Тапсырыс беруші «Баянауыл ауданының құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімі» ММ болып табылатын нысанды салуды «Б-АДК» мердігер компаниясы жеңіп алған. Үстіміздегі жылдың сәуір айында басталған жоба қыркүйекте қолданысқа тапсырылуы керек-ті. Бірақ... Мәселенің бәрі сол бірақта болып тұр.
Майқайың кенті бүлдіршіндерінің игілігіне қазынадан 207 миллионнан астам қаржы бөлінген. Тіпті, бүгінгі таңда тапсырыс беруші тарапынан бұл қаражаттың тең жарымы өтеліп те қойған. Солай бола тұра жұмыс мардымсыз жүруде.

Арнайы құрылған топты бастап барған Павлодар облысы бойынша тексеру комиссиясының басшысы Айнагүл Құрманова бірқатар кемшіліктерді тізбектеп беріп, орынды ескертулер жасады.

- Мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалған. Қаржы уақытылы әрі жеткілікті көлемде бөлінді. Десе де, осы айдың соңында тапсырылуы тиіс нысанның құрылысы баяу жүруде. Халқымызда «шешінген судан тайынбас» деген қанатты сөз бар. Мердігер болса мұны елемейтінге ұқсайды. Міндеттеме алдың ба, мерзімінде әрі сапалы тапсыру керек. Біз бұл мәселе бойынша облыс басшылығына есеп беретін боламыз. Аудан әкімдігі де араласып, жүйелі жұмыс жасалуы қажет,- деді ол.

Құрылыс басында жолыққан учаске бастығы С.Есенжолов гәптің бәрі жұмыс қолының жетіспеушілігінде дейді. Құрамына облыстық мәслихаттың депутаттары,
Қоғамдық Кеңес мүшелері мен БАҚ өкілдері енген тексеру тобы мүшелері болса оның айтқан уәжімен келіспейтіндігін жасырмады. Себебі, тас қалаушы, электрик немесе басқа да нарықта сұранысқа ие болып тұрған мамандық иелері табылмай жатса, сөз басқа ғой. Мердігерлер қарапайым қара жұмысқа адам таппай отырғандығын немен түсіндіруге болады? Бұл жерде қарапайым ғана арифметика. Бейресми статистика бойынша он мыңнан астам халқы бар Майқайың кентінде 10 жұмысшы жоқ дегенге сену қиын, әрине. Мейлі 999 адам келіспегенде де мыңыншы адамды тарта алса, мәселе шешілер еді ғой. Мердігерлердің айтуынша, 90 мың теңге жалақыға жұмыс істеуге ниет білдірмейді екен жергілікті халық. Басқа жерде бар жұмысшы Майқайыңда жоқ, жоқ... болып тұр.

Жүзу білмейтін адам суға түспейді. Оның себебі түсінікті. Ал біздің мердігерлер болса жұмыс қолы мен техникасының мүмкіншілігіне қарамастан, кез келген тендерге қатыса береді. Нәтижесінде құрылыс мерзімі кешеуілдетіледі. Тексеру басталған тұста «атқа қамшы» салғанмен, сапаны естен шығарады.

- Бұл нысан құрылысы облыс әкімінің қатаң бақылауында болады. Араға уақыт салып қайта ораламыз. Мемлекеттік маңызы бар бағдарлама шеңберінде жүзеге асып жатқан жұмыстар халық игілігіне қызмет етуі керек. Сапа бірінші кезекте сұралады. Сіздерге сылтау айтқаннан бұрын мәселенің себебін анықтауларыңыз керек сияқты,- деп түйіндеді тексеру сапарын А.Құрманова.

Жұмабек СМАНОВ, Баянауыл ауданы.

saryarka-samaly.kz