Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының ауыл шаруашылығы өнімдерін дайындау және қайта өңдеу бөлімінің мәліметінше, алдағы қараша айында Павлодарда көкөністерді арзан бағамен сату басталады. Яғни көкөністер әлеуметтік дүкендерге биыл 1 қарашадан 2018 жылдың мамыр айына дейін арзан бағамен босатылады.

Жалпы биыл облыста қыс-көктем айларына белгіленген бағамен 10 мың тонна картоп, 1 мың тонна сәбіз, 200 тонна қызылша, 500 тонна және 200 тонна пияз сақтауға салу жоспарланып отыр. Бағаларына келетін болсақ, келесі жылдың
1 ақпанына дейін көкөніс қоймаларынан картоп пен сәбіз, қызылшаның келісі
50 теңгемен босатылады. Ал одан кейін дүкендерге мамыр айына дейін
60 теңгеден жөнелтіледі. Демек, әлеуметтік дүкендердің қосатын үстемелерін ескерсек, жоғарыда аталған көкөніс бағасы сәйкесінше 65-75 теңге шамасында болады.

Ал қырыққабаттың келісі 1 ақпанға дейін 60 теңгеден, пияз 55 теңгеден босатылып отырады. Ары қарай мамырға дейін олардың бағасына 10 теңге қосылып әлеуметтік дүкендерге сатылады.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының ауыл шаруашылығы өнімдерін дайындау және қайта өңдеу бөлімінің бұған дейін жергілікті атқарушы билік аймағымыздың 40-тан астам ауыл шаруашылығы өндірушілерімен меморандум жасады. Екі жақты келісімдердің негізінде қыс-көктем мезгілдерінде тұрғындарға делдалсыз арзан өнімнің жетуін қамтамасыз ету көзделіп отыр.

Жалпы, биыл өңірімізде 17, 2 мың гектарға «екінші нан» егілсе, 6,9 мың гектарға көкөніс тұқымы себілген болатын. Облыстық ауыл шаруашылығы басқарма-
сының өсімдік шаруашылығы және механизация бөлімінің басшысы Есентай Мүрсәлімовтің мәлімдеуінше, қазіргі таңда өңірімізде егілген картоптың
82 пайызы жиналды. Ал көкөніс өсірушілер алқаптан өнімнің 75 пайызын теріп үлгерген. Мамандар ауа райы қолайлы болса, картоп пен көкөніс жинауды қыркүйектің аяғына дейін толық аяқтауды межелеп отыр.

Басқарма мәліметі бойынша картоп пен көкөніс көлемі облыс қажеттілігінен жеті есеге асып түседі. Яғни, аймақ тұрғындары бұл өнімдерден таршылық көрмеуі тиіс. Жұртшылық қазір арзан бағалы картоп пен көкөніске жарып отыр. Бірақ қыста қай-қайсысының да бағасы шарықтайтыны жасырын емес. Енді билік қолға алып жатқан бұл шаралар бағаны тежеуде тиімділігін көрсетсе игі.

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ

saryarka-samaly.kz