Ия, әуел бастан айтылып жүргендей, америкалықтар үшін біздің Генаның әр кез жеңіске жете бергені тиімді емес екен. Барлығымыздың есімізде, Сауль Альварес биылғы мамырда өзінің отандасы кіші Чавесті шаршы алаңда жүнше түтіп, жеңіс тойын тойлаған сәтте шоуды ұйымдастырушылар Гена мен «Канелоны» сол сәтте ринг төріне шығарып, екеуі кездесетін «Биг драма шоудың» мерзімін белгілеп берген. «GGG» де мәрт қой. Мексикалық жігіттің соққылары өзінікіне қарағанда нысанаға дөп тиіп жатса, барлық чемпиондық белбеулерін - WBA (Super), WBC, IBF және IBO-ны Саульге тапсыра салатынын мәлімдеген.

Осылайша бірнеше ай зарықтыра күткен жылдың басты бәсекесі Лас-Вегастың
T-Mobile аренасында әлем-тапырық болып ұйымдастырылып, кездесуге мұрындық жасағандар миллиондаған тегін долларға қарық болды. Құны 300 АҚШ долларынан басталып, 10-12 мың долларға дейін жеткен 21 000 билет сатылды. Көрермендер тарапынан жалпы сомасы 30 млн. АҚШ доллар табыс түскен. Мұның сыртында Американың өзінде ақылы трансляция арқылы 1,5 млн.-нан астам отбасы кездесуді тікелей эфирде тамашалаған. Абоненттің әрқайсысы кемі 75 доллардан төлеген. Сонда тек көрсетілім үшін 150 млн. доллардан артық табыс түскен деп есептелуде. Осыншама сомадан Геннадий мен Саульге небары 15 млн. доллардан берілмек. Қалғанын ұйымдас-тырушылар мен T-Mobile аренасы иеленеді. Қарап тұрсақ, соңғы уақытта атышулы кештерге мұрындық болып жүрген Golden Boy Promotions сынды промоутерлік компаниялардың «көк қағазға» құныққандары соншалық, бокс секілді ұлы спортқа абырой әкелмейтін Мейвезер мен Макгрегорлардың кездесуін ұялмай ұсынып, насихаттайтын болды. Қызық іздеген көптен ақша сауудың амалы бұл. Жан-жақтан қаумалай қадалған миллиондаған көздердің ортасында екі боксшыны жұдырықтастырып қойып, тегін олжа табу америкалықтар үшін кәдімгі бизнеске айналып кеткелі қашан. Алайда, «қуырдақтың көкесін түйе сойғанда» емес, Г.Головкин мен С.Альварестің кездесуінде көреміз деп кім ойлаған. Мексикалық жігіт Головкиннің тегеурінді соққысына төтеп бергенімен, біздің боксшыдан жұдырықты тәуір-ақ жеді. Төрешілердің аярлығын қайтеміз, теледидардан қалың көпшілік Генаның айқын жеңгенін көрдік. Тіпті «Artorias Boxing» жекпе-жектегі дәл тиген соққы-ларды есептеп шығарды. Дәл тиген соққылардың ара қатынасы 181:82.
Атап айтқанда, 1-ші раунд - 8:8, 2-ші раунд - 11:8, 3-ші раунд - 10:9,
4-ші раунд - 16:6, 5-ші раунд - 17:5, 6-шы раунд - 15:6, 7-ші раунд - 15:4,
8-ші раунд - 21:6, 9-ші раунд - 13:5, 10-шы раунд - 25:12, 11-ші раунд - 13:4 және 12-ші раунд - 17:9. Осылайша екі боксшы тек бірінші раундта ғана тең түссе, қалғаны - қазақстандық боксшының үлесінде. Ал енді Альвареске 118-110 есебімен жеңісті беріп қойған қапталдағы төреші Аделаида Бердтың есебі - тіпті ұят жағдай. Әлемді аузына қаратқан бокс мамандарының пайымынша, Аделаида бұл қадамға қасақана баруы мүмкін. Яғни, промоутерлік компаниялардың пайдасы үшін. Гена жеңсе, олар үшін тиімсіз болар еді. Ал тең нәтиже реванш мүмкіндігін туғызып, қазақстандық пен мексикалық тағы қолғап түйістіреді. Мұның нәтижесі – тағы миллиондаған доллар табыс. Осылайша промоутерлер өз арам ниеттерін жүзеге асырды. Алайда олар-дың құрған қақпанына Қазақстанның мақтанышына айналған Генадай тең-дессіз бокшысының түсіп қалғаны өте өкінішті...

Бүгінде көпшілік арасында жекпе-жекке қатысты мынадай әзіл-қалжың жүр: «Геннадий Головкиннің кездесуін көрген АҚШ президенті Дональд Трамп Мексиканың шекарасына қабырға тұрғызу идеясынан бас тартып, ол жерге жай ғана Генаны тұрғызып қою жөнінде ойға қалыпты». Әзілдің аты әзіл, десек те алып елдегі алпауыттар үшін Головкин ақша табудың амалына айналмауы керек. Біз үшін Гена нағыз қаһарман келбетінде қала береді. Жұдырық спортының тари-хындағы ең атышулы жағымсыз төрешілік кәсіпқой боксқа жағылған қара күйе деп қабылдаймыз. Ал Гена мен Саульдің шаршы алаң төрінде қайта кездесуі – уақыт еншісінде.

Мұрат АЯҒАНОВ

saryarka-samaly.kz