Қарағанды футболшылары ойынды белсенді бастады. Басымдықты бермеуге тырысты. Десе де, кездесудің 20-шы минутында «Ертіс» командасының ойыншысы Карлуш Фонсеканың соққан голы қонақтарды абдыратып тастады. Осылайша екі тарап үзіліске 1:0 есебімен тарқасты.

«Шахтер» ойынның екінші кезеңінде ес жиды. Қонақтар тарапынан Милон Стоянович есепті теңестірді. Ал жеңіс голын Сергей Хижниченко соқты. Павлодарлықтарда есепті теңестіретін бірнеше мүмкіндік болған еді. Алайда жерлестеріміз мүмкіндіктерін оңтайлы пайдалана алмады. Өкінішке қарай, өз алаңында сәтсіз өнер көрсетіп жүрген «Ертіс» бұл жолы да «дәстүрінен» жаңылмады.

Бұл турда алматылық «Қайрат» «Атырау» командасын қабылдап, 1:1 есебімен тең ойнады. «Астана» командасы көшбасшы атағын дәлелдеуде. Елордаға келген «Тобылды» 2:0 есебімен жеңді. Ал «Тараз» командасы Көкшетауда өткен ойында «Оқжетпестен» басым түсті (0:1). «Ақжайық» өз алаңында «Ордабасы» командасымен кездесіп, айласын асыра алмады (1:2).

Данияр ЖҰМАДІЛ

saryarka-samaly.kz