Облысымызда «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру бойынша жобалық кеңсе құрылған болатын. Оның құрамына білікті менеджерлер, ғалымдар, депутаттар, ақпарат құралдарының өкілдері және тағы басқа қоғам белсенділері енген. Жалпы, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы «Тәрбие және білім», «Атамекен», «Рухани қазына», «Ақпарат толқыны» сынды төрт бағыттан тұрады. Бұл ретте жобаның жүзеге асырылуын қадағалау, оны дамыту мен бақылау, сонымен қатар жобалық басқаруға оқыту, кеңес беру және басқа да жұмыстар - жобалық кеңестің алға қойған межелерінің бірі.

Бұдан бөлек, облыстық жобалық кеңсе өкілдерімен «100 жаңа есім», «Туған жер», «100 жаңа оқулық», «Латын әліпбиіне көшу», «Қазақстанның сакралды географиясы» және «Жаһандық әлемдегі Қазақстан» сияқты бірқатар арнайы жобалар да қолға алынған. Аталмыш жобалар кеңсесінің әкімшісі Динара Айтжанованың айтуынша, бұл жобалар руханиятты қайта түлетуге мол септігін тигізеді.

- Рухани жаңғыру кезең-кезеңімен атқарылып жатқан елдегі реформалардың жалғасы іспетті. Бұл - біздің қоғамға аса қажет дүние. Технологиялық жаңарумен шектеліп қоймай, адамның сана-сезімін қатар жетілдіруге мемлекет баса мән беріп отыр. Елбасы ұлттық сана мен ұшқыр ой, білім мен бәсеке, прагматизм мен ұлттық бірегейлікті сақтау қағидаттарын тізіп берді. Барлық дүние сана-сезімнен бастау алады. Өрісің неғұрлым кең болса, соғұрлым заман көшіне ілесуге қауқарлысың. Бұл технология, инновацияны да алға тартудың алғышарты болып табылады. Демек, рухани жаңғыру- дың мәні зор, - дейді Д.Айтжанова.

Сондай-ақ, жобалық кеңсе әкімшісі жоғарыда айтылған бағыттар бойынша жалпы саны 44 жоба қолға алынғанын атап өтті. Бұл жобалар 24 жоғары білікті ғалымнан құралған сарапшылық кеңестің талқысынан өткен. Кейбір жобаларға аймақ тұрғындары түрткі болып отыр. Мысалы, «100 жаңа есім» жобасы бойынша 50-ден астам үміткер ұсынылған. Оның ішінде, оқушылар мінген автобусты «КамАЗ» жүк көлігімен соқтығысудан аман алып қалып, өз өмірлерін қатерге тіккен баянауылдық полицейлер, өрт кезінде төрт баланы құтқарған екібастұздық жігіттер және батылдығымен, ерекше адами қасиеттерімен көзге түскен басқа да жерлестеріміз бар.

Бүгінде табысты жүзеге асырылып жатқан жобалардың бірі - «Мектебіме тағзым». Сондай-ақ, «Туған жер» бағдарламасын ерекше атап өтуге болады. Д.Айтжанованың айтуынша, тұрғындар да белсенділікпен қатысуда. Шағын мысал, Баянауыл ауданының Қаражар ауылында балалар киімін тігумен айналысып жүрген Зура Жүсіпбаева есімді тұрғын бар. Шалғай ауылда тұрса да, маңызды кәсіп түрін өз күшімен дамытып отыр. Ертіс ауданына қарасты Қоскөл ауылында бірнеше жас жігіт бірігіп, наубайхана ашқан. Олардың көздегені табыс табу емес. Себебі шағын ауылда мұндай кәсіп түрімен мол пайдаға кенелу мүмкін емес. Жастар ең алдымен жерлестерін нанмен қамтуды мақсат тұтқан. Себебі, аталған ауылға әсіресе қыс мезгілінде аудан орталығынан нан тасымалдау мүмкін болмай қалатын көрінеді. Бұл жоба әлемдік банктен қолдау тапқан.

Жобалық кеңсе әкімшісі аймағымызда «Мерей» атты жобаны жүзеге асыру жоспарланғанын айтты. Бұл жобаға облысымызға белгілі кәсіпкер Александр Поляковтың игілікті бастамасы арқау болып отыр. Ол бірнеше жетім балаға өз қаражаты есебінен тұрғын үй сатып алған. Осы мысалдың негізінде жыл соңына дейін ата-ана қамқорлығынсыз қалған 10 баланы баспанамен қамту жоспарлануда.

Бүгінде жобалық кеңсе Instagram және Facebook әлеуметтік желілерінде «Павлодар облысының сакралды орындары» атты парақшалар құрған. Соның арқасында аймақ жастарының бұл жобаға деген қызығушылығының зор екені байқалып отыр дейді мамандар.

Бағдарлама аясында көпшілік тарапынан ерекше қызығушылық тудырған тағы бір жоба «Шабыт мекені» деп аталады. Оның аясында ауылдық жерлерде арнайы сахналар орнатылмақ. Бұл елді мекендегі жастарды мәдениетке, өнерге баулуға бағытталып отыр.

- Алда әлі көптеген ауқымды жұмыстар, ерекше жобалар бар. Тек жұмыла кірісіп, нәтижелі жүзеге асыруымыз қажет. Бұл ретте, аймақ жұртшылығын белсенді араласуға шақырамын, - дейді Д.Айтжанова.

Бетті әзірлеген - Данияр ЖҰМАДІЛ.

saryarka-samaly.kz