Сағымдай зымырап өтіп бара жатқан өмірде әр адамның ерекше қалдырар ізі бар. Ғұмырының 40 жылдан астам уақытын ұстаздық жолға арнаған Қайролла Нұрмағанбетұлы - бүгінде елге сыйлы абыз ақсақал.

Ол 1927 жылы 15 тамызда Ресейдің Омбы облысындағы Дробышев ауданы, Сулықамыс ауылында дүниеге келген. Енді ғана оң мен солын танып келе жатқан жеткіншектің балалық шағы Ұлы Отан соғысының зұлмат жылдарымен тұспа-тұс келеді. Ағалары Төлеубай, Төлеу, Қаукендер майдан даласына аттанады. Төлеу ағасы Ертіс ауданында мұғалім болып жұмыс істейтін еді. Соғысқа кетерінде ол інісін бауырына басып тұрып: «Қайрош, бауырым! Сен өскенде ұстаз болып, менің жолымды жалғастыр!» деп арқасынан қағып, бетінен сүйіп соғысқа аттанған. Ұрыс даласында ерлікпен қаза тапқан ағаның аманатын орындаған Қайролла жарты ғасырға жуық ұстаздық қызметті абыроймен атқарды.

Қайролла ұстаз еңбек жолын Қараөзек ауылында бастап, осы мектепте 16 жыл ұстаздық етеді. Сол кездегі солақай саясаттың салдарынан Омбы облысындағы қазақ мектептері түгел жабылады. 1962 жылы ол Павлодар облысының Ақтоғай ауданына қарасты Жамбыл ауылына көшіп келіп, бастауыш мектепте ұстаздық етеді. Осы мектепте 25 жыл жұмыс істеп, құрметті демалысқа шығады. Әрбір кірпіші көз алдында қаланған алтын ұя мектебін Қайролла ақсақал бір сәтке де естен шығарған емес. Сол кездегі өзінің үзеңгілес достарын, ұлағатты ұстаздар қауымын да үнемі аузынан тастамай, әңгімесіне арқау етіп отырады.

Ұлағатты ұстаздан білім алған талай шәкірттері абыройлы қызметтерді тізгіндеді. Елінің жоғын жоқтауға тырысты. Ұстаздық жолда Қайролла Қостанбековтің жеткен жетістіктері аз емес. «Қазақ КСР халық ағарту ісінің озық қызметкері» деген атаққа қоса көптеген медальдармен аудандық, облыстық марапаттарға ие болды. Өзінің жүріп өткен жолынан сыр шертетін «Өткен күндер тіл қатады», «Өмір жолы - өнеге» атты қос кітабын оқырман қауым ыстық ықыласпен оқиды.

Өнегелі ұстаз, адал жар, асқар тау әке бола білген Қайролла Қостанбеков - ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, немере-шөбере сүйіп, бала-шағасының қызық-
қуанышына кенеліп отырған бақытты жан.

Қос ғасырдың куәсі болып, бүгінде тоқсан жасқа толып отырған ардагер ұстазға ұзақ өмір мен мықты денсаулық тілейміз.

Алпысбай ХОНЖ

saryarka-samaly.kz