е.Бейсембин.

Ферманың құрылысын Үміт апа ауылының тұрғындары ғана емес, мичуриндіктер де құптамайды. Мичуриндік Алтынай Сесерхан жаңа кәсіпорынның салынуына қарсы пікірін онлайн өткен қоғам-дық тыңдауда да білдіріпті.

Аталмыш мәселе бойынша «РубиКОМ» ЖШС-не хабарласып,  ресми жауап алдық:

«Рубиком» компаниясының шош-қа кешені - асылтұқымды деген мәрте-бесі бар әрі Павлодар облысындағы ірі шаруашылықтардың бірі. Био-қауіпсіздіктің жоғары деңгейде бақылануы нәтижесінде мұнда иіс жоқ деуге болады. Күн және тоқсан сайынғы жоспардан тыс тексерістерге сәйкес, кешеннен шығарылатын қалдықтардың көлемі белгіленген нормадан аспайды.

Қазір осыдан бірнеше жыл бұрын жоспарланған жоба - дайын ғимараттарды қалпына келтіру және жаңа өндірістік ғимараттарды салу ісі жүргізілуде. Соңғы жобаға қатысты жергілікті тұрғындар алаңдаушылық білдіріп отырғанын білеміз. Бұл ретте біздің компания мал базасының кеңеюіне байланысты қалдықтар көлемі артпайтынына кепілдік береді. Бүгінде кәсіпорында жағымсыз иісті жоятын препарат сынақтан өтуде. Сондықтан бұған қатысты түйткілдер туындамауы тиіс. Жобаланған жаңа модульдік нысандар Мичурин ауылынан 3 шақырымнан аса, ал Үміт апа ауылынан 5 шақырым қашық жерде орналасады. Жаңа базалар бой көтеретін санитарлық қорғалған аумақта тұрғын үйлер, спорттық нысандар, балалардың ойын алаңдары мен басқа да әлеуметтік маңызды ғимараттар жоқ. Сонымен қатар, тиісті талдамалар жасалып, Павлодар облысы бас санитарлық дәрігерінің санитарлық-эпидемиологиялық қорытындысын алдық. «РубиКОМ» компаниясының жобасы барлық нормативтік көрсеткіштерге сәйкес келеді. Жақында қоғамдық тыңдау да өтіп, Мичурин ауылдық округінің тұрғындарына жоба таныстырылды».

Осылайша, «РубиКОМ» ЖШС жоба барлық талапқа сай дегенді алға тартып отыр. Павлодар аудан-дық кәсіпкерлік және ауыл шаруа-шылығы бөлімінің басшысы Динара Досанованың айтуынша, 1200 аналыққа арналған ферма әлеуметтік тұрғыдан да тиімді.

- Жоба бойынша, өндірістік ғимарат 2021 жылы пайдалануға беріледі. Мұнда 100-ден астам жаңа жұмыс орнын ашу жоспарлануда, - дейді Д.Досанова.

Әрине, экономикалық өсім, жаңа жұмыс орындары, қазынаға түсер салық - маңызды. Бірақ, бұл Үміт апа кешені орналасқан киелі жерде шошқа фермасын салуда жергілікті жұртшылықтың ой-пікірін ескермеу дегенді білдірмесе керек. «Келісіп пішкен тон келте болмайтынын» естен шығармайық.

 

Қ.ТІЛЕКТЕСҚЫЗЫ.

saryarka-samaly.kz