Жастайынан сөз өнеріне құмарта өскен өрен орта мектепті Рубцовск қаласында бітіреді. Кейін Семей қаласындағы Өзен училищесінен білім алып біраз жыл Ертіс өзенімен теплоходта жүзеді. Бұл кезең оның өмірін Павлодар қаласымен тығыз байланыстыра түседі.

Кейін 1969 жылдан бастап облыстық телевидениеде қызмет ете бастайды. Бұдан кейін жас қаламгердің өмірі шиырлай түседі. Әр салада қызмет етіп, аймақтың әдеби-рухани өміріне етене араласа бастайды.

Сол жылдары П.Васильев атындағы әдеби бірлестіктің төрағасы болып сайланады. 1971 жылдан бастап облыстық «Звезда Прииртышья» газетінің тілшісі ретінде қызметке кіріседі. Кейінгі тынымсыз еңбекке толы жылдарда аталған басылымның мәдениет бөлімінің меңгерушісі, жауапты хатшысы, бас редактордың бірінші орынбасары қызметтерін абыроймен атқарады.

Еңбекпен қатар өз білімін жанжақты шыңдауға да баса мән берген қаламгер
1972 жылы Мәскеудегі М.Горький атындағы әдебиет институтын тәмамдайды.

Ақынның өлеңдерінен Отанға, туған жер табиғатына, Ертіс өңірінің адамдарына деген сүйіспеншілік аңқиды. Оның соңғы өлеңдері - өмір, бастан өткізген жылдар, елдің тарихы, махаббат пен достық туралы толғаныстар.

В.Семерьянов - талантты аудармашы. Ол Абай шығармаларын, қаламгер Арман Қанидың, т.б. бірқатар шығармашылық иесінің өлеңдерін орыс тіліне аударған.
Ал Виктор Гавриловичтің «Мәшһүр шыңы» атты поэмасын 2006 жылы әйгілі ақын Кәкімбек Салықов ана тілімізге тәржімалаған

Виктор Семерьянов қаламдас досы ақын Арман Қани ақын жайлы:

– Ол әйгілі жерлесіміз Мәшһүр Жүсіп жайлы алғашқылардың бірі болып көлемді еңбек жазып, қазақ тарихы, әдебиеті мен мәдениетіне ғашық екендігін, қаншалықты қанық екендігін көрсетті. Аталған еңбегі еліміздің әр түкпіріндегі қазақ қаламгерлерінің арасында зор бағаға ие болды, - дейді.

Сондай-ақ, қаламгер «Иртышские напевы», «Ступеньки», «День поэзии». «Высокий берег», «Незакрытая калитка», «Я тебе расскажу», «Зимняя радуга», «Гусиный перелет», «Звонок старому другу», «Песнь о батыре Жасыбае» және басқа да кітаптары мен жыр жинақтары жарық көрген.

Қаламгердің бірқатар өлеңдерін өз ақындарымыз қазақ тілінде сөйлеткен болатын. Қазақпен жаны егіз, сыры мен жыры егіз қаламгерге шалқар шабыт пен баянды ғұмыр тілей келе, оқырман қауымға орамды шумақтарын ұсынамыз.

 

Лебіздер

Көрнекті ақын, аудармашы Виктор Гаврилович Семерьяновты 80 жасқа толу мерейтойымен құттықтаймыз. Қаламгердің әйгілі жерлесіміз Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің болмысын, тұлғасын орыстілді әдебиетсүйер қауымға насихаттап, паш етудегі еңбегі орасан. Виктор Гавриловичке зор денсаулық, шалқар шабыт, бақытты да баянды ғұмыр тілейміз!

«Сарыарқа самалы» газетінің ұжымы.

* * *

Қазақстан Жазушылар одағының Павлодар облыстық филиалы белгілі ақын Виктор Гаврилович Семерьяновты 80 жылдық мерейтойымен құттықтап, мықты денсаулық, ұзақ та бақытты ғұмыр, шығармашылық табыс тілейді.

Арман ҚАНИ, Қазақстан Жазушылар одағы Павлодар облыстық филиалының директоры, ақын.

saryarka-samaly.kz