Жуырда жастар бастамаларын дамыту орталығында «2018-2020 жылдар аралығында Павлодар облысында жас отбасылардың арасында ажырасу көрсеткішін төмендетуге бағытталған бағдарламаны әзірлеу» тақы-рыбында дөңгелек үстел өтті. Онда айтылған кейбір сан-деректер жаға ұстатарлық. Мәселен, Павлодар облысында жастар арасында ажырасқандар саны былтырғымен салыстырғанда 24 пайызға көбейген. Аймақтағы шаңырағы шайқалған отбасылар санын азайту мақсатында аталмыш орталық арнайы бағдарлама да әзірлеп үлгеріпті.

- Өңірдегі ажырасу мәселесіндегі адам шошырлық статистиканы көргеннен кейін оны төмендетудің жолдарын қарастыра бастадық. Бұл ретте жастармен бірлесе отырып арнайы бағдарлама әзірлеу үстіндеміз. Осыған орай мемлекеттік органдар өкілдерінің, аға буынның, аналардың, жастардың пікірлерін білу мақсатында дөңгелек үстел ұйымдастырдық. Қазіргі таңда бұл жобаны жетілдіріп, түзетулер енгізілуде. Алдағы уақытта соңғы нұсқасы шығып, нақты бекітілгеннен кейін жұмысты бастаймыз. Әрине, жас отбасына барып, «ажыраспаңдар» деп айту қисынға келмейді. Жаңадан құрылған жанұялардың материалдық жағдайы мен тұрақты жұмыспен қамтылуын жіті назарда ұстауға тырысамыз. Себебі бейресми дерек көздеріне жүгінетін болсақ, шаңырақтың шайқалуына көбіне-көп ақшаның жетіспеуі, жұмыстың жоқтығы себеп болады екен. Осы бағдарлама негізінде үлкен бір команда құрылу үстінде. Егер де тұрғындар тарапынан тақырып төңірегінде ұсыныстар мен тілектер болса, бізге хабарласуларына болады. Жалпы, павлодарлықтарды бұл істе бізге қосылып, өмірлік тәжірибелерімен бөлісуге шақырамыз, - дейді Жастар бастамаларын дамыту орталығының басшысы Саят Жүсіпбаев.

Бұл бағдарлама расымен де қоғамды дендеп алған дертке дауа бола ала ма? Қаражаттың жетіспеушілігі жас отаулардың шаңырағын ғана шайқап жатпағаны анық. Мәселен, 4 баланың ата-анасы Жұлдыз бен Медет 2005 жылы отбасын құрған. Екеуі де «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы негізінде жұмысқа орналасқан екен. Алайда қалаға көшіп, тіршіліктерін одан әрмен жақсартамыз деген жастардың арманы күлге айналған.

- Отбасын құрғаннан кейін екеуіміз де «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы бойынша Лебяжі ауданына жұмысқа орналастық. Бізде алғашында бәрі жақсы болатын. 2007 жылы тұңғышымыз Ару дүниеге келді. Сол жақта 5 жыл жұмыс істегеннен кейін қалаға көшіп келдік. 2011 жылы егіз ұлдарымыз Нұрасыл мен Нұрсұлтаным өмірге келді. Балалармен үйде отыруға тура келді. Жалғыз Медеттің тапқаны біздің күн көрісімізден аспады. Пәтер ақысы, балалардың күнделікті ішіп-жемі бар... Кейіннен ақша мәселесінде жиі ұрысатынды шығардық. Ұрыс күн сайын ұлғая берді. Күйеуімнің қол көтеретін сәттері де жиіледі. Бізге көмек қолын созып, демеп жіберетін ағайын-туыс болмады. Отбасындағы жанжал балаларыма да кері әсерін тигізе бастады. Ары қарай бірге тұрудың реті қалмағаннан кейін, 2014 жылы төркініме кеттім. Осыдан соң біздің жолымыз заңды түрде екіге айырылды. Ажырасқаннан кейін төртінші балаға аяғымның ауыр екенін білдім. Ол өмірге келгеннен кейін көп отырмай, қаладағы бір мектепке жұмысқа орналастым. Бірден жалғыз басты ана ретінде үй кезегіне де тұрып алдым. Содан бері 4 баланы өзім тәрбиелеп келемін. Өткен жылы пәтерге де қол жеткіздім. Ең өкініштісі, ақшаның жетіспеушілігі менің шағын мемлекетімнің күйреуіне себепкер болды. Сол кезде балаларымның әкесімен бірге жұмыс істеп, оған қолдау білдірсем, дәл бүгінгідей жағдай орын алмас еді деп ойлаймын. Қазіргі жастарға айтарым, отбасына қатысты мәселеге келгенде «жеті рет өлшеп, бір рет кесіңдер». Қазір «Сол кездегі қиындыққа неге шыдамадым екен?» деген сауалды өзіме жиі қойып, өкінемін, - дейді 4 баланың анасы Жұлдыз.

Иә, біздің ортамызда дәл Жұлдыз тәрізді өкініштен бармағын тістеп отырған қыз-келіншектер аз емес. Үйдегі кез келген мәселенің дер кезінде тоқтауы немесе одан әрмен өршуі әйелге байланысты. Қыз бала сабырлы, төзімді, шыдамды болуы керек, дейді «Нұр-Ана Әлемі» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Бақытжамал Максилова.

- Бұл деген сұмдық? Ажырасу мәселесі тек жастарды ғана толғандырмауы керек, онымен ел болып күресуге тиіспіз. Бұрындары ата-бабаларымыз көшпелі заманда қалай өмір сүрген? Үнемі ат үстінде жүретін аталарымызды жарлары үйінде баласын бағып, тамағын істеп, күтіп отырмады ма? Қазір заман басқа екені рас. Уақыт өзгерген сайын адамның пейілі де өзгеріп барады. Әйтсе де мен қыздарға ренжимін. Отбасын сақтап қалу көбіне солардың қолында. Жұмысынан шаршап келді ме, көңілін аулай сал. Есіктен кірмей жатып, «жоқтың» астына алма. Әйел қырық шырақты, бәрінен шығатын жолды таба біледі. Біз де жас болдық. Қазіргі жастар ажырасуға себеп етіп отырған қиындықтар біздің де басымыздан өтті. «Ақша жетпейді, басымызда үй жоқ. Мен ажырасамын» деп жолдан шегініп кетпедік. Қол ұстасып бәрін жеңдік. Алла қаласа, келер жылы үйдегі ағаларың екеуіміздің «Алтын тойымыз» өтеді. 50 жыл өмірдің ыстығы мен суығын бірге көрдік. Меніңше отбасы құндылығын мектептен бастап үйрету керек. Ол үшін үйдегі ата-ана баласымен ашық әңгімелесіп, жанұяның тұтастығынан асқан байлықтың жоғын түсіндіруі керек, - дейді Б.Максилова.

Жастар көтерген мәселе қай кезде де маңыздылығын жоймасы хақ. Ажырасуға тек қана қаражаттың жетіспеушілігі себеп бола бермейді деген орталық басшысы Саят Жүсіпбаев оның себептерін де атап өтті. Бірі енесімен табыса алмайды. Енді бірі отбасының тәртібіне көндіккісі жоқ. Жұбайлар арасындағы опасыздық. Бала сүю мәселесі. Екі жастың ата-анасының ортаға жиі араласуы. Қарашаңырақта тұруға қарсылық. Сонымен қатар, әлеуметтік желілер мен теледидар арқылы беріліп жатқан алуан түрлі бағдарламалар да - басты себептердің бірі.

Ал Павлодар қаласы азаматтық хал актілері жазбалары (АХАЖ) бөлімі берген мәлімет те жастардың дабыл қағуына себеп тәрізді.

- Өткен жылы Павлодар қаласында 1521 жұп жеке шаңырақ көтеріп, АХАТ бөлімі арқылы неке куәлігін алса, 1643 шаңырақ иесі заң бойынша ажырасқан. Ерлі-зайыптылардың ажырасу себебі әртүрлі. Олардың арасында жасы келгендер мен жаңа қосылған жас жұбайлар да бар. Бұл - тек заңды түрде некеге тұрғандар мен ажырасқандардың нақты саны. Ал азаматтық некеге тұрып, дәм-тұздары жараспағандардың саны бұдан аспаса кемімейді, – дейді Мараш Ахмедиянова.

«Отан отбасынан басталады» дейтін елдің ұрпағы едік. Бұл ретте Елбасы да Қазақстан халқына Жолдауларында, алуан түрлі бағдарламаларында мемлекетіміздің тұтастығы мен дамыған елдер қатарына қосылуы әуелі отбасы тұтастығына байланысты екенін айтып-ақ келеді. Расымен де елдің ел болуы жанұядан басталса, бүгінгі отаудың ошағының түтіні неге түзу ұшпауда?

Сіз не дейсіз, оқырман?

Ольга НИКОЛАШИНА,«Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесі Медиация орталығының жетекшісі:

- Бұл ретте қазақтың менталитеті мен салт-дәстүрі, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан тәлім-тәрбие маңызды рөл атқарады. Бүгінгі буын өзінің ата-бабасы салып кеткен жолға қарайды. Сондай-ақ, адам баласы математика мен химияны жетік білмегені қорқынышты емес. Оның әлеуметтік ортада қалыптаса білуі өте маңызды. Отбасы мен ұжымда дұрыс қарым-қатынас орнамаған жағдайда сана-сезімге ауыртпалық түсіп, күйзеліске ұшырайды. Нәтижесінде осының барлығы ішкі ағзаларға әсер етеді. Сондықтан жоғары оқу орындары мен мектептерде, балабақшаларда психология мен қарым-қатынас, этика және адамгершілік сияқты пәндер енгізу және жастарға баспана алуға төмендетілген пайызбен несие беру мәселенің шешімін табуға оң әсерін тигізері анық.

Айгүл РАҚЫМЖАНҚЫЗЫ, психолог:

- Отбасында 1, 3, 5, 12, 20 жылдық дағдарыстар бар. Мәселен, бірінші жылы жұптар бір-бірінің мінез-құлқы, әдетіне, тіпті бір-бірінің туыстарына үйреніседі. Кейбір отбасылар осындай кезеңдерден өте алмай, қарым-қатынасын суытып алып жатады. Біз «кімнің кінәлі» екенін іздемейміз, жұптарға жауапкершілік айналасында ақыл-кеңес айтамыз.

Жасыратыны жоқ, бұрын бізге пациенттер жеке өзі ғана келетін болса, ал қазір көбіне жұбайымен, ата-енесімен келіп, отбасын сақтап қалу үшін ақыл-кеңес сұрайды. Сонымен қатар, неке бұзу процесіне психологиялық қолдау сұрап келетіндер де пайда болды. Олар ажырасқаннан кейінгі қарым-қатынасының түзу болуын, ортақ балаларын бірге тәрбиелей алуына психологиялық тұрғыда дұрыс жағдай жасауын сұрайды.

Жалпы, қоғамдағы ажырасушылардың көбейіп бара жатқанына әйелдердің өзін-өзі материалдық тұрғыдан қамтамасыз ете аламын деген менмендігі себеп болады.

Сандар сөйлейді:

• Павлодар облысында былтыр 5173 заңды неке тіркелген;

• 2016 жылы жарасым таппай, заң бойынша ажырасқан отбасылар саны - 2958;

• Ағымдағы жылдың 7 айында 2125 неке тіркелген;

• Жыл басынан 1564 отбасы ажырасқан.

 

Қарлығаш ХАШЫМҚЫЗЫ

saryarka-samaly.kz