Облыстан Астанаға апарылатын көне жәдігерлердің бірі – ертедегі ақсүйек әйел адамның бас киімі. Бұл құнды жәдігер «Бокка» деп аталады. Оны ХІІІ-ХІV ғасырларда өмір сүрген ақсүйек әйел киген деседі. Облыстық тарихи-өлкетану музейіне қойылған экспонат 1959 жылы қазіргі Ақтоғай ауданы аумағынан табылған. Қазба жұмыстарын қазақстандық археолог Ферзая Асланова жүргізген.

- Орта ғасырларда біздің облысымыздың территориясында өмір сүрген тайпалардың арасында бокка бас киімі кең тараған. Бұл экспонат - қайталанбас тарихи жәдігер. Өйткені әйел адамдар киген боккалар өте сирек кездеседі. Біз бұл бұйымды Ұлы дала елінің талай ғасырлардан бізге жеткен таңбалы тарихы жазылған көне экспонат ретінде қабылдаймыз, - дейді музейдің «Өлке тарихы» бөлімінің басшысы Гүлжайнат Әлиева.

Бокка арматуралық ағаш дуалының бұтақтары мен сабақтарынан тұрады. Ол қалың жіппен тігілген қайың қабығымен қапталған. Бұл әшекейдің формасы
20Х30 сантиметр көлемінде келіп, сырт бейнесі үшкір етікке ұқсас. Музей қызметкерінің айтуынша, қазылып алынған жерден боккамен бірге үлкен мата кесінділері, айна табылған.

- Орта ғасырларда Бокка негізінен әр түрлі заттан жасалған. Тұрмыстық деңгейіне байланысты киізден де дайындалған түрлері кездеседі. Сондай-ақ, қимақтардың жерлеу рәсіміне байланысты ақсүйек әулеттен шыққан әйелмен жылқыны да қоса жерлеген. Оның барлық ат әбзелдері күмістен жасалған. Бұл қазба жұмыстарының нәтижесінде анықталып отыр. Сондай-ақ, қыздың бел тұсынан күміс айна да табылған. Оның үстінде 12 түрлі аңның бірінің соңынан бірі жүгіріп бара жатқандығын көруге болады. Бұл сол кездегі ру-тайпалардың наным-сенімдері болуы мүмкін. Сондай-ақ, қазба жұмыстары матаны да анықтады. Ою-өрнекпен безендірілген күміс түстес бұл жұқа жібек мата үйлесімді түрде қолданылған. Бокканың жоғарғы жағы қауырсындармен, ағаш немесе металл шыбықтармен, моншақтармен және тігілген айылбастармен, сондай-ақ маржан жіптермен, цилиндр тәрізді салпыншақтармен безендірілген, - дейді Гүлжанат Мағазқызы.

Аталған экспонат биыл реконструкция- дан өтіп, сырт бейнесі біраз жаңартылған. Енді ол Астанада келушілердің назарын айрықша аударатын жәдігердің бірі саналып отыр.

Айта кетелік, Потанин атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейі 1942 жылы облыстық «Қазақстанды зерттеу қоғамы» базасы негізінде құрылды. Мұражайдың алғашқы директоры әрі негізін қалаушылардың бірі - танымал фотограф–өлкетанушы Дмитрий Багаев. 1958 жылы оған Орта Азияны зерттеуші, саяхатшы Г.Потаниннің аты беріледі. Бастапқысында мұражай қоры павлодарлық тарихшылар мен өлкетанушылар – әуесқойлармен жинасты-рылған фототоптамалар мен экспонаттардан құралды. Мекеменің бүгінде ғылыми кітапханасы және екі филиалы бар. Өлкенің тарихы мен мәдениетін ашатын экспозициялар 9 залда орналасқан. Бүгінгі таңда музей қорында 140 мыңнан астам жәдігер бар деп есептеледі. Қор коллекциясы жыл сайын толықтырылуда, оларды ғылыми тұрғыдан өңдеу де жетілу үстінде.

Мереке АМАНТАЙ

saryarka-samaly.kz