Партияның облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Илья Теренченконың айтуынша, биыл 7 айдың ішінде қоғамдық қабылдауға 2348 адамнан өтініш түскен. Оның ішінде 296 адамды тұрғын үй, жер алу мәселелері мазалаған.

- Қоғамда пәтер кезегі, жер учаскесін иелену - өзекті мәселе. Қоғамдық қабылдауға келген азаматтардың әңгімесінен жұртшылыққа ақпараттың тиісті деңгейде таратылмайтынын көреміз. Салдарынан бірнеше жыл мәселесін арқалап, шеше алмай жүреді. Сондықтан тұрғындар үшін қоғамдық қабылдау шарасын ұйымдастырып, сұрақтарына жауап бере алатын білікті мамандарды шақырамыз. Олар халыққа кеңес беріп, жағдайларын шешуге көмектеседі,             - дейді И.Теренченко.

Жауапты өкілдерден көмек сұрап келгендердің қатарында қала тұрғыны Айгүл Мәкішева да бар. Ол талай жылдар балаларымен жалпы аумағы 14 шаршы метрді құрайтын пәтерді жалдап тұрған. Көрші үйдегі әжесі мен өз балалары туберкулезге шалдыққан соң, аталмыш аумаққа жауапты емхана Айгүл Мәкішованы балаларын қолайлы баспанамен қамтамасыз ете алмағандығы үшін ата-ана құқығынан айырмақ болған. Шырылдаған ана балапандарынан қол үзіп қалмас үшін атқарушы органнан көмек сұрайды. Тілегі ескеріліп, билік тарапынан көмек көрсетіліп, 2016 жылы қараша айында баспанаға ие болады. Алайда оның қолында баспанаға иелік ету құқығын беретін комиссияның шешімі мен техникалық паспорты жоқ.

- Өткен жылы пәтерді алғанда қолыма тиісті құжаттар берілмеді. Бармаған жерім жоқ. Бірқатар басшылар ауысқандықтан, мәселем шешілмей келеді. Баспананың бұрынғы иесінің қарызы көп екен. Мен оны пәтерге ие болған соң, бір айдан кейін білдім. Төлем жөніндегі құжаттар маған келеді. Аталмыш қарыз үшін «Павлодарэнерго» АҚ ай сайын үйдегі жарықты өшіріп тастайды. Оған төлеген ақшам қабылданбайды. Себебі барлық қаражат бұрынғы қарызды жабуға кетеді екен. Мен оны өтей алмаймын, - дейді А.Мәкішева.

Илья Теренченко әуелі коммуналдық шығын мәселесін шешу керектігін айтты. Ол үшін Айгүл Мәкішоваға өзінің атына өтініш жазуын сұрады. Кейін қаржы бөліміне пәтердің бұрынғы иесін тауып, барлық қарызды соған жүктеуді тапсыратынын жеткізді. Барлық мәселе шешілген соң үйге иелік етуге мүмкіндік беретін құжатты рәсімдеуге көмектесетінін айтты.

Бұдан бөлек, қоғамдық қабылдауға жылдар бойы пәтер кезегінде тұрған зейнеткерлер мен баспанаға ие бола алмай жүрген жас отбасылар да келді. Барлық қатысушыларға екінші деңгейлі банктер мен қаржы бөлімінің мамандары консультациялық көмек берді.

Айдана ҚУАНЫШЕВА

saryarka-samaly.kz