Павлодар қаласы мен ауданның басшылығы, облыстық мәслихат депутаттары, Павлодар ауылы жергілікті қауымдастық өкілдерінің қатысуымен өткен жиында аталмыш мәселе жан-жақты сараланды. Павлодар қаласының әкімі Нұржан Әшімбетов осыдан шамамен 30 жыл бұрын қаланың басқаруына берілген ауылдың тарихы бай, болашағы зор екенін атап өтті.

- Бір кездері Павлодар ауылы Павлодар ауданының құрамында болды. Өткен ғасырдың соңғы онжылдығындағы қиын-қыстау кезеңде Павлодар қаласының шекарасына еніп, бірқатар жұмыс атқарылды. Ал қазіргі уақытта ауылды да, ауданды да көркейтіп, дамыту үшін одан да іргелі істер атқарылуы тиіс. Сондықтан Павлодар ауылының аудан орталығына айналуы тұрғындар үшін тиімді болмақ, - деді Н.Әшімбетов.

Павлодар ауданының әкімі Александр Бабенко да басым тұстарға тоқталды. Павлодар ауылын дамытудың кешенді жоспары газетіміздің бейсенбі,
21 қыркүйек күнгі нөмірінде кеңінен таныстырылған болатын. Оған сәйкес, елді мекенде түрлі нысан бой көтеріп, инфрақұрылым жақсара түспек. Бұл өз кезегінде әлеуметтің әлеуетінің артуына, экономикалық дамуға оң серпін береді.

Конференцияға қатысқан ауылдықтар өз ой-пікірлерін ортаға салды. Мәселен, Дүйсенғали Алдоңғаровтың айтуынша, ауылдың аудан орталығына айналуынан жергілікті тұрғындар ұтпаса, ұтылмайды.

- Балаларымды аптасына бірнеше рет облыс орталығындағы үйірмелерге апарамын. Бұл қолайсыздық тудырмай қоймайды. Егер ауылымызда мәдениет үйі, спорт кешені ашылар болса, жеткіншектердің ауылда шығармашылығын шыңдап, спортпен айналысуына мол мүмкіндік туады. Сондықтан алға жылжып, бұл бастаманы қолдауымыз қажет, - деді Д.Алдоңғаров.

Жанарыс есімді тұрғын да ауылдасының пікірін қостады.

- Осыдан 20 жыл бұрын еліміздің астанасы Алматыдан Ақмолаға ауысты. Небары 10 жыл ішінде Астана қаласы, 3 жылда ЭКСПО қалашығы тұрғызылды. Сол сияқты ауылымыз Павлодар ауданының орталығына айналса, елді мекен дамып, өркендей түсеріне сенімдімін. Өзгерістен қорықпай, оң нәтижеге сену керек, - деді ол.

Қарсы пікір білдірушілер де табылды. Ауылдың бұрынғы әкімі Валентина Забегалина бастамаға күмәнмен қарайтынын жасырмады.

- Ұсынылып отырған даму жоспары жақсы әрине, бірақ оның орындаларына сену қиын. Талайдан бері орталықтандырылмаған су мен жылу жүйесі енді қалай қолжетімді болмақ? - деген ойын бүгіп қалмады.

Жан-жақты талқылаудан соң конференцияға қатысушылар Павлодар ауылын Павлодар қаласынан бөлуге қатысты дауыс берді. Нәтижесінде 61 адам жақтап,
3 тұрғын ғана келіспейтінін көрсетті. Жақтаушылар саны көп болғандықтан, елді мекен қала құрамынан шығарылды. Ендігі кезекте оның Павлодар ауданының орталығына айналуына байланысты қадамдар жасалмақ. Айта кетелік, жыл басында ауданда өткен конференция нәтижесінде тұрғындардың 87 пайызы бастамаға қолдау көрсетіп, 4 пайызы қарсылық танытып, 9 пайызы дауыс беруден қалыс қалған еді. Қазіргі таңда Павлодар ауылында 6700 адам тұрады.

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА

saryarka-samaly.kz