ҚР Үкіметінің баспасөз орталығында өткен брифинг барысында ҚР Инвестициялар және даму вице-министрі Роман Скляр жыл басынан бері қаржыландырудың барлық көзі есебінен 6,2 млн. шаршы метр баспана қолданысқа тапсырылғанын хабарлады. Өткен 7 айдың қорытындысы бойынша тұрғын үй құрылысына 445,2 млрд. теңге бөлінген, оның 75,8 млрд. теңгесі - мемлекеттік инвестициялар. Мемлекеттік қаражат есебінен 8 829 пәтер (541,3 мың шаршы метр) салынған. Жыл соңына дейін тағы 16 176 пәтер (948,2 мың шаршы метр) пайдалануға берілмек.

Бағдарлама аясында әкімдіктерге 25 млрд. теңге қаражат бөлініп, 6 мыңға жуық арендалық пәтерлердің құрылысы басталды. Олардың тең жартысының құрылысы жыл соңына дейін аяқталуы тиіс. Арендалық үйлер баспана сатып алуға мүмкіндіктері жоқ әлеуметтік осал топтарға үлестірілетін болады. Әлеуметтік тұрғын үйдің 1 шаршы метрін жалдау ақысы 100 теңгені құрайды. Бірақ бұл баспаналар сатып алу құқығынсыз беріледі.

«Нұрлы жер» бағдарламасының тағы бір басым бағыты - жеке тұрғын үй құрылысын дамытуға қолдау көрсету. Мемлекет азаматтарға құрылыс салуға бөлген жер телімдерін инфрақұрылыммен қамтамасыз етеді. Жыл сайын желілерді салуға 80 млрд. теңге бөлу қарастырылады, олардың 50 пайызына дейін жеке тұрғын үй құрылысы жүріп жатқан аудандарға инженерлік желілерді жүргізуге бағыттау көзделеді. Бұл 15 жыл ішінде жыл сайын шамамен 40 мың жер телімін желілермен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Өз тілшіміз.

saryarka-samaly.kz