Қайсыбір жылы көрмеде ағаш күбі көзге түсті. Сырты оюланған, биіктігі шамамен бір метрден жоғары. Күбінің ортасындағы піспегі бөлек емес, ағаштың ішкі бөлігінен ойып жасалып, күбімен сақиналы ағаш арқылы байланыстырылған. Сөзбен сипаттап жеткізу мүмкін емес. Міне, Бақыт Жәлелұлының қолынан осындай ұлттық бұйымдардың талайы туындап еді.

Бақыт Сағандықов – Железин ауданының тумасы, мамандығы - геолог. Ол өмір бойы ұлттық өнерден қол үзбеген шебер еді. Зайыбы Ботагөз Кәрімжанқызы да мата, киіз, теріден төр кілемшелер, паннолар жасаудың шебері. Еліміздің бас қаласы Астанада, басқа да өңірлерде өткен республикалық, халықаралық этнографиялық фольклорлық форум, ұлттық қолөнер бұйымдарының көрмесінде этнограф ғалымдар мен тарихшылардан, сондай-ақ М.Әуезов атындағы шығыстану институтының, Мемлекеттік Орталық музейдің, Ш.Уәлиханов атындағы этнография және археология институтынан жоғары бағасын алған Бақыт Жәлелұлының ата-бабадан қалған ұлттық бұйымдарды жаңғыртуға қосқан үлесі аса қомақты. 2000-шы жылдардың басында Москвада Қазақстанның Ресейдегі күндеріне орай ұйымдастырылған үлкен көрмеде еліміздің ұлттық бұйымдары оның коллекциясы арқылы паш етілді. 2002 жылы Швейцарияның астанасы Женева қаласында Халықаралық конвенция шебердің қолөнер бұйымдарына жоғары баға беріп, Халықаралық Алтын сапалы «Эра качества» арнайы жүлдесімен марапаттады.

Бақыт Жәлелұлының балалық шағы соғыстан кейінгі ауыр жылдарда өтті. Ол кезде ауыл ұсталары шаруашылыққа керек заттарды шеберханада өздері жасайтын. Темір балқытатын, ағаш жонатын. Ата-бабасынан бері қарай шеберлік өнер жалғасып келе жатқан бала Бақытқа ұста шеберханасы өмір мектебіндей болды, ол соның бәрін қызығушылықпен үйренді, есейген кезде өзі шындап айналысты. Бақыт аға бір сұхбатында:

- Ертеде қазақтар табиғатты қатты аялады. Мысалы, шеберлер еш уақытта ағашты көктем мен жазда шаппайтын. Бұл үшін күзде бірнешеуі жиналып, орманға келетін. Ол кезде ағаш атаулы жапырағынан арылып, ағаш, өсімдік ұйқыға дайындалып, тіршілігі баяулай бастағанда таңдалған ағаштың тамырын қазатын. Көп жылғы ағаштың тамырынан қайсыбір шебер ыдыс-аяқ жасаса, тағы бір шебер ағаштың бел ортасынан есік-терезе, т.б., ал жоғарғы жағындағы бұталарынан доға, қамыт жасайтын. Қазып алған ағашты әр бұтасына дейін тастамай, ұқыптылықпен пайдаланып келді. «Судың да сұрауы бар» демекші, табиғаттың да киесі бар, орман қалың, ағаш көп деп оңды-солды шауып, шашуға болмайды, - деген еді.

Қазақтың ұлттық өнерінің жандануына сіңірген еңбегі үшін Б.Сағандықов бірқатар марапаттауларға ие болды. 2002 жылы «Облыс алдында сіңірген еңбегі үшін» белгісімен марапатталды, есімі «Қазақстанның таңдаулы адамдары» энциклопедиясына енді.

Бақыт аға өзінің жетпіс жылдығына орай, осыдан он жыл бұрын немересі Айнұрға арнап оннан астам (сақинадан басқа) әшекей бұйымдар жасады, 16-18 ғасырлардағы әйелдердің көне әшекей бұйымдарын қайта жаңғыртты. Ертеде ер-тұрман, киім, сандық-кебеже, т.б. салынған ою-өрнек, белгі-бедер арқылы ру, адамның жасы, ортасындағы дәрежесі, отбасы жайлы мәлімет алуға болатын-ды. Ер азаматтың киімі, белбеуіне салынған ою-өрнек пен әйелдердің киіміндегі ою-өрнек, әшекейлер бір-біріне ұқсамайтын. Міне, ата-бабадан келе жатқан осынау заңдылықтарды қайта жаңғыртып, іске асырып, көненің көзін әспеттей білген шебер Бақыт Жәлелұлы қазір арамызда жоқ. «Ас тұяғын тай басар» демекші, әкесінің ісін ұлы Саид жалғастырып келеді. Саид Бақытұлы бүгінгі таңда шеберлігімен алыс-жақын шет елдерге танылып қалды.

Шілденің 25-інде Бақыт Сағандықовтың туғанына - 80 жыл. Геолог бола тұра, өмір бойы қолөнерімен айналысып, өнер әлемінің төрінен ойып орын алған шебердің есімі ұмытылмауы керек. Мектептерде жас ұрпақты ұлттық өнерге баулитын арнайы үйірмелер ашып, Бақыт Жәлелұлының ісі жалғасатындай мүмкіндік жасалса және облыс орталығындағы музейлердің бірінен арнайы орын белгіленіп, шебердің көз жауын алатындай бұйымдары көрмеде тұрса, бұл – ұлттық өнерге деген құрметіміз болар еді.

Сая МОЛДАЙЫП

saryarka-samaly.kz