Тұсаукесерде сөз алған журнал редакторы Сайлау Байбосынның айтуынша, басылымның меншік иесі – Ерәділ Түсіпбаев жетекшілік ететін «Баянауыл ауданының рухани даму қоры». Жылына төрт рет шығатын журнал бұл жолы
110 бет болып жарық көрді. Сүйінші нөмірге Зекебай Солтанбаевтың «Мәшһүр Жүсіп – әлемдік тұлға», Сүлеймен Баязитовтің «Мәшекеңнің тұрмыс жайында...» мақаласы хақында, Сайлау Байбосынның «Мәшһүр Жүсіп пен Хамбо-лама», «Көпшілік Көпей сопыны біле ме екен?» атты мақалалары енгізілген. Сонымен бірге белгілі дін қайраткері, ғалым, аудармашы, фольклоршы Сәдуақас (Сәкен) халфе Ғылманидің (1890-1972 жж.) «Мәшһүр Жүсіп жайлы біраз сөзі» де - оқырман қызығушылығын тудыратын аса құнды материал. Шахталы шаһар аспанынан мезгілсіз ағып түскен жұлдыздай болған марқұм Алмагүл Жүгінісованың «Ұлбике» дастаны да журналдың жаңа нөмірінен табылды.

Тұсаукесер жиында өлкетанушы, Екібастұз қаласының құрметті азаматы
Серік Жақсыбаев «Ақбеттау» атауының төркініне тоқталса, бірқатар оқырман басылымның жиілігін арттырып, бетін көбейтсе деген ұсыныс-тілектерін білдірді. Алдағы уақытта «Қазпошта» каталогынан орын алатын «Ақбеттаудың» келесі нөмірі қазақтың тұңғыш режиссері Жұмат Шанинге арналмақ. Олай болса, сөз қазынасымен қазақ руханиятын байытуға бет алған «Ақбеттаудың» зерделі оқырманы көп болсын дейік.

Жанар ӘБДІКӘРІМ,
Екібастұз қаласы.

saryarka-samaly.kz