Жалпы, Абай атын иеленген қарашаңырақ жазушы, Мемле-кеттік сыйлықтың иегері, жерлесіміз Рамазан Тоқтаровтың өмірі мен шығармашылығын ұлықтап, ұрпақ жадында сақталып қалуына ерекше үлес қосып жүрген екі мекеме болса, - соның бірі, біреу болса – соның тап өзі. Себебі, білім ордасының музей қорында жазушының басқа еш жерде сақталмаған жеке дүниелері бар. Сондай-ақ, мектепте Рамазан Тоқтаровтың шығармашылығын дәріптеуге арналған түрлі іс-шаралар жүйелі түрде ұйымдастырылып тұрады.

- Бұл залдың жиырма жылдық тарихы бар. Әйгілі түлектеріміздің бірі Рамазан Тоқтаровтың қаламынан туған «Абайдың жұмбағы» романы Мемлекеттік сыйлықты иеленгеннен кейін мектеп ұжымы қаламгердің құрметіне, шығар-маның айтулы жеңісіне орай арнайы зал ашты. Роман 1999 жылы жарық көрді. Бір жылдан кейін ұлы ақынды арқау еткен роман-хамса жазушылар бәйгесінде топ жарып шықты. Өкінішке қарай, ол кезде Рамазан Тоқтаров қайтыс болып кеткен болатын. Жаңа мыңжылдықтың басында ашылған Тоқтаров залына да жиырма жыл толыпты, - дейді дарынды балаларға арналған Абай атындағы №10 лицей-мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Бағда Қазиева.

Тоқтаров залының іргетасын жазушының өзі қалады деп айтуға әбден болады.

- Рамазан Тоқтаров Павлодарға келген сайын міндетті түрде өзі оқыған мектепке соғатын. Келген сайын, залы ашылмай тұрғанда-ақ, мектептің музейіне деп жеке заттарын ала келетін. Сондықтан, залдың іргетасын алдымен жазушының өзі қалады десек қателеспейміз. Бірде оқушы күніндегі, жас кезіндегі суреттерді әкелді. Соның ішінде анасымен түскен суреттері бар екен. Әлгі дүниелерді бізге табыстап тұрып, аса бір ризалықпен: «Сендерге шешемді алып келдім» дегені есімде. Тағы бір атап өтерлігі, ол кісі жалғыз келмейтін. Әрдайым қасында қазақ әдебиетінің марғасқа-лары жүреді. Соңғы келгенінде ақын Ұлықбек Есдәулетті ерте шығыпты. Ол кезде жұмысқа енді кіріскен жас маман болсақ та, құрметті қонақтарды күтіп алу жұмыстарына жауапты болдық. Өз басым әйгілі қаламгердің біздің мектепке әр жылдары үш мәрте келгеніне куә болдым. Қазір ойласам, соның бәрі біздің еншімізге бұйырған сәулелі сәттер екен ғой, – дейді Бағда Қазиева.

Арнайы зал ашу туралы идеяны мектептің сол кездегі директоры, педагогика ардагері Бұлғын Жалмағамбетова ұсынып, бастамашы бол-ған. Ал залдың құнды жәдігерлермен толықты-рылуына мектеп ұстазы Шәрбат Жұмаділова ерекше атсалысқан. Бағда Қазиева, Маржан Сүйіндікова, Ләззат Айтпаева секілді ұстаз-дардың да қосқан үлесі зор. Қазіргі уақытта бұл залға Маржан Сүйіндікова жауапты екенін де атап өткен абзал. Тоқтаров залының жәдігерлермен толығып, сапалы жасақталуына атсалысқан, жанашырлық танытқан тағы бір адам бар. Ол - жазушының туған інісі, марқұм Қайыргелді Тоқтаров.

- Мектептің 70 жылдығына орай жалпы мұражай ашылған болатын. Сол мұражайда да Рамазан Тоқтаровтың көп мұрасы бар. Оның барлығын Тоқтаров залына әкеліп қоя алмаймыз. Орын жеткіліксіз. Жалпы, 2000 жылдары мұндай зал ашу деген ерлікпен пара-пар дүние еді. Көп қаржы керек-тін. Ондай қаржының мектепте болмасы тағы анық. Міне, сол кезде көмекке ата-аналар келді. Дәлірек, айтсақ, сол жылдары ата-аналардан түскен қаржы жинақталатын мектеп қоры болды. Қажетті қаржының бәрі осы қордан алынды, - дейді директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары.

Тоқтаров залында жазу-шының жеке кітапханасынан алынған кітаптар тұр. Оның ішінде өз кітаптары, француз тілі сөздіктері, жазушының еңбектері басылған «Жалын», «Жұлдыз» журналының ескі нөмірлері бар. Олардың бәрін мектепке қаламгердің өзі әкеп тапсырған.

- Залдағы ең құнды жәдігер ретінде жазушының тірісінде қолданған машинкасын, тері, иісі сіңген тақиясы мен мерекелерде киген шапанын, қолжазбаларын, қойын дәптер-лерін, Құрмет грамоталарын айтуға болады. Тақияны Рамазан Тоқтаровтың өзі әкеліп берді, ал шапанды інісі Қайыргелді марқұм тапсырды. Сондай-ақ, мұнда жазушының оқушы кезіндегі, бұрынғы «Қызыл ту» газетінде еңбек еткен жылдардағы суреттері сақтаулы. Әріптестерімен түскен тамаша суреттері де бар, - дейді Бағда Қазиева.

Мектеп басшылығы алдағы уақытта Тоқтаров залын жаңартуды көздеп отыр. Жоспарланып отырған дүниелердің қатарында көпшілікке қолжетімді болу үшін залды цифрландыру міндеті де тұр. Сондай-ақ, мектеп ұжымы келесі оқу жылында Рамазан Тоқтаровтың 85 жылдығына орай бірқатар іс-шараларды ұйымдастыруды жоспарлауда.

 

Фархат ӘМІРЕНОВ.

saryarka-samaly.kz