Баянауыл аймағы көне заманнан қазақ халқының атамекені болып табылады. Шөбі шүйгін, өрісі кең таулы аймақ - малдың түр-түрін өсіруге өте ыңғайлы әрі мал шаруашылығының өсіп, кеңеюіне өте жақсы жағдай жасалған жер. Бұл жерде ертеде жоңғар шапқыншылығы кезіндегі қантөгіс ұрыстарда Қабанбай, Бөгенбай, Олжабай, Малайсары, Жасыбай батырлардың бастауымен шайқастар өтті. Бұған куә – қазіргі бізге жеткен тау, асу, көл мен елді мекен атаулары. Елдің есінде жоңғарлармен күрескен батырлардың ерлігіне байланысты түрлі аңыздар сақталған.

Баянауыл - тамаша табиғатымен ғана емес, мәдени тарихи мұраға бай өңір. Сондықтан Баянауылды айтқан кезде оның тарихи мұрасын, табиғи байлығын айтпай кету мүмкін емес. Ертедегі үңгірлер мен қойнаулардың қабырғасындағы жұмбаққа толы суреттер, қорғандар мен балбал тастар - ежелгі адамдардың қолымен жасалған құнды деректер. Әр тас, бұлақтар, сирек өсімдіктер - көнедегі жеріміздің, әртүрлі пайдалы қазбалардың таңғаларлық сұлулығын айқындайтын бірден-бір көрініс.

Түрік дәуіріндегі ескерткіштердің ең белгілісі балбал тастар болып саналады. Деректерге сүйенсек, әдетте бұлар шығыс жақта орналасып, 7-8 метрлік көлемдегі шаршылы қоршауды көрсетеді. Балбал тастар культтік түрік ескерткіштері ретінде дала мешіттері болып саналған. Мұнда түрік құдайларының мүсіндері орналасқан. Ер адам және әйел бейнесі мүсінделген. Түріктік балбал тастар кейіннен жай қыпшақтық бедерлерге - әйел бетті кескіндемелерге ауысқан. Баянауыл археологиялық ескерткіштері көптеген ғылыми ақпаратты құрайды. Мұнда ғалымдар зерттейтін орындар жетерлік. Бұлардың барлығы өте құнды қазына, ұлттық байлық болып саналады.

Баян жеріне табан тіресеңіз, қола дәуірінің қорымдары мен басқа да орындарға сапарлауға болады. Margulan Сentre аймақтық археологиялық орталығының директоры Тимур Смағұловтың айтуынша, ежелгі күнге табынушылар ұрпақтарына Торайғыр көлінің маңында ғибадатхана қалдырған. Екі жарым мың жыл бұрын қазіргі Баянауыл жерінде өмір сүрген ежелгі адамдар астрономияны біліп, күнге табынған, сондай-ақ, ашық аспан астында ғибадатхана орнатқан. Бұл жерді ғалымдар «Мұртты қорған» деп атаған.

- «Мұртты қорған» - құпияға толы археологиялық орындардың бірі. Бұл жерде ежелде тастан жасалған тіреуіштер болған. Олардың ұзындығы - 6-8 метр, салмағы 1 тоннаға жуық болған. Ежелгі адамдар мұндай тіреуіштерді жонып, өздері қасиетті деп санаған жерлерге қойған. Көріп отырғандарыңыз - пұтқа табынушылардан қалған ескерткіштер. Ғылыми тілде «менгире» деп аталатын бұл тастан күнді бейнелейтін шеңберді көруге болады, - дейді Т.Смағұлов.

Ғалымның айтуынша, «Мұртты қорғандар» көбінесе Шығыс Еуропадан басталып, Моңғолия аумағына дейін орналасқан. Орталық Қазақстанда да бар. Сондай-ақ, аталмыш аумақта жануарлар бейнеленген «Бұғы тасы» деп аталатын ескерткіш табылған. Мұның астарында тағы бір сыр жатыр дейді ғалымдар.

- Мұндай тастар негізінен Моңғолия аумағында шоғырланған. Сондай-ақ, олар Алтайда кездеседі. Қазақстанда бұл сирек кездесетін жағдай. Астарында бір мән бар, - дейді Т.Смағұлов.

Бұл жердің ерекшелігі Баяна-уылда табылған барлық ескерткіштер - түпнұсқа. Ғалымның айтуынша, Торайғыр көлінің маңайында Сақ дәуіріндегі тайпалардың, сондай-ақ орта ғасырлық ескерткіштерін де кездестіруге болады.

Бүгінде бұл аумақта Елбасы Н.Назарбаевтың тарихты зерттеуге байланысты алға қойып отырған тапсырмаларына сәйкес зерттеу жұмыстары жүргізілуде. Баянауылдың тарихи жәдігерлерін жаңартуға кіріскен жергілікті археологтар «тарихи ескерткіштерді қалпына келтіру жұмыстары Баянауыл ұлттық саябағын Қазақстанның туризм орталығына айналдыруға септігін тигізеді» деген ойда.

– Ежелгі мәдениет құндылықтарын жаңартып, болашаққа жеткізу керек, ол да - біз үшін құнды тарих. Ал Павлодар облысы – тарихқа да, мәдени мұраларға да бай өлке. Сондықтан облысымызда мәдени мұра мен археологиялық нысандарды мемлекеттік деңгейде қалпына келтіру туристік индустрияға қосылған зор үлес деп ойлаймыз, – дейді орталық директоры Тимур Смағұлов.

Мереке АМАНТАЙ

saryarka-samaly.kz