Айдала ауылында тұратын Түпән ағам жұрттың жағасын ұстатты. Жаны мұрнының ұшында, қаны жоғары қысымда ауруханаға түскен оның жағдайы жар басында. Жар болғанда да құласаң қайтып адам болмайтын құлама жар. Көзі алақтап, тілі салақтап, қарыны қабысып, жақ сүйегі жабысып қалған жанның дәрігерлер диагнозына іздеу жариялап, таба алмай отыр. «Науқаста жан жоқ, жан түгілі қан жоқ. Тіпті, қаны қай топтан екендігін біле алмай отырмыз», - депті дәрігерлер. Аздан бері осындай қысыр әңгіме ауыл ішінде гулеп тұр.

- Байғұс Түкең, обал тегі! Балаларының қызығын енді көремін дегенде...
- Жаны жоғын түсіндік, қаны жоғы несі?
- Ит біліп пе?
- «Анау жоқ, мынау жоқ!» деп құлағының құрт етін жейтін бәйбішесі Қатипаш қанын ішіп қойған болар.
- Айтпа! Тепсе темір үзетін арыстай азамат еді. «Еркектің басын төрге де, көрге де сүйрейтін - әйел!» - деген сөз ып-рас екен-ау!..

Жұрттың топшылауы осылай. Шынымен де, арыстай азаматтың ауру есектей ыңыранып жатқаны несі? Түкең арақты ауызына құйсаң да ішпейтін, темекіден денесі түршігетін, насыбайға назар аудармайтын азамат еді. Дертінің дауасы табылмаған соң ағайын-жұрт науқасты бақсыға да, жақсыға да апарды. Нәтиже – нөл! Ақыры «адам болмайдыға» балап, түкпір тамның төріне қисайтып жатқызып қойған. Көлеңкеде кескен теректей сұлап жатқан Түкеңнің ауызы жыбырлап, мұрты қыбырлап, башпайлары қозғала бастады. О, тоба! Мұндай да болады екен! Ертеңінде есін жиып, орнынан тұрған Түкеңді көрші кемпір көріп, аруақ көргендей көзі орбитасынан шығып кетіп, талып қалды. Ол байғұстың «Түкең тіріледі» деген ой түсіне де кірмеген ғой.

- Әй, Түпән тіріліпті!
- Не дейді? Мүмкін емес!
- Ол қандай ауру сонда?
- Ауырған дымы да жоқ! Әртістігі ұстап жатыпты. Қатипашқа еркелеп!

Тәуір болған Түпәнді жұрт сұрақтың астына алды. Не болғанын ол өзі де білмейді. Соңғы рет аттың үстінде қой баққаны ғана есінде. Кенет оның ойына әлдене оралғандай болды. «Масқара! Масаға таланған едім...».

- Содан?
- Содан сол...

Арыстай азаматтың масаға таланып масқара болғанына сенбей отырсыз ба? Бірақ бұл –шындық!

Сонымен жауапсыз көрінген жұмбақтың шешімі енді табылды. Мал бағып жүрген Түпәнді құжынаған шыбын-шіркей «қамауға алып», аттан аударып түсірген. Аудармағанда ше? Ауылға барып көріңіз! Биылғы маса ешкімді жарылқайын деп тұрған жоқ. Шыбын-шіркей қаныңыздан бір тамшы қалдырмай шімірікпей ішеді. Қалаңызбен жылап көрі-серсіз! Қалаға жеткенше Түпән секілді қаныңыз бен жаныңыздан айырылып қалмасаңыз. Жыл сайын шыбын-шіркей атаулыны уладық деп шулаймыз. Нәтиже қайда?! Табиғаттың тылсымына қарсы тұруға қауқарсызбыз ба? Әлде себеп басқада ма?

Айтпақшы, бойыңызда қаныңыз тасып тұрса, өзен жағасындағы ауылға келіп, «Масаларды тегін тамақтандыру» акциясына атсалысып кетсеңіз болады!

Алпысбай ӘБДІЛҰЛЫ.

 

 

 

Шіркей мықты (Мысал)

Біреулер шыбын мен шіркейді,
Шыбын-шіркей деп тіркейді.
Ал шіркейің...
Шыбынды менсінбейді.
- Қонатын жеріңді білмейтін,
Бозөкпе, «нөлсің», - дейді.
«Сен, Шыбын», - дейді,
«Бос ызың,
Білмейсің тіршіліктің қыбын», - дейді.
Ал масаны
Туыстыққа қосады.
Себебі екеуі
Баспалап тасаны,
Малдың да, жанның да
Қанын судай шашады.
- Менде білім жоқ,
Сөйлейтін тілім жоқ.
Дегенмен жаз бойында,
Құрып кетер түрім жоқ.
Жандының бәріне,
Жабысқыдай жабысам.
Құртақандай тісіммен,
Иттей талап «танысам»
Маған у деген де жоламайды,
Маған жаумын дегендер,
Өрден төмен домалайды, -
деп шіркей мақтанды.
Ашуланған маса
Жарылуға шақ қалды.
- Менде де тіл жоқ,
Ызыңдаймын.
Қан соруға келгенде,
Мен де сызылмаймын.
Бізімді сұғамын,
Мен неге ығамын?
Менің де басшы жақта тірегім бар,
Сондықтан кез-келгенді үрікпей шағатын,
«Жүрегім» бар, -
деп маса жалаңдады.
Кешкісін қойдай қуды,
Демалғандарды алаңдағы.
Қаланы шуылдатты,
Даланы дуылдатты.
Екеуіне қарсылар
Жиналды.
Амал таппай қиналды.
Бәрінің жаңа тәсілі,
Қолынан келер кәсібі:
Әлеуметтік желіде өсектеді,
Бәрі шығынды есептеді.
Шіркей мен масаға
Күресті мықтады,
Бірақ...нәтиже шықпады.

Ғалымбек ЖҰМАТОВ

saryarka-samaly.kz