Шараға жергілікті билік өкілдері, ақын-жазушылар, ғалымдар және ұстаздар қатысып, өздерінің ой-пікірлерін ортаға салды. Облыс әкімінің орынбасары Мейрам Бегентаевтың сөзінше, алдағы уақытта осы жүйеге мұғалімдерді арнайы даярлау және тұрғындардың барлық санатын оқыту қолға алынады. Сондай-ақ, тиісті оқу-әдістемелік құралдар шығару, латын графикасын үйрету үшін қосалқы мобильді қосымшалар және ақпараттық бағдарламалық кешендер құру қажет.

- Мемлекет басшысы «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында «Қазақ әліпбиін латын жазуына ауыстыру – үлкен жобалардың бірі» деп атап өтті. Бұл бірден туындаған мәселе емес. Елбасымыз мұндай бастаманы алғаш 2006 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясында көтерген болатын. Кейіннен Қазақстан халқына Жолдауында «2025 жылдан бастап әліпбиімізді латын жазуына көшіруіміз керек» деген еді. Қазір осы бағытта нақты стратегиялық міндеттер қойылды. Жыл соңына дейін латын әліпбиінің жаңа нұсқасы белгіленіп, бекітілетін болады. Жалпы, латын әліпбиіне көшкеннен кириллицамен басылған кітаптар мен оқулықтар қажетсіз болып қалады деген қауіп жоқ. Елімізде кез келген туындыны латын әліпбиіне аударатын арнайы жүйе жасалған. Оның көмегімен кирилше жазылған «Абай жолы» романын латын графикасына ауыстыруға болады, - дейді М.Бегентаев.

Жиын барысында сөз алған ғалымдар бұл бастаманың уақытылы қолға алынғанын атап өтті. Және ол мейлінше тезірек қолданысқа енуі тиіс деген пікірлерін білдірді. Ал облыстық мәслихат хатшысы Владимир Берковский алфавитті өзгерту әрбір тәуелсіз елдің өз еркіндегі дүние екенін атап өтті.

- Қоғамда «латын графикасына өтуіміз орыс тілін шектемей ме?» деген ой айтылып жүр. Жоқ. Бұл орыс тілінің қолданыс аясына еш кедергісін тигізбейді. Керісінше, өскелең ұрпаққа, жалпы жұртшылыққа әлемдік өркениетке жақындай түсуге мүмкіндік береді. Меніңше, ағылшын тілін үйрену оңайлай түседі. Ал ағылшынша білетіндер үшін қазақ тілін жедел меңгеруге жол ашылады. Бүгінде компьютер, заманауи құрылғылардың тілі латынша. Сондықтан бізге латын әліпбиіне көшу мәселесінде айтарлықтай қиындық тумайды деп есептеймін. Облысымыздың барлық деңгейдегі депутаттары осынау бастаманы ел арасында насихаттау жұмысына белсене қатысады, - деді В.Берковский.

Жарыссөзге шыққан «Нұр Ана әлемі» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Бақытжамал Максилова латын әліпбиіне көшу мәселесі облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы мүшелері арасында да қызу талқыланып жатқандығын жеткізді. Және аймағымызды мекен еткен өзге де ұлт пен ұлыс өкілдерінің басым көпшілігі бұл бастаманы қолдап отыр.

Данияр ЖҰМАДІЛ

saryarka-samaly.kz