Өңірлік коммуникациялар қызме-тінің көшпелі брифингі аясында Павлодар ауданына қарасты Григорьевка және Черноярка ауылдық округтеріне жолымыз түсті. Ауыл шаруашылығы саласында қолға алынған бірқатар бастамалармен таныстық. Атап айтар болсақ, Григорьевка ауылында «Молочный» ауылшаруашылық өндірістік коопе-ративі табысты жұмыс істеуде. Үстіміздегі жылдың сәуір айында құрылған бұл ұйым елді мекендегі 20 шағын шаруашылық өкілдерінің басын біріктіріп отыр. Кооператив мемлекет тарапынан берілетін қолдау шараларынан кенде емес. «Ынтымақ» бағдарламасы аясында 5 млн. теңге несие алып, модульді сүт қабылдау пунктін сатып алған. Оның тәулігіне         2 тонна сүт қабылдап, сақтайтындай мүмкіндігі бар.

- Бүгінде ауылымызға келіп, сүт қабылдайтын кәсіпкерлер бар. Бірақ олар бізге бәсекелес бола алмайды. Себебі сүтті арзан бағамен қабылдауда. Модульді сүт қабылдау пунктін толыққанды іске қосқаннан кейін жергілікті жұртшылықтан едәуір жоғары бағамен сүт қабылдайтын боламыз. Қазіргі кезде Павлодар қаласындағы «Сүт» АҚ-мен тиісті келісім жасалуда, - дейді кооператив басшысы Виталий Бруцкий.

Бұдан бөлек, «Ырыс» бағдар-ламасы арқылы 80 бас ірі қара мал сатып алынған. Аталмыш бағдарлама бойынша несие 7 жылға берілген. Оның тең жартысы мемлекет тарапынан субсидияланатындықтан, кооператив мүшелері үшін өте тиімді болып отыр. В.Бруцкийдің айтуынша, болашақта сүт өнімдерін қайта өңдеу цехын ашу жоспарлануда.

Жалпы, облыстық ауыл шаруа-шылығы басқармасының ұсынған мәліметіне сүйенсек, аймағымызда 114 ауыл шаруашылық өндірістік кооперативі жұмыс істеуде. Оның 66-сы жыл басынан бері құрылыпты.

Ал Черноярка ауылында шаруа-лар картоп жинау науқанына қызу кіріскен. Атап өтерлігі, Павлодар ауданының картоп, көкөніс өнімі ел нарығында жоғары сұранысқа ие. Сапасы, бағасы жағынан да өзгелерден алда. Бұл ретте Черноярканың шаруа қожалық-тарының қосып отырған үлесі зор. Бүгінгі күнге дейін жергілікті кәсіпкерлер 500 гектарға жуық алқаптан картоп жинап үлгерген. Оның орташа шығымдылығы гектарынан 300 центнерді құрап отыр. Бұл - өткен жылмен салыстырғанда 12 пайызға жоғары. Жиналған картоп бірден облысымыз бен Ресей Федерациясының шекаралас аймақтарының сауда орындарына жөнелтілуде.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бас маманы Нұралы Қабиевтің айтуынша, аймағымызда 1600 гектардан астам жерден картоп
жиналған.

Данияр ЖҰМАДІЛ.
Павлодар ауданы.

saryarka-samaly.kz