Павлодар қалалық білім беру бөлімі соңғы жылдар дересінде жаңа оқу жылының қарсаңында мектеп формасы мен білім алуға керек құралдар жәрмеңкесін ұйымдас-тырып келеді. Биыл да бұл игі іс жалғасын тапты. Тамыз айының 17-23 күндері аралығында облыс орталығындағы Естай атындағы мәдениет сара-йында тауарларды түрлі пайыздық жеңілдіктермен сатып алуға мүмкіндік бар. Павлодарлық 7 компания өз өнімдерін анағұрлым төмен бағаға ұсынуға әзір. Мәселен, дәптер, қалам, күнделіктер 20-25 пайызға арзан.

Павлодар қалалық білім беру бөлімі тәрбие жұмысы секторының меңгерушісі Наталья Покидованың айтуынша, тұтыну-шылар үшін тауардың кең таңдалымы жасалды. Жергілікті жеті кәсіпорын жәрмеңкеге қатысуға ниет танытқан. Солардың бірі – «GLASMAN» брендімен мектеп формасын саудалайтын «Бас Компани» ЖШС.

- Біз Павлодар қаласындағы бірқатар білім ордасымен келісімшарт жасап, қара көк түсті мектеп формасын саудалаймыз. Жәрмеңкеде сатып алушылар назарына ұсынылған тауарлардың дені де осы түсті. Ұлдарға арналған шалбар мен жилеттің нарықтағы бағасы 8500 теңге болса, жәрмеңкедегі баға – 7900 теңге. Ал костюм-шалбардың құны – 20 мың теңге. Сонымен қатар спорт киімдері сатылымға шығарылды. Әдетте 10900 теңге болса, бүгінгі баға – 7700 теңге. Тауарларға 5-20 пайыз аралығында жеңілдік жасаймыз. Атап өтерлігі, барлығы – отандық киім, - дейді серіктестік директоры Толқын Рахымбаева.

Алғашқы күні-ақ жәрмеңкеге келушілер қатары қалың болды. Тұрғындардың басым бөлігі тауарларды тиімді бағаға алуға асық. Оған қоса, шара аясында кішкентай өнерпаздар ән салып, би билеп, сатып алушыларға мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Лаура ИБРАЕВА, Павлодар қала-сының тұрғыны:

- Менің бес балам бар, үшеуі – мектеп оқушысы. Біреуінің киім-кешегін, оқу құралдарын алуға шамамен 50 мың теңге жұмсаймыз. Сонда оқу жылының қарсаңында қалтамызда кем дегенде 150-200 мың теңге болуы тиіс. Қаражатты сәл де болса үнемдеу үшін жәрмеңкеге арнайы келдік. Бағалардың өзге сауда орындары ұсынған бағадан едәуір төмен екенін байқадым. Мәселен, облыс орталығындағы ірі дүкендердің бірінде күнделік 1500 теңге болса, мұнда 300 теңгеден басталады екен. Ата-аналар мен оқушылар игілігі үшін осындай шаралар жиі ұйымдастырылса екен.

saryarka-samaly.kz