Жол қызметі батальоны взвод командирінің орынбасары, аға лейтенант Медет Қайырбековтің айтуынша, жаңа бағдаршамдар жаяу жүргіншілердің өтпелі жолын реттеп, қиылыстардағы жол-көлік оқиғаларын төмендетіп, жол қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.

- Жергілікті атқару органдары Кутузов көшесінің бойында басқарылатын жаяу жүргіншілер жолағын салу туралы шешім қабылдады. Жол қауіпсіздігінің мемлекеттік стандарттары мен заңына байланысты қосымша төрт бағдаршам орнатылды. Ол өз кезегінде тұрғындар өмірінің қауіпсіздігін арттырады. Мәселен, «Гулливер» сауда үйі мен «Парадайс» мейрамханасының ортасындағы жаяу жүргіншілер жолағы алынып тасталды. Есесіне «Облыстық тіс емханасы» аялдамасының маңына бағдаршам құрдық. Бұл бағдаршамдар көшедегі кептелістерді болдырмауға мүмкіндік береді, - дейді М.Қайырбеков.

Айта кетейік, Кутузов көшесі, 48 мекенжайындағы «Гулливер» сауда үйінің жанындағы, Кутузов-Қайырбаев қиылысында және Кутузов, 38 («Хоттабыч» дүкені) мекенжайындағы жаяу жүргіншілер жолы алынып тасталды. Өкінішке қарай, Медет Қайырбековтің айтуынша, бұл өзгеріс жаяу жүргіншілердің наразылығын тудыруда.

- Бұл аумақтардың барлығы жіті зерттелді. Көлік ағыны көп жерлерге бағдаршам орнатылды. Жұмыстар жоспарға сәйкес жүргізілуде. Аталмыш аумақта бұрын болған реттелмейтін жаяу жүргіншілер өтпелері алынып тасталған болатын. Бұл жағдай әрине көптеген тұрғындардың наразылығын тудырды. Тұрғындар әлі күнге дейін кейде сол үйреншікті жолмен жүреді. Сондықтан, жолдан өткен кезде ғана арғы жаққа өтер жолдың жоқтығын байқап, артқа қайтуға немесе трамвай жолының бойымен жүруге мәжбүр болады. Сондықтан қала тұрғындарына қауіпсіздіктері үшін арнайы белгі орнатылған жерлермен жүруге кеңес береміз, - дейді М.Қайырбеков.

Қауіпсіздік шараларын қамта-масыз ету мақсатында жасалған мұндай шаралар қалада әлі де жалғасуы тиіс. Өйткені шаһардағы кейбір көшелерде бағдаршамның жоқтығы жол-көлік апатына себепші болуда. Жаяу жүргіншілер де жолдан өмірлерін қауіпке тіге өтуге мәжбүр.

Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің мәліметіне сүйенсек, Павлодар қаласында
100-ден астам бағдаршам бар. Ал шаһарда қосымша бағдаршамдарды орнату мәселесі полицейлердің ұсынысымен жүзеге асады. Тәртіп сақшылары жол-көлік апаттары жиі орын алатын көшелерді анықтап, бөлім мамандарына ұсыныс жасайды екен.

Дегенмен де, полицейлердің назарына ілікпей қалған қауіпті орындар қаламызда әлі де аз емес. Мәселен, ата-аналар №17 саралап оқытатын бейіндік мектебінің Кутузов көшесінің жолын мектепке кесіп өтер тұсында бағдаршам орнатуды сұрауда. Екі баланың анасы Айсұлу жолдан өтерде үнемі қауіптенетінін айтады. Өйткені бұл тұста көлік ағыны қатты.

- №17 білім ордасында оқитын шәкірттердің тең жартысы осы жолмен жүреді. Үйіміз осы мектепке жақын болғанымен, Кутузов көшесіндегі төрт жолақты жолдан өтуге тура келеді. Баламды мектепке жалғыз жіберуден қорқамын. Бұл жерде бағдаршам жоқ, жаяу жүргіншілер жолы ғана, - дейді алаңдаулы ана.

Қалада бағдаршам орнатуды қажет ететін басқа да жерлер бар. Мәселен, Усолка шағын ауданына жататын 2-Советов пен Бекқожин көшелері түйісер тұста бағдаршам жоқ. Жүргізушілер бұл қиылыстан үнемі қиын жағдайға тап болатындарын айтады.

- Үнемі осы жерден балаларымды №25 мектепке апарамын. Жаяу жүргіншілерге арналған жолақ болғанымен бағдаршам жоқ. Олардың қауіпсіздігі де алаңдатады. Өзім де жұмысқа осы жолмен қатынаймын. Үш бірдей жолдың қиылысында жол-көлік апаты туындауының ықтималдылығы жоғары. Бұл жерге бір бағдаршам орнатылса, - дейді қала тұрғыны Әнуар Хамзин.

Қарап отырсақ, облыс орталығында бағдаршамды қажет ететін көшелер аз емес. Бұл тұста жол қауіпсіздігінің алдын алу мақсатында тұрғындардың талап-тілегі ескерілер деген үміттеміз.

Жол полициясы мен қала әкімдігі мәселені бір-біріне сілтемей жедел көшсе жөн болар еді.

 

Мереке АМАНТАЙ

saryarka-samaly.kz