Әзірге бет алысымыз – Қасқабұлақ.

Қырқалар мен адырлар жатыр әні,
Құпия, тылсым күйге батырады,
Бөрілі - Әуезовтің маңғаз кейпі,
Әлемді жолына Абай шақырады...

Экспромт шумақтар тіл ұшына орала бастады. Бірақ әлі бабына жетіп піспеген...

Шыңғыстауға бет алған керекулік журналистер тобы Бөріліден кейін Қасқабұлақ ауылы сыртындағы ұлы Абай дүниеге келген мекенге аялдады.

Мұнда үлкен қара тас қойылып, бетіне «Бұл жерде аға сұлтан Құнанбай Өскенбайұлы ауылында 1845 жылы қазақтың данышпан ақыны Абай дүниеге келген» деген жазу ойылып түсірілген.

Жолбасшымыз, Бөрілідегі М.Әуезов музей-үйінің меңгерушісі, шежіреші Шағжан Исабаев ағамыздың әңгімесі таусылар емес. Бұл жер негізі Сырт Қасқабұлақ ауылы деп аталады. Қазір ғой ол – асфальт жолдың Орда тауының ортасымен Шыңғыстауға қарай тартылғаны. Әйтпесе, бұрын, Абай заманында күре жол таудың ортасымен емес, таудың бауырымен – осы сырт Қасқабұлақ үстімен өткен. Әрі қарай - Есенбай жырасы...

Ойға орала кетті.

Есенбай жырасы – он үшке биыл шыққан Абайдың Семейдегі оқудан ауылға қайтып келе жатқанда жорға Жұмабай мен Байтасты жолбасар ұрыларша бөрік-шапанын теріс айналдыра киіп, шабуылдап соғатын, өстіп зәресін ұшыратын жер ғой!

Иә, бұл өңірдің әр тасы тілін тапсаң тарихты сөйлеп тұр...

Мынау сары дала талай сырды сайрататын еді...

Ұлы Абайдың кіндігі кесілген, аңызы мол атырап, апырай, осы. Аңызақ желі де кекіл қайыра есіп тұр...

Екпіндете жүріп отырып, ұлы бесін шамасында Жидебайдың төбесі шалынды.

Жидебай. Қанша қазаққа құран сөзінен кейін ең жиі естіліп, көкейге жатталып, санаға сіңіп кеткен ұлы ұғым.

Қарауылға тартқан күре жолдан оң бұрылып, шамалы-кем жүріп, межелі мекеннің топырағын бастық.

Бұл - біраз адамға арман болған сапар. Шүкір, біздің аңсарымыз орындалды. Қалам ұстаған адамға бұл сәттің қандай ғажап екенін дәл сондай қауырсын иесі ғана сезіне алады.

Абайша қарауға тырыстық бәріне... Көңіл көзімен, жан сөзімен.

Алдымен Жидебайдың бауырындағы, алыстан ақ мұнарадай болып көзге шалынатын, жазық теңіздегі ақ шағала кемедей көрінетін екі үшкіл төбелі кесенелерге беттедік.

Бұл екі алып тұлғаның қазаққа, жалпы адамзатқа қандай еңбек сіңіргенін әр қазақ жасы аздап болса да білуге тиіс, әлем әлі-ақ олардың ұлы еңбектеріне құлай беріліп, қазып зерттейтін болады..,

Шағжан аға бір әңгіме айтты. 1939 жылы Мұхтар Әуезов әлі басына кесене түгілі жөнді құлпытас қойылмаған ұлы Абай зиратына тас белгі орнатыпты.

Ұлы Мұхтар Әуезов 1940 жылы ұлы Абай атамыздың мұрасын жинау, музейін құру, шығармаларын бастыру мақсатында Республика Үкіметінің арнайы қаулысын шығартуға қол жеткізген екен. Содан кейін ғана кіші әйелі Еркежанның, басқаның қолында сақталып қалған дүниелері жинақтала бастаған.

Қазірде Абай-Шәкәрім қорым-кесене кешені жөндеуден өткізілуде. Жидебайда Абайдың музей үйі де құрылған. Мұнда ұлы Абайдың ата шежіресі Кеңгірбай-Ырғызбай-Өскенбай ұрпақтары түгелдей қамтылып таратылған. Әр бөлмеде - құнды жәдігер. Құнанбай қажының Меккеден киіп келген тәкиесі, Абайдың домбырасы, протез тісі, тоғызқұмалақ тақтасы, Ділдәнің жасауы, Әйгерімнің күміс ер-тоқымы, Абайдың адалбақаны, т.б. құнды экспонаттар сықап тұр. Әрқайсысы қат-қат сырды ақтарар еді, әттең сөйлер құдіреті болса. Ал қазір өзіңіз көңіл көзімен, жүректен тербеп, алыстан сермеп, шымырлатып сезінуге тиіссіз...

Міне, төргі, оңашалау бөлмеде Абайдың жазу үстелі мен орындығы тұр. Қабырғада ол кезде сирек кездесетін шам, сағат, т.б. тұрмыстық бұйымдар. Ұлы Абай батыс жаққа, терезеге үңіліп отыр. Терезеден көк мұнарға бөленген Шыңғыстау бедерленіп көрінеді.

Дәл осы мекенде ұлы Абай талай өлмес мұра туғызды. Жоғарыдағы Балашақпақта отырғанда ұлы ақын дүние салды. «Өлсем орным қара жер, сыз болмай ма» деп осы жайлауда толғанған екен, жарықтық.

Сол денесі тиген қара жер, сызы Жидебай топырағы болды.

Бүкіл қазақ келіп басына тәу ететін кіндікке айналды.

Еуразия кіндігі де осында екен, Тәңір-ай!..

Нұрбол ЖАЙЫҚБАЕВ, «Шыңғыстау әсерлері» жолжазбасынан, 2016 жыл.

saryarka-samaly.kz