Қасқырбай қарт үйіне ашулы кірді. Жарты ғасыр отасқан жарының жағдайын қабағына қарап білетін Қатипаш бір сойқанның болғанын сезді.

- Шал-ау, ауырып қалған жоқпысың? Өңің бозарып кетіпті ғой?..
- Иә, аздап жүрегім...
- О, тоба! Қартайғанда бәрі дайын тұрады бізге! Не болды?
- Бәйбіше сұмдық болды, сұмдық!
- Қаладағы ұл тағы бір бүлік шығарды ма?
- Жоқ.
- Келін бірдеңе деді ме?
- Жоға.
- Немере ғой баяғы. Ай сол шолжыңның еркелігін көтере салсаң қайтеді? Қалаға күнде барып жатқан жоқсың ғой!
- Не айтып кеттің, Қатипаш. Менің бала-шағамның бұл жерге түк те қатысы жоқ. Әрі қатысы болмай-ақ та қойсын...
- Енді?

- Қалада сапаржайдан құрдасым Бектасты кездестіріп қалдым. Қауқылдасып оны-мұны әңгіме қылып біраз тұрдық. Сол сәтте аялдамаға тоқтаған автобустан бір жас жігіт түсті де, ары-бері айналасына көз тастай бастады. Кенет «Әке» деген жарқын дауыс арт жағымыздан естілді. Кішкентай сүйкімді қара домалақ жүгіре басып жігіттің мойынына асылды. Бұл көрініске құрдасым екеуіміз сүйсіне қарадық. Сол сәтте шашы дудыраған бір әйел келді де, «жүр-жүрдің» астына алып, баланың қолынан тартқылай бастады. Желімше жабысқан бүлдіршін әкенің ыстық құшағынан айырылар емес. «Мама, бұл менің әкем ғой. Кешке дейін қасында қала тұрайыншы, өтінемін!» дейді бөбек жалынып. Шешесі баланы аяғынан да, қолынан да жұлмалады. Ақыры дегеніне жетіп, сәбиді шырылдатып алып кетті. Тұра ұмтылған едім, Бектас ұстап қалды. «Қой, құрдас! Біреудің өміріне араласып нең бар?» - дейді. Жүрегім қарс айырылып кете жаздады. Екеуінің ажырасып кеткендігі айтпаса да түсінікті болып тұр. Пенде емес, періштеміз ғой. Бәлкім олар қателескен шығар. Бірақ анау сәбидің не кінәсі бар? Ата-анасы тірі тұрғанда жылаған баланың көз жасы қандай ащы...

Бүгін үйленіп, әке-шешесін шаш-етектен шығынға батырып, той жасап, ертеңінде ажырасып кететін жастарды қашан жөнге саламыз? Баланың тағдырын көкпарға салып, тас-талқан ететін осындай жандардан қандай болашақ күтуге болады?..

Алпысбай ӘБДІЛҰЛЫ.

saryarka-samaly.kz