Динара әшекейлерді жасауды 3 жыл бұрын қолға алған. Онда да баламен үйде отырған жас ана сәндік бұйымдарын әуелгіде өзіне арнап тіккенін айтады.

- Өзіме шашқа арналған сәндік бұйымдар мен сырға жасадым. Көрген құрбыларым бірден ерекше екенін айтты. Сосын өз-өзіме «қолымнан келіп тұрған істі неге табыс көзіне айналдырмасқа?» деген сұрақ қойдым. Осыдан кейін таныстарымнан тапсырыстар қабылдай бастадым. Әр жасаған ісіңнен ләззат ала отырып, оған бар махаббатыңды, зейініңді, уақытыңды арнайсың. Қазіргі таңда тұрақты тұтынушыларым бар. Көбіне өнер иелері мен халықтың алдында жүретін іскер адамдар. Тіпті, бір ғана адам 4-5 әшекейді бір топтама ретінде жасап беруімді қалайтын кездер де жиі болады. Ал кейде өзгеге жасалған бұйымның екінші түрін алғысы келетін де қыздар табылып жатады. Өкінішке қарай, мен бір затты екі рет жасай алмаймын. Ол менің ұстанымыма жат. Себебі әр нәрсенің эксклюзив болғанын қалаймын, - дейді шебер.

Жасаған әр әшекейінің тастары мен өзге де керек жабдықтарын ерекше талғаммен таңдайтын шебер оларды Алматы, Астана қалаларынан және көршілес Ресей елінен арнайы тапсырыспен алдырады екен.

- Әшекей жасауға қолданатын бұйымдарымды үлкен талғаммен таңдаймын. Кез келген қыз әдемі әрі өзгелерден ерекше болғанды қалайды емес пе? Шебердің басты мақсаты - әр тастың тігілетін орыны мен оны өзге заттармен сәйкестендіре білуінде. Бір бұйымды толыққанды жасап шығу үшін маған кемі 2-3 күн қажет. Және де олардың астыңғы бетін таза былғарыдан немесе жұмсақ маталардан тігемін, - дейді Динара.

Сұлу біткенді селт еткізетін әшекейлердің бағасы 4 мың теңгеден басталады. Үйде отырып, уақытыңды босқа өткізгенше еңбек етіп, табысқа жетудің жолын тап. Ал Динара «Бақыттың кілті - еңбекте» екенін жақсы түсінеді. Болашақта қолөнерді үйренгісі келетін қыздар табылып жатса, шеберлік сыныптарын өткізуді де жоспарлап отыр.

Қарлығаш ХАШЫМҚЫЗЫ

saryarka-samaly.kz