Әнге бөлеп айналаны...

Конституция күніне арналған мерекелік шаралар 29 тамызда бастау алды. Павлодар қаласының орталық жағажайында құрылған сахнада аймағымыздың үздік оркестрлері өз өнерлерін паш етті. Атап айтсақ, жиналған жұртшылық симфониялық, Рүстембек Омаров атындағы қазақ ұлт аспаптары және джаз оркестрлерінің орындауындағы туындыларды тыңдап, мерекелік көңіл-күйге бөленді. Сондай-ақ, Ата заң күнімен өз жерлестерін қазақ эстрадасының жұлдыздары Жанар Доғалова, Меруерт Түсіпбаева, Ринат Малцагов пен Роза Мұқатаева құттықтап, тыңдармандарын жаңа әндерімен қуантты.

Ал 30 тамыз күні Павлодардың бас сахнасында жергілікті өнер ұжымдары ән мен биден шашу шашты. Сондай-ақ, орталық жағажайда қолөнер шеберлерінің сауда алаңдары орнатылды. Бұл күні мерекелік шаралар шаһардың бірнеше бөлігінде өтіп жатты. Мысалы, «Шаңырақ» мәдени ойын-сауық орталығының алдында да ауқымды концерт өтті. Оған аталмыш өнер ордасының 100-ден астам өкілі қатысты. Ал қалалық саябақта «Оптимист» қоғамындағы мүмкіндігі шектеулі жандар авторлық өлеңдерін оқып, әндерін орындап, жұртшылықты ерекше сезімге бөледі.

Алғаш рет Павлодарда

Бұл күннің басты оқиғасы - Street Workout бойынша алғаш рет аймағымызда өткен ел чемпионаты. Күн сайын жаңарып, түрленіп жатқан әлемде спорттың да жаңа түрлері шығып, ол жұмыр жерге таралып жатқаны таңсық болмай қалды. Ақпараттың жедел алмасуы арқасында жер шарын шарлап кеткен қарапайым көше спортының бұл түрі Workout (воркаут) деп аталады. Бұл – ең қолжетімді, көп қаржыны қажет етпейтін, аулалардағы қарапайым спорт құралдарының көмегімен дене салмағын «дұрыс қалыпқа келтіремін» деген адамдар айналысатын спорт түрі. Бір сөзбен айтқанда, көше гимнастикасы.

Бүгінде елімізде спорттың аталмыш түріне көп көңіл бөлініп келеді. Қазақстан - әлем бойынша Street Workout-ты ресми түрде ұлттық спорт түрі деп таныған жалғыз мемлекет. Оны дамыту көрсеткіші бойынша төрткіл дүниеде үздік үштіктің қатарындамыз. Бұған биыл Ресей астанасында өткен әлем біріншілігі дәлел бола алады. Жалпы саны 75 мемлекет қатысқан бұл додада қазақстандық спортшылар 3 алтын медальді қанжығаларына байлаған.

Мерекелік шара барысында жиналған жұртшылықты Конституция күнімен құттық-таған облыс әкімінің орынбасары Мейрам Бегентаев спортшыларға сәттілік тіледі.

- Осынау айтулы күнде Street Workout бойынша алғашқы чемпионатты өңірімізде қабылдап отырмыз. Жарыс қатысушыларына сәттілік тілеймін. Бұл ерекше спорт түрі облысымызда кең етек жайып келеді. Оған жан-жақты қолдау көрсетілуде. Атап өтерлігі, осы уақытқа дейін аймағымызда 70-тен астам Street Workout алаңы орнатылған. Мұны бұқаралық спортты дамыту бағытында үлкен жетістік деп білеміз, - деді М.Бегентаев.

Павлодарға Street Workout жарысына қатысу үшін Көкшетау, Қостанай, Астана, Алматы, Қарағанды, Ақтау, Шортанды, Шымкент, Тараз қалаларынан «менмін» деген спортшылар жиналды. Ал облысымыздың намысын Павлодар, Екібастұз қалалары мен Баянауыл ауданының мықтылары қорғады. Республикалық додаға барлығы 50-ден астам спортшы жиналды.

Street Workout бойынша Қазақстан құрамасының бас бапкері Әйтім Жақыповтың айтуынша, Павлодар бұл спорт түрін дамыту көрсеткіші, атлеттердің дайындық деңгейі бойынша елімізде үздік бестіктің қатарында. Біздің спортшыларымыз республика көлемінде жоғары сатыда тұр.

- Биылғы ел чемпионатының өтетін орны ретінде таңдаудың Ертіс-Баян өңіріне түсуі де сондықтан. Ерекше атап өтерлігі, павлодарлық спортшылар ірілі-ұсақты жарыстардың барлығына қатысуға тырысады. Оларға қарап өңірдегі workout спортының қаншалықты қарқынды дамып келе жатқанын көрудеміз, - дейді Ә.Жақұпов.

Жарыс үш аталым бойынша өтті. Үздіктер ақшалай сыйлықтармен марапатталды. Атап өтерлігі, білек күшін қажет ететін бұл спорт түрімен тек жігіттер ғана емес, қыздар да айналысады. Атап өтерлігі, бүгінде Павлодар облысы бойынша           72 Street Workout алаңы құрылған болса, жыл соңына дейін тағы 20 алаң ашылмақ.

Аймақта өтті аламан

Бәйге десе делебесі қозып, қиқу қосып, «Ер қанаты – ат» деп желпінетін халық жергілікті «Құлагер» ипподромына ағылды. Бүгінде облысымызда айтулы шаралардың барлығы дерлік ат жарысынсыз өтпейді. Бұл жолы еліміздің барлық дерлік өңірінен келген 70-тен астам қатысушы тоқ, аламан бәйге, ұшқыр жарыс, аударыспақ және теңге алудан бақтарын сынады. Ал жүзден жүйрік шыққандар     3 жеңіл автокөлік пен қомақты ақшалай сыйлықтарға ие болды.

Жорға жарысында «Европа» атты сәйгүлікті тізгіндеген семейлік шабандоз Саян Жұмаділов мәре сызығын бірінші болып кесті. Тоқ бәйгеде Алматыдан келген «Верный» атты тұлпар қалған жүйріктерді шаң қаптырып кетті (шабандозы - Ақжол Жоматай). Ал алматылық «Ливерпуль» сәйгүлігі 20 шақырымға созылған аламан бәйгенің алдын бермеді. Ат жарыстарының арасында теңге алу, қыз қуу, аударыспақ сияқты ұлттық спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылды.

Данияр ЖҰМАДІЛ

saryarka-samaly.kz