Не болар екен, ә?

Қарсақбай шал үйіне ашулы жүзбен кірді. Көңіл-күйін отағасының қас-қабағынан-ақ ұғатын Жақсыгүлдің іші қылп ете қалды. Тағы не болды екен? Қоңыр сиыр бұзау тастап кетті ме? Әлде қара айғыр тағы бірдеңені бүлдірді ме екен? Жо-жоқ. Бұл шал таңертең қалаға кеткен. Демек ұл мен келінге қатысты әлдененің болғаны анық...

- Шал-ау, түрің неге өрт сөндіргендей бозарып кеткен? Тыныштық па?

- Тыныштық, бәйбіше, тыныштық. Тыныштықтың арқасында көп нәрсені бағалай алмай жүрміз ғой.

- О, тоба! О, не дегенің? Ненің қадіріне жетпей жүр екенбіз? Бейбітшіліктің қасиетін түсіну үшін соғысамыз ба енді?

- Ой, сен де қай-қайдағыны айтып. Соғыстың көкесін мен көрдім емес пе?! Кешегі Ауған соғысында майданның бел ортасында жүрген кім еді? Ол аз десең, сенімен «соғысқаныма» қырық жыл болды биыл.

- Мақтанып тұрсың ау. Саған салса Ұлы Отан соғысына да қатыстым деп кеудеңді керерсің.

- Отан үшін жан пида! Ол кезде өмірде болсам оған да қатысатын едім.

- Шал-ау, не болды саған? Бұны неге маған айтып отырсың?

Түсінсем бұйырмасын.

- Қазіргі жастарды айтамын да. Ауырдың астымен, жеңілдің үстімен жүргісі келеді.

- Сен де қызықсың. Заман жастардікі. Ғылымның дамыған дәуірінде балаларымыз жүрсін, көрсін, үйренсін. Әлде біз секілді қара жұмыс жасап, малдың соңынан салпақтауы керек пе?

- Әр нәрсенің шегі мен шеті бар ғой, бәйбіше! Бүгін қаладағы досым Сәбендікіне бардым. Түскі астарын алдарына алғандары сол екен. Сәкен мен Күләнданың ортасында бір жігіт отыр.

- Туыстарының баласы шығар?

- Басында мен де солай ойлағанмын. Сөйтсем Сәкеннің Құрмашы. Шашын тақырайтып алып тастаған. Алғашқыда танымай қалдым.

- Ойбай-ау, Құрмаш әскерге кетті емес пе? Отан қорғаймын деп ант-су ішкен адам үйіне келуші ме еді? Шал, сен де алжиын дегенсің! Басқа біреумен шатастырып отырсың ғой.

- Осы жасқа келгенде саған өтірік айтады дейсің бе? Сәкен мен Күләнда өздері айтты. «Құрмаш сағындырмай үйге келіп тұрады. Әскери борышын осы қалада өтеп жатыр ғой»,- дейді. Ана мисызың да ыңғайсызданып отырған жоқ. Телефонға телміріп, интернетке сүңгіп, көңілі өзге бір әлемде өзімен-өзі әбігер.

- Астапыралла не дейді? Әскердің аты әскер емес пе? Онысы несі?

- Соны айтамын, Жақсеке. Ал біз оларға сенім артып жүрміз. Құдай бетін аулақ қылсын. Алда-жалда соғыстың оты тұтанар болса мына босбелбеулер Отанын қорғай ала ма? Шіркін біздің кезіміздегі әскер қандай еді. Кәдімгідей армияны сезінесің. Жеріңді, еліңді, ауылыңды, үйіңді сағынасың. Өмірдің ащысы мен тұщысының дәмін татып үлгересің. Қолыңа қару алған сәтте бір елдің тыныштығын күзету мойныңда тұрғанын түсінесің. Қара ботқаны жегенде туған үйіңнің дәм-тұзының қадіріне жетесің. Ол кездерде әскерге деген солдат пен елдің құрметі ерекше еді. Ал қазір ше? Осының бірі де жоқ. Әскерге баратындардан бармайтындардың саны көп. Барғандардың тірлігі мынау болса, оның несі қызық, несі әскер?

Қарнымның ашқанына емес, қадірімнің қашқанына өкінемін, бәйбіше! Түбі не болар екен, ә?

Алпысбай ӘБДІЛҰЛЫ.

 

 

Арзан мен қымбат

Өнерпаздың әні арзан,
Бойжеткеннің тәні арзан.
Жұмыр басты пенденің
Абырой мен ары арзан.
Жер астының кені арзан,
Жас жігіттің теңі арзан.
Жан жаралы, тән салғырт,
Денсаулығың ең арзан.
Көнелердің көзі арзан,
Ақсақалдың сөзі арзан.
Ақ жаулықты әжеңнің
Басындағы бөзі арзан.
Қас батырдың басы арзан,
Жетімнің көз жасы арзан.
Спортшының мойнында,
Алтын, күміс «тасы» арзан.
Анаңыздың тілі арзан,
Бұлбұлдардың үні арзан.
Теңгенің құн-пұлы арзан,
Қаптап кетті осындай,
Жер бетінде кіл арзан.
Қымбаттатар бұларды
Арзан боп тұр шығар заң.
***
Нан қымбат, шай қымбат,
Ұн мен қант, май қымбат.
Бай паңданып, қымбаттап,
Кедей байғұс қайғырмақ.
Мансап пенен тақ қымбат,
Жалған атақ, ат қымбат.
Құдай емес басыңа,
Бастық берген «бақ» қымбат.
Панасызға үй қымбат,
Санасызға ми қымбат.
Байлық қана сыйлайтын
Көңіл қымбат, күй қымбат.
Шұрық - тесік жол қымбат,
Құндыз жаға тон қымбат.
Қоңырауы «шешетін»,
Көкең болса сол қымбат.
***
Қымбат кетті арзандап,
Арзан жатыр қымбаттап,
Жауабы жоқ сұрақтың,
Шешімі не, жұмбақ, тап?!

Алпысбай ХОНЖ

 

 

Ңөң
(үзінді)

Бір басымда санасаң,
Өнер,
Білім
Тегіс бар.
Болмайтұғын Бас әріп
Қай жерімде кеміс бар?!
– Бола алмайсың Бас әріп,
Түспе текке азапқа.
«Ң» әрпінен басталар
Бір сөз жоқ қой қазақта.
Деді осында біреулер,
Дәлел айтып бұлжытпас.
(Дәлелді сөз – әлді сөз,
Әлді сөзге кір жұқпас).
– Солай, – десті қалғаны
Оңай көніп, ойланбай
«Көне сал», – деп біреулер
Тамақ беріп қойғандай.
– «Ң» әрпінен басталар,
Сөз бар, – деді «Ң».
Көнбеді.
– Білмесеңдер айтайын,
Оның аты – «Ңөң», – деді.
Айсберг дегенді,
Арғы қазақ «ңөң» деген.
Көктемде көшетін
Өзен мұзын «Сең» деген.
Айтқан сөзім айғақты,
Керегі не мазақтың?!
Өмір бойы зерттедім,
Ана тілін қазақтың.
Зілдей ауыр зілдерді,
«Ңөң» дейді екен бұрындар.
Ал «сең» деген сөзінде
«Жеңіл» деген ұғым бар.
Өң,
Дөң,
Жең,
Мең,
Сең дейді.
Тең,
Таң,
Тоң,
Көң,
Кең дейді.
Ал енді Айсбергті
Бас алсаң да, «нөң», – дейді!

Ойда жоқта осылай,
«Ң» ашты бір жаңалық.
41 әріп бас шайқап,
Тұрып қалды қамалып.
«Ңөң» деген сөз қазақта
Жоқ десең де еркіңде.
Қарыз сұрап тұрғам жоқ,
Бар десең де еркіңде.
«Ңөң» деген сөз қазақта
Жоқ десең де еркіңде.
Бар десең де дәл содан
Бұзылмайды көркің де!

Оспанхан ӘУБӘКІРОВ

 

 

Көзі моймаған ит

Көпірге түсті бір ит сүйек тістеп
Ойы бар көпірменен дария кешпек.
Көрінді су бетінде бұған бір ит,
Мұнда да бір сүйек бар бақса түстеп.
Судағы ит - бұл бейбақтың көлеңкесі.
Білерлік көлеңкені болмады есі.
Толымды көрінген соң анау сүйек,
Ол иттен тартып алмақ бар дәмесі.
Сол оймен атты суға айбаттанып,
Бар күшін жинап бойға, қайраттанып,
Түскен соң жойқын суға ол батырдың
Ісінің не болмағы айдан жарық.
Әрқайда ашкөздің олжасы осы,
Байқасаң іс түбіне көзің салып.

 

 

Езутартар

Қожанасырдың қолында өте әдемі жүзікті көрген саудагер досы былай депті:

- Қожеке, екеуіміз бұрыннан доспыз. Жақында қажылыққа барамын. Сізді қатты сағынатын боламын. Сондықтан жүзігіңізді маған сыйға берсеңіз, сізді сағынған кезімде жүзікке қарап өзіңізді көргендей болайын.

- Мен де сізді сағынатынға ұқсаймын. Ең дұрысы, жүзік өзімде қалсын. Оған қараған сайын, «осыны досым сұрағанда бермеп едім» деп сізді еске алармын, - деген екен.

saryarka-samaly.kz