Жиында сөз сөйлеген ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаевтың айтқанындай, корпорация басшылығы мен ұжымының жаңа маусымға үлкен дайындықпен кірісуі – ерекше қадам. Корпорация құрамына енетін барлық ресурстарға қатысты ребрендинг шарасының жасалуы - маңызды өзгеріс. Министрдің сөзінше, алдағы екі-үш жылдың дересінде елімізде аналогтік телехабар тарату ісі толықтай цифрлық жүйеге көшіріледі. Бұл ретте көрермендерге сапалы да мазмұнды дүниелер ұсынуы тиіс. Спутниктік желі арқылы телеаудиторияны арттыру, отандық телесериал өнімдерін арттыру – отандық телеарналардың негізгі шаруасы.

Өз кезегінде «Қазақстан» РТРК Басқарма төрағасы Ерлан Қарин тың жобалар туралы тарқатып айтып берді. Оның айтуынша, алдымен әлемдік телеарналардағы тренд құбылыстар, мәселелер жан-жақты сарапталып зерттелді. Бұл жердегі басты мақсат – Елбасының рухани жаңғыру мәселесіне қатысты саясатын қолдап, елдің дамуын ескеру. Сөйтіп, ұлан-ғайыр істерден кейінгі жаңалықтар бүгінде көрермендерге жол тартып отыр. Сыншысы да, бағалаушысы да – қарапайым көрермен.

Ребрендинг мәселесін кеңірек сөз етсек, «Қазақстан» ұлттық арнасы, «Қазспорт» «Балапан» телеарналарының логотиптері бір негізде әрі латын қарпі бойынша жазылады. Корпорация өзінің құрамына кіретін телеарналар мен радиостанциялардың біртұтастығын білдіретін ортақ арнайы белгі де ойлап тапқан. Ол белгінің негізгі түстері ретінде Қазақстанның Мемлекеттік туының көк және сары түстері алынған. Логотип жобасын қазақстандық режиссер және дизайнер Сәкен Жолдас әзірлеген.

Жалпы, ребрендинг мәселесі корпорация құрамына кіретін 14 аймақтық арналардың атауларына да енгізіледі. Мәселен, Шығыс Қазақстан облыстық телеарнасының атауы «Алтай», Шымкент арнасы «Оңтүстік», Ақтау – «Ақжайық», Қарағанды – «Сарыарқа» «Қазақстан-Павлодар» телеарнасының атауы «Ертіс» болып өзгертіледі. Ұлттық сананы жаңғырту жөніндегі Елбасы тапсырмасына сәйкес жасалған өзгертулер көрермендердің көбеюіне ықпал етеді деген сенім зор.

Айтпақшы, оң өзгерістер РТРК құрамына «Қазақ радиосы», «Шалқар» «Астана» «Классик» радиоларына да тән. Негізгі жаңалықтың бірі – ендігі жерде радиоларды тыңдап қана қоймай, сайттағы шығарылымдар арқылы көруге де болады.

Е.Қариннің мәлімдеуінше, корпорация құрамына кіретін құрылымдардың ребрендингі біртіндеп жүзеге асатын болады. Ұлттық арнадағы жаңа маусым дүйсенбі, 28 тамыз күні басталса, «Qazsport» арнасының эфирі қыркүйектің 1-інен, баларға арналған «Balapan» арнасы 4 қыркүйекте жаңарады. 14 аймақта орналасқан телеарналардағы жаңа маусым қыркүйек айының соңында бір сәтте көрерменге жол тартады.

Тұсаукесер рәсімінде таныстырылғандай, ребрендингтің басты мақсаты – ұлттық дәстүрді насихаттау, көрермендерге сапалы да мазмұнды дүниелер ұсыну. Бұл жерде соңғы уақытта ұлттық құндылықтарды дәріптеу бағытында бағдарламалар саны азайып кеткені туралы жиі сын айтыл-ғанын келтіре кетелік. Ендігі жерде бұл мәселе назарға алынып отыр.

Айтып өткендей, көрермен жаңа маусымда еліміздің көркем табиғаты мен киелі орындары жайлы кеңінен әйгілейтін деректі бейнебаяндарды тамашалай алады. Бұл үшін арнайы роликтер әзірленген, тіпті жарнама үзілісі де Қазақстанның тамаша табиғатын дәріптеу мақсатында тиімді пайдаланылатын болады.

«Қазақстан» ұлттық арнасы көрермендерін түрлі бағыттағы жобаларымен қуантпақ. Естеріңізде болса, ұлттық арна былтыр төл өнерді ұлықтайтын «Мен қазақпын» халықаралық дәстүрлі өнер мегажобасын сыйға тартқан болатын. Ұйымдастырушылар биыл ерекше бағдарламаның жалғасын түсіреді.

Биылғы тағы бір жаңалық – Жібек жолы бойындағы елдердің жас талантта-рының басын қосатын «Жібек жолы жұлдызы» атты мегажоба іске асады. Одан бөлек, ұлттық эстраданы насихаттайтын «Hit Qazaqstan» музыкалық ән-шеруі эфирге енсе, ойын-сауықтық бағдарламаларға қоса қоғамдық, интеллектуалдық бағыттағы бағдарламалардың да саны артады. Бүгінгі заманның сұранысына сай келетін реалити-шоу жанрындағы бағдарламалар, отбасылық құндылық, бизнес, т.б. арнайы тақырыптарды қаузайтын жобалар көрсетіледі.

Ерлан Қариннің жеткізген тағы бір жағымды жаңалығы, отандық сериалдар түсіру белсенді түрде жүргізіледі. Бүгінде бірталай келісімдер бар. Ерекшелігі сол, отандық сериалдар жақын шетелдерде сұранысқа ие. Мұның мәнісі – біздің сериалдардың тақырыбы отандық құнды-лықтар айналсында, яғни ешқандай саяси астары, басқа да бөгде мазмұны жоқ. Сөйтіп, отандық сериалдар экспортқа арналып түсіріле бастамақ. Жалпы, 2009 жылдан бері телеарна алуан тақырыпты қамтитын 77 телехикая ұсынған екен. Ребрендинг аясында бұрынғы бағдарла-малардың да форматы өзгереді.

Айтылғандай, «Қазақстан» ұлттық арнасы «Alma TV», «ID TV» сияқты елдегі ірі кабельдік операторлар арқылы HD форматта хабар таратуға көшеді. Көрермен талабынан шығу үшін «Қазспорт» биылғы күзде еліміздегі ең танымал спорт түрлерінен, әсіресе, күрес, бокс және дзюдодан өтетін әлем чемпионаттарынан трансляция жасайды.

Балалардың сүйікті арнасы «Балапан» жас көрермендердің қызығушылығын тудыратын, келешкте көкжиегін кеңейтіп, танымын арттыратын бағдарламалар мен жобаларға қарық болады. Жаңалықтар-дың қатарында биыл тұсауы кесілетін «Қалқанқұлақ» атты тұңғыш қиял-ғажайып жанрындағы балалар телехикаясы, «Саяхат» реалити-шоуы, «Алан мен Қозықа» анимациялық фильмі, «Балапан жұлдыз» шоу-концерті бар. «Қазақ радиолары» компаниясының да жаңалықтары жетерлік. Көптеген рухани бағдарламаларды шығарып келе жатқан радиоларды енді планшет, компьютер, смартфон сияқты құрылғылар арқылы да тыңдауға болады.

- Жалпы айтқанда, көрерменде-рімізді қызықты да тың жобалармен қуантатын боламыз. Ең басты жаңалық-тарымыз алда, сондықтан бізбен бірге болыңыздар, дейді корпорация басшысы, - деп жазды «Фейсбук» желісінде көрер-мендерге сөз арнаған «Қазақстан» РТРК Басқарма төрағасы Ерлан Қарин.

Біз де өз тарапымыздан тәуелсіз елдің телеарналарының жаңа маусымына сәттілік тілейміз.

Нұрбол ЖАЙЫҚБАЕВ
Астана қаласы.

saryarka-samaly.kz