Бұл туралы «Қазгидромет» мекемесінің өкілдері хабарлады. Мамандардың айтуынша, бас шаһарда тек бір ғана құрылғы орнатылған. Қазір ол сынақтан өткізіліп жатыр. Қолданыстағы ресейлік құрылғыларға қарағанда, финдік ноу-хаудың артықшылығы көп деседі. Көлемі шағын, мобильді әрі арнайы жер бөлуді қажет етпейді. Құралды бағана дуал немесе ғимараттың төбесі сияқты кез келген жерге қоюға болады. Энергияны күн көзінен алатын өлшеуіштің дәлдігі де жоғары. Бірақ бір кемшілігі, аппараттың азот оксиді мен күкіртті сутекті анықтауға арналған сенсоры жоқ. Қазір фин тарапы осы олқылықтың орнын толтырумен айналысып жатыр.

- Тестілік жұмыстар біткеннен кейін егер алынған нәтижелер біздің автоматты бекеттеріміздегі нәтиежелермен сәйкес келіп жатса және де осы жылдың аяғына дейін «Вайсал» компаниясы датчиктерді осы екі компонентпен толықтыратын болса, онда «Қазгидромет» басшылығы оны қолдануға шешім қабылдап отыр, дейді «Қазгидромет» РМК зертханасының басшысы Дана Аманбаева.

Ал Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті ғалымдары мен Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты сарапшыларының айтуынша, халықаралық шараның маңызы мен тиімділігін бағалайтын кезең жаңа басталды. Алдағы уақытта баламалы қуат көздерін өндіру ісі тіптен қарқын ала түспек. «ЭКСПО» көрмесіне Қазақ ұлттық университетінің ғалымдары 9 серпінді жоба ұсынған.
Енді оны өндіріске енгізу жағы қаралмақ.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің оқытушысы Самат Қайратұлының айтуынша, аталмыш көрме «жасыл» энергетиканы, табиғаттың күштерін пайдалану арқылы өзіміздің индустриалды деңгейді, білімді, ғылымды дамыту, жастарды осы салаға бағыттау мақсатында серпін күш береді.

Энергетика саласының сарапшысы Ильхам Шабанның пікірінше, қазақ елі «жасыл» экономикаға негізделген болашаққа қарай кетіп бара жатыр. Қазақстан –
көмірсутегіне бай мемлекет. Мысалы, жылына 80 млн. тоннадан астам мұнай мен 40 млрд. шаршы метр газ өндіреді. Алайда ол қуат көздерін үнемдеуге бағытталған «жасыл» экономикаға басымдық береді. Сондықтан Қазақстан осындай ірі іс-шараны өткізіп, тың технологиялардың басын қосты. Алдағы он жылда энергетика саласындағы технологиялар қалай дамитынын өзге мемлекеттерге паш етті.

Нұрбол ЖАЙЫҚБАЕВ

saryarka-samaly.kz