Жолдың «жыры»

Железин ауданы тұрғындарының бас ауруына айналған негізгі мәселенің бірі - жолдардың сапасыздығы. Әсіресе қыс мезгілінде жұртшылықтың ауданға, облыс орталығына қатынауы қиындай түседі. Облыс әкімі Болат Бақауов бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстармен танысып, жылдар бойы шешімін таппай келе жатқан күрмеулі мәселенің біраз бөлігі болашақта шешілетінін жеткізді. Аймақ басшысы жалпы ұзындығы 113 шақырымды құрайтын Железин – Веселая роща – Мыңкөл бағытындағы жолдың жөндеу жұмыстарын көрді. Аталмыш бағыттағы жол 13 елді мекенді аудан және облыс орталығымен байланыстырады. Өкінішке қарай, бұл жол бөлігі 30 жыл бойы жөндеу көрмеген. Биыл осы мәселе қолға алынып, оның 31 шақырымына жөндеу жұмыстары жүргізілген. Аталған мақсатқа 360 млн. теңгеден астам қаржы жұмсалған. Бұдан бөлек, Жаңа жұлдыз және Петропавловка ауылдарының арасындағы 35 шақырымға және Уәлиханов ауылының кіре берісіндегі 4 шақырымдық жолға қиыршық тас төселуде. Ал Башмачное-Озерное аралығындағы 4,7 шақы-рымдық жолға асфальт төселген. Аудан басшылығы жөндеу жұмыс-тарына зәру өзге жолдардың сметаларын дайындап жатқанын жеткізді.

- Ең бастысы дұрыс шешім қабылдай білу қажет. Сапасы сын көтермейтін жол бөліктеріне асфальт төселсе, қалған жерлерге сапалы топырақ жабындысы да жарайды. Аудандық маңыздағы 300 шақырымдық жолдың көп бөлігіне орташа жөндеу де қажет емес екеніне сенімдімін. Себебі онда көлік қозғалысы соншалық көп емес. Негізінде, Железин ауданында жол мәселесі жылдар бойы айтылып келеді. Оны бір жылда шешіп тастау қиын. Биыл біз бұл мақсатқа шамамен          1 миллиард теңге қаражат бөлдік. Мәселе түбегейлі шешілмейінше жыл сайын осындай көлемде қаржы бөліп отыруға тырысамыз, - деді аймақ басшысы.

Б.Бақауов алдағы жылы жол құрылысында жаңа технологияны пайдалану жоспарланып отырғанын атап өтті. «Ресайклинг» деп аталатын технологияға сәйкес ескі асфальт-бетон жабындысын үгітіп, оған бекітетін қоспалар қосылады. Бұл облысымызда бұған дейін қолданылып келе жатқан жол құрылысы әдісінен бір жарым есе қымбат. Бірақ әлдеқайда тиімді әрі сапалы болмақ. Құрылыс жұмыстары барысында қосымша материалдар тасымалдаудың қажеті жоқ. Жаңа технологияны Қалқаман мен Баянауыл арасындағы жолды жөндеу барысында пайдаланбақ.

Мыңкөлде де мәселе бар

Железин ауданындағы Мыңкөл ауылы Ресей елімен шектеседі. Елді мекеннің тұрғындары шекара арқылы қатынайтын темір жол мен астық сақтауға арналған «Мыңкөл» элеваторында қызмет етеді. Сондықтан бұл ауылдағы мәселелердің біразы Ресей еліне байланысты болып отыр.

Мыңкөл ауылында Ресей Федерациясының меншігінде тұрған ескі балабақшаның ғимараты бар. Өкінішке қарай, бұл нысан бос тұр. Михайлов ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы Шынар Баужанованың сөзінше, қазіргі уақытта бос тұрған ғимаратты Қазақстанның иелігіне беру мәселесі қарастырылуда. Арадағы жағдай шешілсе, нысан жергілікті әкімдік балансына қойылмақ. Ескі ғимаратта шағын балабақша, даярлық топтары және бірінші сынып, отбасылық-дәрігерлік амбулатория ашылмақ.

- Ескі ғимараттың мәселесі шешілсе құба-құп. Себебі нысан күрделі жөндеу жұмыстарын қажет етпейді. Қалпына келтіру жұмыстарына қомақты қаражат жұмсалмайды деп ойлаймын. Бөлмелер де жетерлік. Ресей елінің меншігінде тұрғандықтан, жұмыс бастай алмаймыз. Ауылда жұмыс мәселесі өзекті. Егер ойымыз іске асса, жергілікті тұрғындар екі қолға бір күрек табар еді. Ауылдағы мектеп даярлық және бірінші сынып оқушыларына шақталмаған. Қазіргі балабақшаның іші балғындар үшін салқын. Бірақ балаларға арналған құрал-жабдықтармен толық қамтылған. Яғни, ескі ғимаратқа көшкенде қажетті заттарға ақша шығындамаймыз, - дейді Шынар Төлегенқызы.

Болат Жұмабекұлы аудан басшылығына Ресей елімен ғимаратты Қазақстан иелігіне тапсыру мәселесін шешуді жүктеді.

Мыңкөлдегі мәселе мұнымен шектелмейді. Ауылдағы мектептің оқушылары таза ауызсуға зәру. Балалар тұзды суды ішуге мәжбүр. Шынар Төлегенқызының сөзінше, жуырда Михайлов ауылдық округінен өрт сөндіру көлігі мектепке су жеткізген. Железин ауданы әкімінің міндетін атқарушы Аян Бейсекиннің айтуынша, ауылда ұңғыма қазылған. Бірақ ол да Ресей Федерациясының меншігінде. Ауылдағы мектеп шеткі аумақта орналасқандықтан, су құбыры тартылмаған. Сондықтан оқушыларға таза су күнделікті жеткізіледі. Болат Жұмабекұлы ұңғыманы да өз иелігімізге алу мәселесін қарастыруды тапсырды. Сонымен қатар, мектепке кешенді блок модуль (КБМ) орнатуды жүктеді.

Бүгінде Мыңкөл жалпы білім беру мектебінде 36 бала оқиды. Мектеп директоры Наталья Амилаханованың айтуынша, 9 жылдық білім ордасы жаңа оқу жылына дайын. Биыл білім ордасына жөндеу жұмыстары жүргізілген. Аталмыш мектепке биыл 5 жыл. 12 мұғалім қызмет атқарады. Оқушылар 2 ауысымда оқиды. Балалар 2012 жылға дейін 1959 жылы салынған ескі ғимаратта білім алған. Биыл жаңадан   6 бала мектеп табалдырығын аттамақ. 9-сыныпты аяқтаған шәкірттер Омбы, Ресей елдеріндегі колледж-дерге құжаттарын тапсырып, оқуларын жалғастыратын көрінеді. Басқалары көрші ауылдағы Михайлов жалпы білім беру мектебінде     10-сыныпқа барады.

Жақында жатақхана беріледі

Мұнда құрылыс қарқынды жүргізілуде. Аудан орталығында әлеуметтік сала қызметкерлеріне арналған 2 пәтерлі екі үй салынуда. Бір үйдің жалпы аумағы - 180,2 шаршы метр. Бұл бағытқа 16 млн. теңгеден астам қаржы жұмсалған. Аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Надежда Омельченконың айтуынша, әзірге үй иелерінің тізімі жасалмаған. Жаңа баспанада тұратын қызметкерлер пәтерді жалға алады. Мұндай үйлер «Жаңа жұлдыз» ауылында да салынуда. Атап өтерлігі, железиндіктер бос қалған ғимараттарды қайта жандандыруда. Мәселен аудан орталығындағы ескі емхана жастарға арналған жатақханаға айналмақ. Оған 34,4 млн. теңге қаржы қарастырылған.       10 бөлмелі жатақхананың құрылысы қыркүйек айының ортасында аяқталады деп күтілуде. Сондай-ақ, бұрынғы «Қазақтелеком» АҚ-на қарасты нысанда жұмыспен қамту орталығы ашылмақ. Қазіргі уақытта қараусыз қалған ғимараттарда құрылыс-шылар күні-түні тынымсыз еңбек етуде. Аймақ басшысы бұл бағыттағы жұмыстарды қолдайтынын жеткізді. Сонымен қатар, аудандағы дене шынықтыру және сауықтыру кешенінде жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Өңір басшысы ғимараттағы жылу мәселесіне көңіл бөлуді жүктеді. Аудандағы бұрынғы музейде де күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Дегенмен Болат Жұмабекұлы музейдің сыртқы келбетін өзгертуге қарсылық білдірді. Облыс әкімінің сөзінше, нысанның тарихи келбетін сақтап қалған абзал. Бұл ретте мәдениет саласы мамандарының пікіріне жүгініп, әрлеу жұмыстарын жүргізуге болатынын жеткізді.

Железин №1 орта мектебі жаңа оқу жылына дайындық үстінде. Білім ордасында күрделі жөндеу жұмыстары қолға алынған. Мектептің төбесі мен терезелері ауыстырылуда. Қазіргі уақытта 30 адам жұмысқа тартылған. Құрылыс жұмыстарына облыстық бюджеттен 79 млн.теңге қаржы бөлінген. Аудан әкімінің міндетін атқарушы Аян Бейсекин Железинді дамытуға арналған жобалармен таныстырды. 2018 жылы ауылдағы 9 көшеге жарықтандыру жүйесін орнату көзделуде. Сонымен қатар, ауданды жасыл желекке айналдыру, саябақтарға жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр. Аян Бейсекин аймақ басшысына жастарға арналған шағын футбол алаңы қажет екенін жеткізді. Бұл ретте Болат Жұмабекұлы шағын бассейн салу жөнінде ұсыныс тастады. Кейін аталмыш орында шағын футбол алаңын да орнатуға болады. Себебі Ертіс жағасындағы тұрғындардың басым көпшілігі суда жүзе алмайды. Бассейн арқылы жастар суда жүзу машығын үйренбек. Сондықтан аталмыш жобаны қайта қарастыру керектігін жеткізді.

Айдана ҚУАНЫШЕВА
Железин ауданы.

saryarka-samaly.kz