Музей ұжымы мұндай экспедициялар ұйымдастыру арқылы ел ішінде сақталып қалған көне бұйымдарды жинауды дәстүрге айналдырған. Бұған дейін Ертіс, Качир, Железин аудандарында болған олар Ресейдің Омбы облысындағы қазақ ауылдары көп шоғырланған Таврический және Черлакский аудандарына ат басын бұрған.

- Экспедиция біз үшін олжалы болды деп айта аламын. Көбіне жинаған жәдігерлеріміз - 19-20-шы ғасырларда киген киімдер. Яғни, ішік, шапан, камзол, қарттардың бас киімі және тұрмыстық бұйымдар. Жасыратыны жоқ, бұл заттар еліміздегі қазақ отбасыларында сақталмаған. Ал көрші елдің қазақ диаспорасы шоғырланған аумағындағы қандастарымыз көне тұрмыстық заттар мен зергерлік әшекей бұйымдарын әлі күнге сақтап келеді. Алдағы уақытта Ресейдің Новосібір облысына баруды жоспарлап отырмыз, - дейді музейдің этнографиялық бөлімінің меңгерушісі Шолпан Әбікешова.

Экспонаттардың ішіндегі ең құндысы – 20-ғасырдың басында өмір сүрген қазақ биіне тиесілі күміспен көмкерілген кісе белбеу. Оны осы уақытқа дейін сақтап келген омбылықтар арнайы табыстапты.

Кісе белдік - күміс, жез үзбелерімен безендіріліп, қалташалар салынған жалпақ былғары бұйым. Кісе екі қабат етіліп тігіледі, ұзындығы - 130-200 см, ені - 2,5-3 см. Екі басына қапсырма салынады. Кейде ұшын екінші ұшына өткізіп бекітетін тесіктер арқылы да жасалады. Кіседе белбеуге іліп өткізіп қоятын былғары қалтасы бар. Ол оқ-дәрі, қару-жараққа қажетті басқа да ұсақ-түйек саймандар салу үшін пайдаланылады. Сонымен қатар оқшантай, кішкене сопақша дорба және пышақ, қанжар салатын қынап орны да бар. Қазақстанның батыс аймақтарындағы дәулетті адамдар 19-ғасырдың аяғы мен 20-ғасырдың басында кісе белдікті барқыттан, оқа жіптермен кестелеп, алтын, маржан тастардан көз салдырып жасатқан.

Айта кетелік, бүгінде Г.Потанин атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорындағы жәдігерлер саны 750 мыңға жуықтаған. Жәдігерлер қалыпқа келтірілгеннен кейін қалың көпшілік назарына ұсынылмақ.

Қарлығаш ХАШЫМҚЫЗЫ

saryarka-samaly.kz