Байқоныстың «тұңғышы»

Аймақ басшысы, алдымен, ауданның тірек ауылдарының бірі Байқонысқа барды. Бұл елді мекендегі құрылысы аяқталуға таяу қос үйді көріп, кім-кім де қуанады. Өйткені, тәуелсіздік алған жылдан бері Байқоныста бірде-бір тұрғын үй салынбаған. Бұл – тұңғышы. Үйдің құрылысын жеке кәсіпкер бастапты. Аяқталғаннан кейін мемлекетке өткізеді. Екі пәтерлі қос үйдің әрқайсысы 16 млн. теңгеге бағаланып отыр. Бұйыртса, екі аптадан кейін қолданысқа берілуге дайын болмақ. Мұнда бюджет саласы қызметкерлері, жас мамандар жайғаспақ. Ауылдың жалпы әлеуметтік дамуы алға басқан. Су мәселесі де шешіліпті. Мектебінің қазандығы да, төбесі де, электр желісі де толығымен жаңартылған. Жаңа қазандық ауылдың мектебін, мәдениет үйін жылумен қамтиды. Болашақта ауылдық әкімдікті де осы қазандыққа қосу көзделуде. Бұған дейін кішігірім жөндеу көрген мәдениет үйіне енді күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Облыс әкімі Б.Бақауов Байқоныс тірек ауыл болғандықтан, әлеуметтік нысандардың айналасын көріктендіруге көңіл бөлу керектігін айтты.

Ауылда қаңырап тұрған ғимаратты білдей шұжық цехына айналдырған «Иларбек» ШҚ ісі де қуантады. Қаладан жабдықтарын ауылға көшіріп, шұжықтың түр-түрін шығарып отыр. Жергілікті жеті адамды жұмыспен қамтыған.

Тапсырыс қыста түссе...

Ал «Песчан жөндеу-механикалық зауытында» әлеуметтік нысандарға арналған қазандық жасау жұмысы қызған. Тапсырыстарды жылыту маусымына дейін әзірлеу қажет. Сондықтан жаз айларында зауытта жұмыс үзілмейді. Есесіне қыста кәсіпорын біраз уақыт тұрақтап қалады екен. Сол себепті кәсіпкер ауыл шаруашылығы техникаларының ауыстырмалы қосалқы бөлшектерін өндіруді мықтап қолға алуда.

- Еліміз бойынша ауыл шаруашылығы техникаларының ауыстырмалы бөлшектері бойынша сұранысты қанағаттандыруды көздейміз. Бүгінде жерді өңдейтін техникалардың табандарын жасаудамыз. Ақмола облысының шаруаларымен байланыс орнаттық. Былтыр біздің табандарды қолданған азаматтар алдағы жылға да тапсырыс беріп отыр. Яғни тиімділігі мен сапасына көз жеткізді. Біздің өнімнің құны әлемнің өзге елдерінен әкелінетін баламаларынан екі есеге арзан. Бірақ бәрін шаруаларға түсіндіріп, тауарымыздың сапасы өзгелерден кем түспейтінін дәлелдеуіміз керек, - дейді кәсіпорынның атқарушы директоры Арман Әлекпаров.

Сондай-ақ кәсіпорын басшылығы облыс әкіміне алдағы уақытта қазандықтарға тапсырыс жазда емес, қыста берілсе деген бұйымтайын білдірді. Себебі аз уақытта әр нысанға лайықтап пештерді жасап шығу қиынға соғады. Б.Бақауов құзырлы орган өкілдеріне әлеуметтік нысандарды сатып алу бойынша конкурсты желтоқсан-қаңтар айларында өткізу мүмкіндігін қарастыруды тапсырды. Негізі заң бойынша оған кедергі жоқ. Тапсырыс қыста түссе, зауыт қазандықтарды жаз басталмай тапсырыс берушінің қолына өткізуге қауқарлы. Бұл екі жаққа да тиімді болмақ.

Жоқтан бар жасағанға – грант!

Песчан ауылының №2 мектебінің төбесі, есік-терезесі ауыстырылып, жаңа кейіпке енуде. Қоршауы да жаңарып, ауласына кеспетас төселген. Үнемделген қаржыға спорт залы да жөнделіпті. Шахмат сыныбы ашылып, жеткіншектердің зияткерлік ойынға бейімі байқалуда.

Ал осы білім ордасының ауласына аяқ бассаңыз, әдемі бір әлемге тап боласыз. Қолдан жасалған түрлі мүсін көздің жауын алады. Күнге қыздырылып жатқан көлбақаны, ағаш томарына жайғасқан түлкінің, жорғалап келе жатқан қолтырауынды, айдындап жүрген аққуды, қысқасы, аң-құстың біразын осыннан кездестіре аласыз. Бір қызығы осының бәрін ауыл мектебінің қарапайым ғана әлеуметтік педагогы Марат Әленов есімді азамат жасап отыр. Ол тіпті ағаштың түбін, спорт алаңдарына төселетін жасанды жабындардың қиқымдарын да кәдесіне жаратқан. Ал мүсіндерді жасауға гипс, цемент сынды материалдарды қолданыпты. Ұстаздың төлтуындылары облыс әкімінің қызығушылығын тудырды.

- Мұндай іс кез келгеннің қолынан келмейді. Сондықтан осындай жандарға қолдау көрсету қажет. Шеберханасын ашып, бизнес-жоспарын құруға, арнайы грант беруге қолғабыс жасалуы тиіс. Кез келген ғимараттардың айналасын әсемдеу үшін қолөнер шеберінің туындыларына тапсырыс көптеп түсетініне күмәнім жоқ. Қала әкімі де арнайы келіп, шаһарды абаттандыруда бұл мүсіндерді қолдануына әбден болады, - деді облыс әкімі Б.Бақауов.

Әлеуметтік жауапкершілік жемісі

Качир ауданында кәсіпкерлердің әлеуметтік жауапкершілігінің жемісі аз емес. Мәселен, Трофимовка ауылы аумағындағы «Агрофирма-Покровка» ЖШС елді мекенге құны 12 млн. теңге тұратын өрт сөндіру машинасын тарту етті. Айналасы орман алып жатқан ауылдарда өрт қаупі жоғары екені сөзсіз. Осыны ескерген серіктестік басшысы В.Деккер ауылдастарына қолғабыс жасауды жөн көріпті. Ауылдың екі азаматы арнайы оқытылыпты. Әрқайсысының еңбекақысы – 38 мың теңге. Облыс әкімі Болат Жұмабекұлы бұл соманың аздығын сынға алды. Негізі, аймағымыздың барлық жерінде жалақы осы мөлшерде екен. Сондықтан аймақ басшысы құзырлы органдарға облыс бойынша жалақыны көтеру жағдайын қарастыруды тапсырды.

Айта кетейік, аталмыш серіктестік егін егумен айналысады. Бүгінде жаңа техникалар алып, өрісін кеңейтуде. Қыста техникаларын дайындайтын арнайы аумақ та салып жатыр. Бұл қожалыққа жеткізетін жолдың біраз бөлігі ойлы-шұңқырлы. Әсіресе күз кезінде өнімін алыстан алып кететіндер үшін қолайсыздық тудыруда. Облыс әкімі жолды жөнге келтіруге көмек көрсетілетінін айтты.

Әлеуметтік жауапкершілік демекші, мұндай көмек Львовка елді мекенінде де көрініс тапқан. Ауылдың қалталы азаматы А.Вильгельм заманға сай, тіпті, ішінде бассейні бар балабақша салуда. Құрылысы аяқталған соң ауылдастарына тарту етпек. Аталмыш ауыл тұрғындары орталық көшеге асфальт төсеуге облыс бюджетінен жәрдемдесуді сұрады. Аймақ басшысы Б.Бақауов ауылына барын салып жатқан азаматтары бар елді мекенге қолдау көрсету қажеттігін тілге тиек етті. Алайда жолды биыл жөндеу уақыт жағынан тығыз болып кететінін ескеріп, келесі жылға қалдырған жөн, деді.

Береговое елді мекеніндегі «Щербак» шаруа қожалығы да ауылына қарайласудан тартынбайды. Ауылын абаттандыруға жалпы 40 млн. теңге жұмсапты. Кәсіпкердің әлеуметтік жауапкершілігіне оң бағасын берген облыс әкімі шаруа қожалығының қазіргі тынысымен де танысты. Бұл ретте алқаптарды әртараптандыруға, егістікті суаруға көңіл бөлуді ұсынды. Шаруа қожалығы биыл күнбағыс алқабын 30 пайызға азайтып, бұршақ, қарақұмық еккен. Келесі жылы 140 гектар аумақты суаруды межелеуде. Осы ретте облыс әкімі инженерлік коммуникация жүргізу үшін мемлекеттің жәрдеміне жүгінуге болатынын атап өтті.

Арпаға «ауыз салса»...

Облыс әкімі Березовка ауылының айналасындағы егістік жерді бірнеше жылдан бері игере бастаған «Велес-Павлодар» серіктесіне де барды. Өңіріміздің ірі кәсіпкерлерінің бірі Вячеслав Руффқа қарасты бұл қожалық егін шаруашылығымен айналысады. Иен далада кәсіп ашқан азамат бүгінде шаруашылықтың техникасын жаңартуда. Дегенмен валюталық курстың өзгеруіне байланысты біраз жоспарды тоқтата тұруға тура келді, дейді ол. Кәсіпкер отыз шақты азаматты еңбекпен қамтып отыр. Оларға жайлы баспана да салып берген.

В.Руф өзінің басқа кәсіпорын-дарына қажетті жем-шөпті осында әзірлейді. Десе де арпаны Солтүстік Қазақстаннан әкеледі. Облыс әкімі осы мәселені жергілікті шаруалар арқылы шешу қажеттігін ұсынды. Жалпы облысымызға жылына 100 мың тонна арпа қажет. Бұл - аймағымызда жұмысы жанданған қос құс фабрикасына да керек дақыл. Ал В.Руфтың кәсібі жылына 20 тонна арпа тұтынады.

- Арпаны өсіруге көбі жүрек-сінеді. Өйткені сату жағы қиын. Ылғалмен жиналған дақылды көбінде бидайдан кейін ғана элеваторларда кептіреді. Сондықтан сақтау қаупі жоғары деп диқандар да осы дақылды өсіруге жиі бара бермейді. Ал сұраныс 100 мың тонна болса, ойланатын жағдай. Мұндай мөлшерде оны өсіретін қауқарымыз бар, - деді облыс әкімі Б.Бақауов.

Бұл ретте кәсіпкер үш жақты келісімге отыруды ұсынды. Яғни, арпа өсіретін шаруа, билік және оны сатып алушы кәсіпкер арасында нақты мөлшерге келісім болса, арпасыз қалу қаупі болмас еді, деді В.Руф. Ол арпаны жергілікті шаруалардан нарықтық бағамен сатып алуға дайын.

Құны неге қымбат?

Аймақ басшысының аялдаған соңғы елді мекені – аудан орталығы Тереңкөл ауылы. Мұнда облыс әкімі жаңадан салынған әскери комиссариатта болды. Бұған дейін ғимараттан таршылық көрген орган мамандары қазіргі таңда жайлы орында жұмыстың да жеңілдегенін айтты. Б.Бақауов келесі жылы Ертіс ауданында әскери комиссариат салынса және облыстық мекемеде жөндеу жүргізілсе, аймағымызда осы органның ғимараты бойынша мәселе толығымен шешілетінін атап өтті.

Аймақ басшысы келешекте құрылыс материалдарын сататын сауда үйінің құрылысымен де танысты. Нысан халықаралық тас жол бойында орналасқандықтан, кәсіпкерге болашақта жол бойы бизнесін дамыту жағын қарастыруды ұсынды.

Тереңкөлде де құрылыс қызу. Мұнда екі қабатты 24 пәтерлі тұрғын үй салынуда. Болашақта осы аумаққа тағы да төрт үй салу жоспарда бар. Облыс әкімі Б.Бақауов пәтерлердің бір шаршы метрінің құны 170 мың теңгеге жуықтайтынын сынға алды. Қаладағы тұрғын үйлердің шаршы метрі бағасының өзі бұдан
арзан екенін ескертіп, жергілікті билікке мән-жайды анықтауды тапсырды.

Ал Тереңкөлдегі денешынықтыру және сауықтыру кешенінің құрылысы алаңында болған облыс әкімі нысанның мерзімінен кешік-тіріліп жатқанын сынады. Негізі, спорт кешені қыркүйек айының бірінде қолданысқа берілуі тиіс. Бүгінде әкімшілік ғимарат пен кешеннің іргетасы ғана қаланып, футбол алаңына қиыршықтас төселген. Мердігер фирма «Портал-ПВ» ЖШС басшысы кешеннің басым бөлігі дайын сэндвич конструкциялардан құрастырылатындықтан, мерзімінде тапсырылады деп сендірді.

Арамшөп адам бойынан асады

Аудан орталығын сумен қамтып отырған «Бастау» кәсіпорнында да қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Екі жылға жоспарланған жобаның құны - 900 млн. теңге. Қазіргі таңда гараж салынып, әкімшілік ғимараты, электр желісі жаңартылған. Қазандығы күрделі жөндеуден өткен. Ал су жиналатын резервуарды қара күзге қарай орнату көзделуде. Себебі қазіргі таңда жерасты суының деңгейі жоғары. Мердігер су таратқышты да биыл ауыстырып тастаған абзал деген ойын айтты. Сондай-ақ алыстан әкелінетін жабдықтарға тапсырысты ерте беру керек. Бұл мақсатқа 250 млн. теңгедей қажет. Облыс әкімі Б.Бақауов алдағы уақытта облыс бюджетін нақтылау кезінде қаржы қарастырылатынын мәлім етті.

Аймақ басшысы аудан орта-лығындағы көшелер мен саябақ-тарды арамшөптен арылту ісінің ақсап жатқанын сынға алды. Мәселен, «Тағзым» аллеясының маңына бұдан бұрын егілген қарағайлар адам бойынан асатын арамшөп арасынан тіптен көрінбейді. Облыс әкімі ауылдағы тағы бір мейрамхана айналасы да арамшөптен көз ашпай тұрғанын тілге тиек етті. Мұның бәрі ауыл әкімінің бақылау-сыз жіберуінен, деді аймақ басшысы.

Сапар соңында аймақ басшысы аудан әкімі Жанат Шұғаевтың ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы жайындағы есебін тыңдап, бірқатар тапсырмалар берді.

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ
Качир ауданы.

saryarka-samaly.kz