Нұржан Әбдікәрімов – Павлодар қалалық сотының судьясы. Заң саласында 16 жыл еңбек етіп келеді. Ол 1981 жылы Шығыс Қазақстан облысы Семей қаласына қарасты Абыралы аймағындағы Қайнар ауылында туған. Мектепті бітірген соң, Алматы қаласындағы Орталық Азия университетінде заң факультетінде білім алады. 2001 жылы еңбек жолын Семей қалалық сотында хат тасушы міндетінен бастайды. 2004 жылы Астана қаласындағы Сарыарқа аудандық сотына қызметке тұрады. Онда жетекші маман, бас маман, сот отырысының хатшысы сынды барлық сатыдан өтеді. Тіпті, банк саласына ауысып, заңгер де болған. Кейін мемлекеттік қызметке қайта оралып, 2009 жылы ҚР Жоғары сотының Азаматтық істер жөніндегі қадағалау сот алқасының бас консультанты болып қызмет атқарады. 2011-2013 жылдары ҚР Президенті жанындағы мемлекетті басқару Академиясының құрылымындағы сот төрелігі институтында магистратураны тәмамдайды. 2014 жылдың ақпан айынан бастап Елбасының Жарлығына сәйкес, судья лауазымына тағайындалады.

- Оқушы кезімде қазақ тілі мен қазақ әдебиеті, тарих сабақтарына бейім болдым. Абай Құнанбаев, Мұхтар Әуезов, Бейімбет Майлин, Шыңғыс Айтматовтың шығармаларын сүйіп оқыдым. Әкем Бейбітбек Әбдікәрімов пен анам Әйгерім Сейсембина - талай жылдар журналистика саласында қызмет атқарып келе жатқан жандар. Қазіргі мамандығымды да шығармашылықтың бір түрі деп білемін. Себебі судьялар 5-6 бет шешім жазады. Ол оңай шаруа емес. Бойында шығармашылық қабілет болмаса, шешім жазу қиын. Адамдармен тығыз байланыста жұмыс істеймін. Психолог міндетін де атқарамыз, - дейді Н.Әбдікәрімов.

Иә, судья адамдардың құқығын қорғап, тағдырын шешеді. Даулы мәселеге нүкте қояды. Мұның барлығы тек заң аясында ғана шешіледі. Сондықтан оларға жүктелетін жауапкершілік зор.

Нұржан Бейбітбекұлы жетпіс жыл тоталитарлық жүйенің құрсауында өмір сүрген халық үшін қабылданған Ата Заң Қазақстанның әлем алдындағы мәртебесін айқындағанын айтады. Оның сөзінше, 90-жылдары мемлекетіміз өзінің бағыт-бағдарын айқындауда талай оқиғаны бастан кешті. 1993 жылы алғашқы Конституция қабылданды. Өркениет талабы мен қоғам мүддесіне жауап бере алмаған-дықтан аталмыш құжат өз өміршеңдігін дәлелдей алмады. Халықтың қалауымен 1995 жылы 30 тамызда қолданысымыздағы Ата Заңымыз өмірге келді. Тарих бетінен Қасым ханның қасқа жолы, Есім ханның ескі жолы, Тәукенің Жеті жарғысы сынды заңдарын білеміз. Қазіргі Ата Заң Нұрсұлтан Назарбаевтың сара жолы іспетті. Уақыт талабына сай 1998, 2007 және 2011 жылдары Конституциямызға толықтырулар мен өзгертулер енгізілді. Мұндай өзгеріс қандайда бір мәселеден туындаған жоқ. Заңның әлеуетін одан әрі арттырды.

- Адам және оның өмірі, құқығы мен бостандығы – мемлекетіміздің басты қазынасы. Осы тұста Ата Заң азаматтардың құқығы мен бостандығының тиісті деңгейде қорғалуын сотқа жүктеді. Конституция елдегі сот жүйесінің тәуелсіздігін қамтамасыз етіп, судьялардың мәртебесін көтерді. Бүгінде соттарға барлық жағдай жасалған. Өз қызметін ашық жүргізіп келеді, - дейді Н.Әбдікәрімов.

Ата Заңның 77-бабына сәйкес, судья сот төрелігін іске асыруда тәуелсіз және заңға бағынуға міндетті. Халқы заңын сыйлаған, сотқа сенетін қоғам – дамыған елдің бейнесі.

- Судья 365 күн бойы бұқараның назарында. Жұмыс уақыты аяқталған соң да оғаш қылықтан аулақ болуы тиіс. Оның болмысы, мінез-құлқы, адамгершілігі, моральдық-этикалық бейнесі бәрінен жоғары болуы керек. Менің жанұям да әрбір әрекетіне жауапкершілікпен қарауға міндетті. Бұл - Ата Заңның судьяға берген мәртебесі. Өйткені оған қарапайым халық өз тағдырын шешуді тапсырады. Егер төреші өзін дұрыс ұстамаса, оған кім сенеді? Сондықтан заңға бағынып, өзімізге жүктелген міндетті жүзеге асыру – басты міндетіміз, - дейді ол.

Нұржан Бейбітбекұлы - отбасында аяулы жар, Әлинұр мен Әліби есімді 2 ұлдың әкесі. Балаларының болашағынан мол үміт күтетін ардақты әке ұлдарының да заң саласында қызмет етуіне қарсылық білдірмейтінін жеткізді.

Айдана ҚУАНЫШЕВА

saryarka-samaly.kz