Жүніс ҚАЖЫҚАТОВ, психолог:

- 30 жыл балалармен жұмыс істедім. Балаларды қаптаған үйірмеге қатыстыру үлкен қателік дер едім. Қазір не көп, үйірме көп. Нарық заманында азаматтар табыс үшін оның түр-түрін ашып жатыр. Жұмыстарын да насихаттап, ата-аналарды қызықтырып қояды. Содан кейін ол жерге ата-ана ұнасын-ұнамасын елден қалмайық деп баласын апарады. Ал сабақтан кейін күні бойы саналуан үйірмеге баланы үйір ету алдымен балғындардың миына салмақ түсіреді. Бала миының бірінші міндеті оқу болуы тиіс. Осыны ата-аналар ескермейді. Қазір баланы жан-жақты етіп жедел түрде дамытуға әуеспіз. Бұл дегеніңіз - табиғат заңына қарсы жүру. Енді қараңызшы, кейінгі кезде балалардың бас ауруы неге жиілеп кетті?! Мұны көбі экологиямен байланыстырып жатады. Меніңше, дәл осы оңды-солды жүктеменің көптігі бала миына айтарлықтай салмақ түсіріп отыр. Сондықтан әр балаға әрі кетсе екі үйірме жеткілікті. Сонымен қатар үйірмені ата-ана емес, баланың өзі таңдағаны абзал. Қалауымен жасалған істің нәтижесі де оң болады.

 

Гүлмай ОРАЛХАН, бастауыш сынып мұғалімі:

- Саналуан үйірмеге балаларды қатыстыруда оның икеміне, бейіміне баса мән беру керек. Мәселен, спорт түрлеріне берер кезде балғынның денсаулығын ескеру керек. Бастауыш сынып оқушылары белсенді келеді. Яғни осындай ынта-жігері тасып тұрғанда баланың күш-қуатын дұрыс арнаға бұрып жіберсе, жемісі де жақсы болады. Әйтпесе, кейбір ата-аналар бір-бірімен жарысқандай ой қалдырады. Әйтеуір үйде отырмасын деген ниетпен баласын қаламаса да қандай да бір үйірмеге қатыстырып қоятыны рас. Мұндай әрекет оқушының жалығуына әкеледі, салдары оқу үлгеріміне кері әсерін тигізеді. Себебі ынта танытпаған істен бала шаршайды. Сонымен қатар үйірмелер бастауыш сынып оқушыларының өзінде жас шамасына қарай бөлінуі керек деп ойлаймын.

Негізінен, кейде баланың бойынан ата-аналар байқай бермейтін қарым-қабілетті ұстаздар аңғарып жатады. Сондықтан ата-аналар баласын қандай да бір үйірмеге апарар алдында маманның кеңесінен бөлек оның сынып жетекшісінің бірауыз пікіріне құлақ асқаны дұрыс. Сонда баланың ерекше бір бейімін арттырып, танымын тереңдете түсу мүмкін болады. Уақыт өте келе бала өз таңдауын жасайды. Жанына жақын бағытқа қарай толық бет бұрады.

 

Асығат ТҰРҒАНБЕК, ақын, ата-ана:

- Өз басым балаларды түрлі үйірмеге апарғанның еш зиянын көріп тұрған жоқпын. Ұлым Шыңғыс қазір 5-ші сыныпқа көшті. Бүгінде ол шахмат, тоғызқұмалақ, баскетбол, вокал, домбыра үйірмелеріне қатысады, бассейнге барады. Одан бөлек өзім ақындыққа тәрбиелеп жүрген жайым бар. Биыл жазда бос уақытында діни сауатын ашып, мешіттен сабақ алды. Кейбір адам балаға мұның бәрі артық жүктеме деп санайды. Менің ойымша, керісінше, қазіргі интернет, теледидар сияқты зиянды заттардан баланы барынша аластату үшін дәл осы үйірмелердің пайдасы зор. Әйтпесе күні бойы ұялы телефонға үңілген жастың көзі де ерте құртылатыны анық. Әлбетте біз баламыздың күн тәртібін реттеп, денсаулығына салмақ түсірмеуге тырысамыз, шаршатпаймыз. Үйірмелердің бәрі бір күнде емес дегендей. Бала қалап тұрса, ынта білдірсе, қатысқаннан еш зардап шекпейді. «Жігітке жетпіс өнер де аз» демекші, жан-жақты болған жақсы ғой. Оған қоса дәл қазір бәрін бойына сіңіретін, үйрену оңайға түсетін шақ қой. Сондықтан осы уақытты тиімді пайдаланып қалған абзал.

 

«Алаңды» үйлестірген – Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.

saryarka-samaly.kz