Тек бокс қана емес, спорттың барлық түрі қарқынды дамып келеді. Спортшыларды жекелей қолдау мәселесінде де ілгеріледік. Кеңес үкіметі тұсында мұндай игіліктерді армандауға ғана болатын еді, - дейді ардагер.

Тәуелсіздік жылдарында экономика, саясатпен қатар спорт та бірқатар белестерді бағындырды. Өз Ұлттық Олимпиадалық комитетіміз құрылды. Бұл ұйым жетістігімізді еселеп, ел егемендігімен қатар жасасып келеді. Жеңіске толы 25 жылды артқа тастаған аталмыш комитеттің бастамасымен көптеген спорттық нысандар бой көтерді. Соның арқасында ел спортын өрге сүйреп келе жатқан талапты жастар тәрбиеленді.

- Меніңше, бүгінгі жас ұрпақ, спортшы ұл-қыздарымыз бақытты. Тер төгіп, талаптанар болса, еңбегінің еш кетпейтінін біледі. Себебі оны қолдайтын елі, демеу болар жанкүйері бар. Жалпы, қазіргі кезде спорт саласына мемлекет тарапынан көп көңіл бөлініп отырғанын атап өткен жөн. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев саламатты өмір салтын насихаттау, халықтың денсаулығын жақсарту, спортпен шұғылдану туралы әр кез айтып келеді. Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан спорты одан әрі дами түсті. Соның арқасында Олимпиада, Әлем чемпиондары тәрбиеленді. Одан бөлек Қазақстан мемлекеті әртүрлі спорт түрлерінен Әлем чемпионаттары мен Халықаралық жарыстарды өткізіп келеді. Жақында ғана жалауын желбіреткен қысқы Универсиада бәсекесін атап өту қажет. Осының барлығы қуантпай қоймайды. Сол үшін өз елімді, спортшыларымызды мақтан тұтамын, - 
дейді ардагер Р.Вахитов.

Өткен ғасырдың сексенінші жылдарынан бастап бапкер Р.Вахитовтің есімі павлодарлық спорт сүйер қауымға етене таныс. Облысымызда бокстың өркен жаюына өлшеусіз үлес қосқан азамат. Кеңес үкіметі тұсында-ақ павлодарлық бокс мектебінің аты танылды. Себебі Р.Вахитовтің жетекшілігімен талай павлодарлық өрен респуб-лика көлемінде, халықаралық деңгейдегі додаларда топ жарды.рды. Шәкірттерінің арасынан Елеусіз Дүйсеков, Евгений Выприцких, Евгений Лысенко және Игорь Михайловтың есімдерін ерекше атап өтуге болады. Аталмыш боксшылар кеңестік мемлекеттер арасындағы спорт додаларында жылдар бойы алдына жан салмады. Халықаралық додаларда намысты қолдан бермей, топ жарып жүрді. Ал Е.Дүйсеков пен И.Михайлов Кеңес одағының бокс құрамасының мүшелері болды. Атап өтерлігі, Рафаэль Ғайсаұлы республикалық, жалпыодақтық, әлемдік деңгейдегі 20-дан астам чемпионды тәрбиелеп шығарды. Оның жетекшілігімен екі павлодарлық боксшы ҚР халықаралық дәрежедегі спорт шебері атағын иеленді. Ал 30 жерлесіміз спорт шебері атанды.

Жалпы, соғыс жылдарында еңбекпен шыңдалып ер жеткен кейіпкеріміздің өмірі оңай болды деу қиын. Небары 14 жасында ол Павлодар қаласына көшірілген. «Октябрь» зауытында жұмыс істеді. Кейін соғыстан зардап шеккен қалаларды қайта қалпына келтіру жұмыстарына жұмылдырылып, Украина еліне аттанды. Оның боксқа деген құлшынысы нақ осы елде оянды. Сол кездегі белгілі украин боксшысы Игорь Скороходтың қолдауымен спортқа бет бұрды.

Әскерде жүргенде сарбаздарды боксқа баулыды. Артынша, әскерден кейін Ташкент облысына қоныс аударып, онда дене шынықтыру пәнінің мұғалімі, жергілікті спорт комитетінің төрағасы қызметтерін атқарды. 1960 жылы Семей қаласына көшіп келіп, шаңырақ көтерді. Тура алты жыл өткеннен кейін Р.Вахитов Павлодар қаласына оралып, өзінің сүйікті ісі - бапкерлікке кірісті. 1980 жылы оның басшылығымен балалар-жасөспірімдер спорт мектебі құрылды. Нақ осы мектептен павлодарлық бокстың атақты өкілдері түлеп ұшты.

Атап өтерлігі, жыл сайын Павлодар қаласында белгілі бапкер Рафаэль Ғайсаұлының атындағы бокстан халықаралық спорт бәсекесі ұйымдастырылып келеді. Мұның барлығы - мемлекет тарапынан спорт саласын дамытуға жасалып жатқан қолдаудың арқасы, - дейді ардагер.

Сексеннің сеңгірінен өтіп, тоқсанға аяқ басқан Р.Вахитов әлі де аймақтың спорттық өмірінен хабардар болып отырады. Жас спортшыларға ақыл-кеңесін беріп келеді. Оның айтуынша, елімізде спортты кеңінен насихаттау қажет. Өскелең ұрпақтың уақытын бос өткізбей, саламатты өмір салтын ұстануы үшін осы бағыттағы жұмыстарды жетілдіре түсу қажет.

Біздің анықтама

- Рафаэль Вахитов 1928 жылдың 2 сәуір күні Павлодар қаласында дүниеге келді.

- 2003 жылы С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде Р.Вахитов атындағы спорт залы ашылды.

- Бапкерлік саладағы жетістіктерінің арқасында Рафаэль Ғайсаұлы «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған. ҚР спорт саласының құрметті қайраткері.

Д.АЙТПАЙҰЛЫ.

saryarka-samaly.kz