Байқауға облыс көлемінен 5 отбасы, атап айтайық, Екібастұздан Дархан-Эльмира Төлеубаевтар, Лебяжі ауданы Қызылқоғам ауылынан Қуандық-Балжан Мүбәрактің отбасы, Успен ауданынан Зұлқырнай-Бақытжан Ермұраттың отбасы, Майқайың кентінен Амангелді-Сәмира Қайрат, Ертіс ауданының И.Байзақов ауылынан Сержан – Нұргүл Дәлелханның отбасы қатысты.

Үміткерлер отбасын таныстыру, қол өнері бұйымдарын жасау, отбасындағы қызықты оқиғаны сахналау, «Өзім жайған дастархан» атты тағам әзірлеу және ән айтып, би билеуден өнер көрсетті.

Таныстыру сынынан Аманкелді отбасы, қолөнерінен жылқышы Қуандық, қызықты оқиғаны сахналау мен тағам әзірлеуден Төлеубаевтар мен Ермұраттың отбасы көзге түсті. Амангелдінің отбасы «Қара жорға» әнін айтып, балаларымен би билеп, жап-жақсы өнер көрсете білді. Төлеубаевтар байқауға «Рухани жаңғырудың» символикалық белгісін ерекше бір тапқырылқпен жасапты. Көңілге қонымды. Дәлелханның отбасы ұсақ қиындылардан шеберлікпен құрастырылған төр көрпе, бізкестемен кестеленген жастықша, Амангелдінің отбасы төр көрпе, маржаннан тоқылған алма мен құмыра секілді әдемі бұйымдар жасап әкелген екен. Жалпы, байқауға қатысушылардың әрқайсысы ұлттық және өнерге арналған сәнді киімдерімен кезекпен сахнаға шығып, отбасылық салтын, өнерін бар қырынан көрсетуге тырысты. Талапты Інжумаржан Ермұрат - Мұқағали ақынның «Үш бақытым» өлеңін мәнерлеп оқығаны сүйсінтті. Байқау қорытындысын қазылар алқасының төрайымы «Шаңырақ» халық шығармашылығы орталығының басшысы Риза Аяпбергенова жариялады. Отбасылық байқауда 1-орынды майқайыңдық Амангелді-Сәмира Қайрат, 2-орынды лебяжілік Қуандық-Балжан Мүбәрак, 3-орынды екібастұздық Дархан-Эльмира Төлеубаевтар иеленді. Інжумаржан – «Көрермен көзайымы» атанса, Зұлқырнай-Бақытжан Ермұрат «Өнерлі отбасы», ал Сержан-Нұргүл Дәлелханның отбасы «Өнегелі» отбасы аталымын иеленді.

Байқауға қатысушылар арнайы дипломмен, ақшалай сыйлықтармен марапатталды.

С.ТАУҚЫЗЫ.

saryarka-samaly.kz