Ертістің Кереку-Баянауыл өңіріндегі жас таланттардың бірі Еламан Төлеутайдың өлеңдерінде ой мен сезім өзара үндесіп өріліп жатыр. Университет аудиториясында жүріп поэзия әлемінің табалдырығынан аттаған студент ақын өмір мен өлім, махаббат пен зұлымдық тәрізді аса күрделі мәңгілік тақырыптарды Шығыс шайырларынша сызылта жырлайды. Пәлсапалық ойларын бейнелі сөздермен бедерлеп беруге құштар, әсірелеп кесек сөйлеуге де бейім.

«Маңдайымды Ұлылардың қасиетті
күрсінісіне сүйгізіп,
Таңдайымды көз жастарының
қасіретті дәміне күйдіріп,
Мен сол Өлім тауының қатпар-қатпар
көкірегін қарс айырып,
Алып ұйқыдағы Жүрегіне жыр жазып,
жұлқуға аттандым,
Алдыма Әлемді уәзірше бас идіріп», - дейді «Сертбастау» өлеңінде.

Тармақтардың бунақтары мен буындарының әркелкілігі, ішкі ұйқастардың жиі кездесуі - Еламанның формалық ізденістер үстінде жүргендігінің белгісі сияқты.

«Кешірсе мені ғалам кешірер,
Анам кешірер үндемей.
Өсірсе мені Далам өсірер,
өсексіз,
сөкпей,
күндемей.
Қорғаса мені алып қорғайды,
Ол алыпты мен Тау дедім.
Қорласа мені даңқ қорлайды,
О даңқты мен Жау дедім» - деп жырлайды. Дұрыс-ақ!

Осындай ойлы шумақтар зерделі оқырманды бейжай қалдырмас. Тек бір «әттеген-айы» кейде ішкі ұйқастарға тым әуестенуі салдарынан туындаған:

«Түсінсе мені Қалам түсінер,
адам түсінер демеймін.
Түсірсе мені адам түсірер,
Қалам түсірер демеймін...» тәрізді ой қисыны жағынан үйлесімсіз жолдар ұшырасады. Өйткені «Адам» мен «Қалам» сөздері ұйқасқанымен, мән-мағынасы бір-біріне кереғар емес, сондықтан екеуін қарама-қарсы мағынада пайдалануға болмайды ғой. Сірә, «Жаратылыс» өлеңіндегі сол шумақ: «Түсінсе мені Адам түсінер, Пенде түсінер демеймін. Түсірсе көрге пенде түсірер, Адам түсірер демеймін...» - деп жазылса, адамгершілік пен пендешілік ұғымдарының киесі мен кесапаты айқын көрініс тауып, айтылар ой нақтыланатын шығар.

Әрине, сөз патшасына деген ақ адал көңілін әспеттейтін әрі мехнатты шығармашылық жолында сағы сынбай, сағым арасындағы алыс армандарына өршелене ұмтылатын рухты жастар күні ертең-ақ ақындық шеберлікке де қол жеткізетіні анық. Еламан да солай. Өз басым көп уақыт өтпей-ақ Еламан Төлеутайдың көкірегіндегі мөлдір ойлар мен жүрегіндегі ақ бұрқақ сезімдердің тумысы өзгеше бекзат өлеңдерге айналатынына бек сенімдімін. Жас таланттың шығар шыңы биік болғай!

Арман ҚАНИ, Қазақстан Жазушылар одағы Павлодар облыстық филиалының директоры.

saryarka-samaly.kz