Итке таланған Бикеш

«Түйе тұзға келер, жігіт қызға келер» деген сөз бар емес пе қазақта?! Айналамдағының барлығы «қашан үйленесің?» деген сұрақты қоюдан жалығар емес. Мен байғұс үйленбейін деп жүр дейсіз бе? Лайықты қыз таба алмай тарығып жүрмін ғой. Біреу қарсы алдымнан шығып: «Ассалаумағалейкүм» десе, «Қашан үйленесің?» деп айтып тұрғандай
болады да тұрады.
Кеше ауылдың әйелдерінен естіп қалдым. Ертең көрші үйге қаладан қонаққа қыздар келмекші екен. Басқаларды қайдам, өз басым дайындыққа кірісіп кеттім. Түнімен әзірлендім. «Айгүлге», «Айнұрға», «Жібекке», «Толғанайға», «Айсұлуға», «Заринаға», «Мадинаға» деп арнап бір-бір өлең жазып тастадым. Осы есімдердің біреуі сол сұлулардың аттарымен дөп келіп қалар деген ой ғой менікі. Сенесіз бе, біреу кірпігіме ине тіреп қойғандай таңды көзбен атырдым.
Күн шықты, қыздар келген жоқ. Түс болды келмеді. Бесін болды жым-жырт. Бар үмітім кешкі
автобуста. Әншейінде ұясына кіріп кететін күніңіз бүгін қақшиып тас төбеде тұрып алды ғой. Құда күткеннен әрі күттім, ақыры автобустың келетін уақыты да
болды-ау.
Жүгіре басып аялдамаға жақындасам, автобус келіп қойған екен. Масқара, бір топ адам илеудегі құмырсқадай бір жерге үймелеп алыпты. Қарасам, бейтаныс бір қыз сұлқ түсіп ұзынынан жатыр. Киімі ашық-шашық. Шалбары жыртылған. Қасындағы қыздардың да үстері алабажақ. Бүтін шалбар киген бірі де көрінбейді. Не болғанын сұрап едім, менімен санасайын деп тұрған ешкімді байқамадым. «Собака» деді бір қыз күйініп. Жағдайды енді түсіндім. Оңбаған ақтөс пен ақтабан! Бәленің барлығы осы екеуінен келді. Осыншама күткен қонақтарымның үсті-бастарын дал-дұл қылды. Күйініп кеттім. Жүгіре басып үйге кірдім де, әкемнің аңға шығатын мылтығын алып, сыртта жүрген екі итті жайратып салдым. Жоспарымның барлығын күл-талқан қылған осылар! Осыдан үйленіп алсам бір ит табылар деп қоямын ішімнен.
Ауыл болып жабылып, науқасты ауруханаға апардық. Есін жиды. Дәрігердің «қой» дегеніне қарамай, палатасына кіріп едім, тағы да талып қалды. Түсінбедім. Сөйтсем, бұл қыздың қорқынышты дүние көрсе есін жоғалтатын ескі әдеті бар депті құрбылары дәрігерге.
Жаңа киім ұсынып, қыздардың жыртық шалбарларын ауыстырып алуын өтіндік. Сөйтсек олар:
«Зачем? Это же мода» дейді. О, Тоба, ай мен күннің аманында жыртық шалбар киген ол қандай мода? Бұл қыздармен ақыры тіл табыса алмадым. Олар да мені көрген сайын құбыжықпен бетпе-бет жолыққандай үрейленіп қалады.
Кеше қалаға келдім. Шаһарда қаңғып жүрген ит көрінбейді. Бірақ... итке таланған шалбар көп екен. Біреудің қаңсығы ақымаққа таңсық! Жыртық шалбар киген шөпжелкелер үшін атылып кеткен ақтөс пен ақтабанды ойлап ішім удай ашыды. Екеуі де өз «тілдерінде» үретін, табиғи қалпында жүретін. Олар иелеріне адал-ды.  Ата дәстүрінен алшақтап, ұлтының қасиетінен ажырап қалғандардан артық екен-ау олар.
Бәрінен де кейбір қалалықтарға қайыршының киімін кигізген батыстың мәдениетіне жыным келіп тұр.   

Алпысбай ХОНЖ

 

***

 

«Новый» қазақ

Менің бір көршім бар. Өзі сауысқаннан да сақ, бір шоқып, екі қарайды. Біз көрші болғалы бес-алты жылдың ішінде үйіне ешкім бас сұққан емес, өзі де ешкімнің шаңырағына кірмейді. Бірдеңе сұрап қалсаң, құдайдың тегін ағып жатқан қара суын бермейтін нағыз шық бермес Шығайбай.
Бәріміз үшін оның қандай қызмет атқаратыны, немен шұғылданатыны бір жатқан үлкен жұмбақ. Баяғы бала кезімізде киноларда көретін шпионның нақ өзі.
Айтпақшы, бұл көршімнің қақтаған балық сияқты қатып қалған әйелі және сабалақ-сабалақ жүнді иті бар екендігін білеміз. Олар да иегері сияқты ешкіммен араласпайды, сирек бой көрсетеді. Көршімнің шиқ-шиқ етіп жүретін ескі жеңіл машинасы болатын. Оны сатып жіберген болуы керек, бір күні жап-жаңа «Мерседес» мініп жүргенін көріп қалдық. Ол көп ұзамай-ақ өзінің ескі үйін сатып, Алманияға көшіп кеткен неміс көршісінің үлкен жаңа үйін сатып алды. Оның ағаш қақпасын алып тастап, оның орнына жаңа темір қақпа орнатты. Бір айдан соң әлгі қақтаған балық сияқты әйелі жердің астына түсіп кеткендей зым-зия жоқ болып, енді сабалақ-сабалақ жүнді итті қақшаңдап қалған бір жас әйел серуендетіп жүретін болды.
Сөйтіп, көршім өзінен және итінен басқасын бәрін шетінен жаңалап шықты. Арада бір апта өткен соң біреулер көршінің жаңа үйдегі жаңа қақпасына:
Көліктің алдың жаңасын,
Үйдің алдың жаңасын,
Қақпаның қойдың жаңасын,
Қатынның алдың жаңасын.
Қайтесің бәрін жаңалап,
Бәрібір өзің жамансың, — деп майлы бояумен баттайтып тұрып, өлеңдетіп жазып кетіпті. Кім болса да, дәл біліп жазған. Бірақ, оған ұялып, намыстанып жүрген көршім жоқ. Сол баяғы тұрысы, сол баяғы жүрісі. Оған аспан түсіп, жер ойылып кетсе де бәрібір. Өйткені ол «новый» қазақ қой...

Доктырхан ТҰРЛЫБЕК, жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты.

 

 ***

 

Езутартар

Жігіт қызға хабарласып тұр:
– Жаным, менде театрға екі билет бар.
– Бір қойылымға екі рет барып көрмекшісің бе?
***
Дәрігерге келген ер адам шағым айтып отыр.
«Ұйықтай бастасам болды, түсіме адам шошырлық үрей кіреді. Оянсам, сол үрей қасымда жатады».
***
Екі бит театрдан шығып шіреніп тұр.
– Не істейміз, ит ұстаймыз ба, жоқ, жаяу кете береміз бе? – деп кергіпті біріншісі екіншісіне.
***
Ғалымдар «Қай елде анайы сөзді көп қолданады?» деген зерттеу жүргізеді.
Англия – әрбір он сөзде;
Америка – әрбір төрт сөзде;
Ресейге келеді. Екі құрылысшының сөзіне құлақ түреді де, мынадай ғылыми тұжырымға келеді: иә, Ресейде тұрпайы сөзбен ұрыспайды екен, олар тек сол сөзбен ғана сөйлеседі екен.
***
Жазылмаған заңдылық:
«Білімді студенттердің өзі екіге бөлінеді: біріншісі – сабақты жақсы білетіндер, екіншісі – ректор мен декандарды жақсы білетіндер.
***
– Еліміздегі білім сапасы қашан жоғарылайды?
– Профессорлар лекцияға – джиппен, ал студенттер автобус-троллейбуспен келетін болғанда. Керісінше емес.
***
Қаламдастардың әңгімесінен:
– Шығармашылық бәйгеден тағы өте алмадым.
– Өлең беріп пе едің?
– Иә.
– Өлең емес, төлем беруің керек еді.

 

 ***

Классик

Таңғалмайтын заман бұл,
Қайда жүрсең де аман жүр.
Кәрі саулықтікіндей жасы қалғанда,
Жаппардың жазушы атанғаны
Ерсілеу көрінді маған бір.
Сол көкеміз
Талантымен танылды ма,
Әлде редактор есебінен жаңылды ма,
Журналда екі әңгімесі жарияланды.
(Бәлкім, сыйлау да керек шығар қарияңды).
Сол-ақ екен,
Жаппарда жан қалмады.
(Оның мұнысына сырын білетіндер таңғалмады).
Журналды алып,
Анаған да жүгірді,
Мынаған да жүгірді.
– Атым қалатын шығар мәңгіге енді,
Оқыдың ба журналдағы әңгімемді, –
Деп оқымасына қоймады.
(Айтпақшы, бұл пақыр,
Осы әңгімесін екі апта тойлады).
Өзін классик санаған,
Оған негізінде
Жолай бермеуші еді жан адам.
Зорлықпен әңгімесін оқығандар
Түңіліп отыр.
Күлдібадам еңбектің
Әр жолына үңіліп отыр.
Сөйтсек, бұл классик
Эстетика, этикадан мақұрым екен.
Бұл жазғышбек
Тауып алыпты өзіне ұнамайтындарды
Сынап жазудың әдісін тауыпты төтен.
Тілі сондай зәрлі,
Улы тікенін олай да сұғады,
Былай да сұғады.
Кей сөзінен тіптен шошынасың.
Ашық-шашық суреттепті,
Ұрысып қалған бір ашынасын.
Сондай-ақ бұл жазғыш,
Өзімен бірге жүрген жолдастарын,
Тіпті туысқан-қандастарын,
Аямай сынаған көрінеді.
Балдыр-батпақты оқығандар,
Оқи отырып шошынғандар:
– Мынау әншейін су ғой, – дейді.
Екінші біреуі:
Су емес, у ғой, – дейді.
Міне, Жаппар көкем,
Шимайын тағы әкеліп отыр,
Дегендей «мені мақтасын».
Елді ала тайдай бүлдіретін,
Осындайлардан Құдай сақтасын!

Сабырбек ОЛЖАБАЙ.

saryarka-samaly.kz