Оқыс оқиғалардың басым көпшілігі рұқсат етілмеген орындарда шомылу және ішімдік ішу салдарынан орын алған. Мамандар суға түсу кезінде сақтық шараларын қаперде ұстап, спирттік өнімді қолданбауды ескерткенмен, бұл сөзге құлақ аспайтындар кездеседі.

Жедел-құтқару жасағының қызметкерлері биыл 38 адамды өлім аузынан аман алып қалған. Оның 17-сі - балалар. Облыстық төтенше жағдайлар департаменті жедел-құтқару жасағының бастығы Владимир Власовтың айтуынша, мамыр айынан бастап әр аптаның сенбі-жексенбі күндері өңірдегі жағажайларда рейдтік шара жүргізіледі.

- Биыл су айдындарында орын алған оқыс оқиғалар азамат-тардың салғырттығынан орын алды. 20 адам рұқсат етілмеген жерде шомылып, суда ішімдік тұтыну салдарынан бақилық болды. Ата-ананың қарауынсыз қалған балалар қолдан қайық жасап, өз өмірлеріне қауіп төндірді. Маусым айында өзендегі судың температурасы жоғары болды. Қазір Ертіс өзенінде бұл көрсеткіш +19 градус. Судың беті жылы болғанмен, асты салқын. Сондықтан суға дайындықсыз түскен адамның сіңірі тартылып, тыныс алуы мен жүрек соғысы тоқтап қалуы мүмкін. Ұзақ түнде біршама салқындап қалған су күндізгі қысқа уақытта жылынып үлгермейді. Сол себепті суға шомылуға салқынға біршама шыныққан адамдар барғаны дұрыс, - дейді В.Власов.

Жоғарыдағы қайғылы оқиға-лардың орын алуына тағы бір себеп бар. Өңірдегі жағажайлардың бірқатары талапқа сай емес. Мәселен, облыста 30-дан астам жағажай бар. Бүгінде оның 18-і ғана ресми түрде ашылған. Тіпті, Лебяжі, Железин және Качир аудандарындағы жағажайлар жаздың соңында, яғни, осы аптада ғана ашылған. Владимир Власовтың айтуынша, өңірде Ақсу қаласындағы орталық жағажай соңғы үш жыл бойы демалуға жарамсыз болып есептеледі. Биыл Баянауыл орталық жағажайы ресми түрде ашылмаған. Мұнда мамандар талабы ескерілмеген. Себебі төтеншеліктердің рұқса-тынсыз Жасыбай көлінің жағасында субұрқақ пен пирс орнатқан. Ереже бойынша арнайы бекеттер жабдықталып, су асты тазартылуы тиіс. Шілде айының соңында таңғы сағат 4.00 шамасында ащы суға тойып алған ер азамат пирстен секірген. Салдарынан бас сүйегінен жарақат алып, оқиға орнында көз жұмды. Мұндағы талаптардың дұрыс сақталмағаны ескертілген болатын. Қазір аталмыш орында екі құтқарушы жұмыс істейді.

Жалпы, өңірдегі құтқару жасағында барлығы 98 адам бар. Оның 48-і - қалада, 20-сы - Екібастұзда, 20-сы аудандарда жұмыс істейді.

Осылайша, мамандар тұрғындар арасында су қоймасында төтенше жағдайлардың алдын алуға бағытталған түсіндірме жұмыстарын жүргізуде. Құтқарушылар тәулік бойы шомылуға рұқсат берілген жағажайларды аралайды.

Жуырда төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері орталық жағажайды аралап, рейдтік шара ұйымдастырды. Тексеру барысында ата-аналар мен балаларға 60-тан астам жадынама таратылды. Күн сайын тұрғындарға дыбыстық дабыл белгісі арқылы су температурасы және су ағымының жылдамдығы туралы хабарланады. Мамандар арнайы жабдықталған жерлерде шомылған әлдеқайда қауіпсіз екенін айтады. Себебі оқыс жағдайға тап болғанда, құтқарушылардың көмегіне жүгінуге болады.

Айдана ҚУАНЫШЕВА

saryarka-samaly.kz