Мінезге бай, салмақты жігіт сүйген мамандығына берілген адам екенін алғашқы жазған мақалаларынан-ақ көрсете бастады. Ауыл шаруашылығы бөлімінде істеген ол, алғашқы жазған мақалаларымен таныла түсті. Оның Бесқарағай асыл тұқымды қой зауытынан жазған мақаласы оқырмандарынан лайықты бағасын алды. Бұдан кейін облыс өмірінің өзекті мәсе-лелерін қозғаған күрделі тақырыптарға қалам тартты. Сөйтіп аз уақыттың ішінде өзінің қалам қуатын танытып та үлгерді.

Көп ұзамай ол респуб-ликаның бас басылымы «Егемен Қазақстан» газетіне қызметке шақырылды. Талай жас талантты қамқорлығына алып, қанат қақтырған аға газет Нұртөренің бағын ашты. Бұдан соң ұзақ жыл Шерхан Мұртазадай ағасы басшылық еткен «Жас Алаш» газетіне бас редактор болды. Оның журналистік самғау кезеңі мұнымен де шектелген жоқ.

Арада біраз уақыт өткен соң «Айқын» газетінің бас редакторы болып тағайындалды. Осы уақыт ішінде қаламдас ініміз Президент сыйлығының иегері атанды. Мемлекет басшысымен болған айтулы сұхбаттардың куәгері болды. Енді талантты қаламгер ҚР Парламент Сенатының депутаты атанды. Ел басқару ісіне де араласып, жоғары палатада сапалы заң шығару жолында күш-жігерін аямайтынына, өзінің лайықты үлес қосатынына еш күмән жоқ.

Бір кезде бірге редакцияда жарыса қалам тербеген аға-інілері атынан Нұртөрені шын жүректен құттықтаймыз! Сен біздің, өзің қызмет істеген «Saryarqa samaly» газетінің де абыройын арт-тыра түскеніңе қуанамыз. Қаламың талмасын! Тек биіктерден көре берейік!

 

Тұрсынбай ИБАДУЛЛИН, Қазақстанның Құрметті журналисі.

saryarka-samaly.kz