Қысқы уақытта көпқабатты тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарға жылу беруде қиындықтар тумас үшін жылу-электр орталығында ауқымды жұмыс атқарылды. Дәлірек айтқанда, №6 қазандыққа ағымдағы жөндеу жүргізіліп, қазандықтың қыздыру қабаты, ауа жылытқыш секциялар ауыстырылды. Қазіргі уақытта тағы бір қазандық пен №4 турбоагрегат жөнделуде. Тиісті жұмыстар осы айдың соңына дейін аяқталады.

- Жылу беру үшін 5 қазандық жеткілікті, ал бізде 6 қазандық жұмыс істеп тұр. Ауа райына байланысты «Павлодар жылу жүйе-лері» ЖШС жылуды қосады. Біздің негізгі міндет – қысқы уақытта сапалы, қалтқысыз қызмет ету, - дейді ЖЭО-1 басшысы Александр Люфт.

Оның айтуынша, қажетті отын көлемі де жеткілікті. Тіпті, белгіленген мөлшерден асып түседі. Көмір қорын 140 мың тонна, ал мазут қорын 1 мың тонна көлемінде ұстау жоспарланып отыр.

Павлодар қаласының оңтүстік-шығыс бөлігін жылумен қамтитын орталықтың дайындығымен танысқан облыс әкімі Болат Бақауов жүйелі жұмыс жүргізуді жүктеп, тұрғындарға қолайлы жағдай жасау – аталмыш орталық мамандарының қолында екенін атап өтті. Сондықтан әр іске жауапкершілікпен қарау қажет.

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА

saryarka-samaly.kz